«Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы
2022 жылдың жазында Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің қызметкерлері «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Красногорск қаласындағы Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивіне іс-сапармен барды. Аталмыш бағдарламаның мақсаты - алыс және жақын шет мемлекеттердің архивтерінде сақталған Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттарды анықтап мүмкіндігінше көшірмесін алып келу. Осылайша, атқарылған жұмыс нәтижесінде Ресейлік архивтің қорынан көптеген құнды аудиовизуалды құжаттар анықталып, көшірмелері алынды. Бұл құжаттар 1925-1982 жылдар аралығындағы республикамыздың тыныс тіршілігін, яғни саяси және мәдени өмірін айқындайды. Аталмыш фотоқұжаттардың арасында Қазақ КСР-ның мәдениетін суреттейтін, нақтырақ айтсақ 1936 және 1958 жылдардағы Мәскеуде ұйымдастырылған Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндіктеріне қатысты фотоқұжаттар ерекше көзге түседі.
Өнер мен әдебиеттің онкүндіктері КСРО-ның одақтас және автономиялық республикалары өнерінің жетістіктерін көрсететін іс-шара болып табылатыны барлығымызға белгілі. Онкүндік аясында кәсіби және әуесқой ұжымдардың спектакльдері, концерттері, эстрадалық бағдарламалары, цирк әртістердің қойылымдары, көркем өнерпаздарының өнерлері, жазушы және композиторлардың кештері, суретшілердің көрмелері, және т.б. ұйыдастырылып, салтанатты қорытынды концертпен аяқталған.
Қазақ мәдениеті тарихындағы маңызды оқиға Мәскеудегі 1936 ж. қазақ өнері мен әдебиетінің алғашқы онкүндігі болды. Мәскеу театрларының сахнасында Е.Брусиловскийдің "Қыз – Жібек" және "Жалбыр" халық музыкасы негізінде жасалған опералары көрсетілді. Спектакльдерді Қазақ музыкалық театрының жас ұжымы сахналады. Қазақстандағы алғашқы ұлттық театр осыдан 10 жыл бұрын – 1926 жылы құрылған, ал 1934 жылға дейін опера солистері драмалық актерлермен бір сахнада өнер көрсеткен. Нәтижесінде Мәскеулік журналистер қазақ өнер майталмандарына тәнті болып "Қыз Жібек" премьерасы туралы жақсы пікірлер жазған.
1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінің қатысушысы, қазақ би өнерінің ханшайымы, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Шара Жиенқұлова «Өмірім менің – өнерім» кітабында бұл күндерді былай есіне алады: «Москваға 1936 жылы 5 май күні аттандық. Арнаулы поезд кәдуілгі ұзатылған қыздай: жалаулатып, ұрандатып жан-жағына қызыл маталар ұсталған; іші думан, әрі вагонда шырқалған ән, күмбірлеген күй, әзіл-қалжын, сыңғыр-сыңғыр күлкі. Қазақтың не бір ығайы мен сығайы, еркесі мен бөртесі бар бұл состав шыныменен тарих керуені іспетті, қазақ қазақ болғалы, іргелі ел болғалы мұндай сапар – тұңғыш сапар...Қазан вокзалына 10 май күні келіп түстік...Бізді совет өнерінің ірі қайраткерлері қарсы алды...».
Ресейлік архив қорында РГА КФД 0-9942 нөмірімен сақталған фотоқұжаттың андатпасында «Актриса Л.Черная преподносит цветы актеру Казахского государственного музыкального театра, народному артисту Казахской ССР Е.Умурзакову. г.Москва, 23.12.1958 г.» деп жазылған. Алайда бұл фотосуретте барлық кейіпкерлер анықталмаған. Фотоқұжатқа мұқият қарасақ, Мәскеуге келген қазақ делегациясының мүшесі, коғам және мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын-жазушы, Қазақ коммунистік журналистика институтының профессоры Сәкен Сейфуллинді (ортада) тануға болады. Сәкен Сейфуллиннің 1936 жылы өткен онкүндікке қатысқанын Шара Жиенқұлованың естелктерінен де білеміз. «Өмірім менің – өнерім» кітабында Шара Жиенқұлова Кремльдің Георгиев залындағы Қазақстан мәдениет қайраткерлерінің мәскеулік өнер қызметкерлерімен шығармашылық кездесуде Сәкен Сейфуллинді көргенін еске алып былай деп жазады: «Сымбатына салтанаты сай бұл ардагер ағаның бетіне тіке қарап сөйлеуден де именетінбіз. Мойыл көздері нұр жайнап, бір қарағаннан жүзінді шарпып алатын ғажайып сұлулығына сұсты тәкаппарлығы тура келген, қазақ поэзиясының жалауын қолында алаулатып жүрген бүкіл Одаққа мәшһүр адам...».
Шара Жиенқұлованың өмірбаянына көз жүгіртетін болсақ 1930-шы жылдарда театр ұжымының жиналысы нәтижесінде ол және жұбайы Құрманбек Жандарбеков әріптестерінің шешімі бойынша шығу тектері бұрыңғы қазақ интелленгенциясынан (болыс, бай ұрпақтары) болғандықтан партиядан, тіпті жұмыстан да босатылған болатын. Жаңа жұмысқа орналасу үшін ерлі-зайыптылар Бішкекке көшуге, сол қалада ашылған жаңа театрға орналусаға шешім қабылдайды. Шара Жиенқұлова «Өмірім менің – өнерім» кітабында бұл күндерді есіне былай алады: «Қырғызстанға баруға ақыр келісті. «Өзініз құратын театрды өзіңіз басқарасыз» деп қырғыз ағайындар, үлкен өтініш білдіріп жатса, мына жақтан арадай талап, «байдың сұлуына үйленіп, селкілдеп жүр» деген іштарлық сылтаумен басына қамшы сілтеп жатса, бір жағынан ол қалайда шығуға тиісті еді».
Қазақ КСР-ның халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенев бұл киын кезеңнен алып шығуға үлкен үлес қосты. Құрманбек пен Шара заттарын жинап, Қырғызстанға кетуге дайындалып жатқан жерден, оларды, сондай-ақ Қанабек және Күләш Байсейітовтарды кабинетіне шақырып, Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысымен музыка театрын құрылатынын мәлімдеді. Құрманбек пен Шараның басындағы жағдайды естіп, төбе шашы тік тұрып, дереу театрға қайтару туралы шешім қабылдады.
Кейінен Т.Жүргенев балет өнерін кәсіби дәрежеге жеткізу үшін Мәскеудегі Үлкен театрдың бишісі әрі балетмейстрі А.Александровты Алматыға шақырды. Ол кісіден Шара кәсіби балет қимыл-қозғалыстарын үйренді. Сондай-ақ Шара өзбекістандық әйгілі Тамара ханумнан да би өнерінен дәріс алды.
Осылайша, Шара Мәскеу қаласында өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіктерінде жарқырап шығып, жергілікті тұрғындарды таң қалдырып, сахнада тамаша өнер көрсетті.
Шара Жиенқұлова 1958 жылғы Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігін былай деп еске алады: «...бірінші онкүндікте биде жалғыз өзім барып, ал екінші онкүндікте көш бастаған серкедей, үлкен бишілер коллективімен барғандығым еді... 1958 жылдың 21-декабрінде Үлкен театр сахнасында қорытынды концерт өтті, менің қырық қызым қатысты. Сахна төрінде қызғалдақ гүлі бейнеленген үлкен шымылдық, қырық қызым жауқазынның ашылған жапырағындай құлпырып әсем өрнек сызады. Бәрінің үстерінде жез түсті сарғыш капрон көйлек, сол түстес мақпал камзол, камзолға үйлес құндыз бөрік – қырдың сырғалдағындай көз тартар еді. Орталырында қызғалдақ бейнесінде, кілең қызыл костюммен билеп мен жүрмін».
Биыл, 2022 жылы, кәсіби қазақ би өнерінің негізін салушы, биші, педагог Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл толып отыр.
РГА КФД 0-378035. Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Шара Жиенқұлова Қазақ өнері мен әдебиеті онкүндігінің қорытынды концертінде өнер көрсетуде (фотограф Вдовенко Б.Е.). Мәскеу қ. 1958 ж.
РГА КФД 0-378055 нөмірімен сақталған фотоқұжаттың андатпасында «Участник художественной самодеятельности во время выступления на заключительном концерте Декады казахского искусства и литературы. г.Москва, 23.12.1958 г.» деп жазылған (фотограф Вдовенко Б.Е.). Бұл фотосуретке мұкият қарасақ, қазақтың жез тандай әншісі, Қазақ КСР-ның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевты тануға болады.
Бұл фотоқұжаттар еліміздің мәдениет саласындағы тарихын айқындайтын құнды құжаттар болып табылады. Осылайша, «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры құнды фотоқұжаттармен толықтырылды.
Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің
Архив қорын толықтыру және ведомстволық архивтер бөлімінің басшысы Ш.У. Есенғазиева