Көп балалы аналарға мүмкіндік мол

928

Батыс Қазақстан облысында көп балалы, кәсіпкер әйелдердің сандары күн санап өсуде. Бұдан облыс экономикасының өсуін де байқауға болады. Солардың бірі ретінде ауылда болса да, демографиямен қатар өңірдегі шағын кәсіпті дамытуға өз үлесін қосып жүрген көпбалалы ана Боранқұлова Анаргүл Қаламғалиқызы туралы айта кеткіміз келеді.

Жеке кәсіпкер 1983 жылы 4 ақпанда Сырым ауданы, Шағырлой ауылында дүниеге келген. 1999 жылы мектеп бітіріп, 2000 жылы тұрмыс құрған. Көп балалы ана. 3 ұл, 3 қызы бар. Күміс алқа иегері. Мамандығы - аспазшы. Түрлі жеке шаруашылықтарда қызмет атқарған.

Жұмыспен қамту орталығы арқылы 2019 жылы 505 мың теңге қайтарымсыз грант алып үйінен нан пісіру кәсібін ашқан. 2020 жылы карантинге байланысты жұмыссыз қалып, өз кәсібін ашуды ойлаған.

«2012 жылдан бастап «Тамаша» мейрамханасында аспазшы болып жұмыс жасадым. Көп тәжірибе жинадым, бастығым болған Нұрмыханова Аидадан көп нәрсе білдім, әрқашан қолдап отырады. Бірақ, 2020 жылы карантин кезінде біз жұмыссыз қалдық. Балалалар өсіп келе жатты, балаларыма карантин кезінде ақша табу қиынға түсе бастады. Көп балалы анамын, маған ананы беріңдер, мынаны беріңдер деп ешкімге қол жайған емеспін. Мемлекеттің берген жәрдемақысына ғана қарап отырмай, еңбек етуді ешқашан ұмытқан емеспіз. Бір күні қайтарымсыз грант алып, оқып жатқан жастарды мейрамханадан көрдім. Грант берушілер біздің мейрамхананы жалға алып, күнде сабақ өтетін. Жұмыста жүріп менде де қызығушылық туды. Мен де неге оқымасқа деп жұмыспен қамту орталығына бардым. Көп балалы ана ретінде ала алатынымды айтты. Оқыдым, грантты алдым. Енді, қандай кәсіп ашамын дегенде, пеш сатып алып, нан пісіріп, сата бастадым. Бірінші көршілерге, кейін әкімшілік жақта саттым»,— дейді Анаргүл ханым.


Нан сату аздау болған соң үйден әртүрлі бәліштер жасап сатуды қолға алған екен. Көп тапсырысты үйден жасау қиындық туғызғасын, жеке ғимарат іздестіріп, орталықтан иесіз қалған үйді табады. Несие алып, сол үйді сатып алып, жолдасымен бірге жөндеп, «Береке» асханасын ашып 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Әлі де кеңею үстіндеміз. Асхананың жалпы сыйымдылығы 24 орынды құрайды. Алдағы уақытта кәсібді кеңейтіп, банкет залын және наубайхана ашу жоспарда бар.Біртіндеп-біртіндеп алға мақсат қойса, жетуге болатынына көзіміз жетті. Кейде сауда болмайтын кездер де немесе шаршаған кездер болады. Сонда да берілмейміз. Кейде қосымша қонақ шақырған үйлердің дастарханын да дайындап беремін. Балаларымыз үшін еңбектенудеміз. Жолдасым мектепте күзетші. Бос уақытында әрқашан көмектеседі. Екі студент қызым бар. Олар да бос уақытында көмектеседі. Ұлдарым да ұнымды әкеліп, қолғабыс беруде. Сондықтан, еңбектенсек, бәріне жетеміз»,— деп сөзін қорытындылады ол.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket