Бұ не мазақ: алғанда іскер, төлейтін сәтте «борышкер»

2817
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің әр аймағында құрылыс жұмыстары бір сәт тоқтаған емес. Қақаған қыста да, ми қайнатар ыстық жазда да құрылыс жұмыстары дамылсыз жүріп жатады. Құрылыс нысандарында арнайы техникалар тыным таппастан жұмыс істейді. Еліміздегі құрылыс компанияларының көбі құрылыс техникаларын жалға алу жүйесі арқылы жұмыс жасайды. Бұл әлемде бар тәжірибе және қаржылық мүмкіндігі аз компаниялар үшін тиімді. Алайда оның өз тәуекелдері бар десек те болады. Оған мақала барысында көзіңіз жетеді.

2015 жылдың 26 қарашасында Қарағанды қаласында басшысы Хасенов Дулат болып табылатын «Kemenger» ЖШС мен директоры Джубанышева О.С болып табылатын «ISS Engineering» ЖШС арасында нөмірі 89/11-15 келісімшарты жасалды. Келісімшарт бойынша «Kemenger» ЖШС-і өзінің құрылыс техникаларын «ISS Engineering» ЖШС жалға беруге келісті. Келісімшартта айына 280 сағатқа құрылыс техникасын жалға алу келісілді. Жалға берші жалға алушыға екі күннің ішінде құрылыс техникаларын жеткізіп берді. Осылайша тараптар қол алысып, жұмысты бастап кетті.

Дегенмен келісімшартта тайға таңба басқандай көрсетілген талаптар өкінішке орай көп ұзамай жалға алушы тарапынан бұзыла бастады. Құрылыс техникаларын жалға алушы «ISS Engineering» ЖШС келісімшартта жазылған уақытта қаржыны бірнеше мәрте өтемеді. 2016 жылдың 13 қазанында «Kemenger» ЖШС тарапынан «ISS Engineering» ЖШС тарапына арнайы хат жазылды. Хатта «ISS Engineering» ЖШСнің 35115404 теңге берешек екені айтылады. Жалға беруші тарап жалға алушының қыруар қарызына қарамастан өз тарапынан келісімшартта бекітілген міндеттемелерді орындауды бір сәтке болсын тоқтатпаған, керісінше тек қаржыны өтеу керектігі жайында ауызша ескерту жасап келген. Сонымен қатар жалға алушы қаржыны уақытылы төлемегендіктен «Kemenger» ЖШС ақшалай тапшылық сезініп, өз қызметкерлерінің айлығын беруде қиналғандығын айтады. Хат соңында қарызды он күннің ішінде өтініп, талап орындалмаған жағдайда сотқа жүгінуге мәжбүр болатынын ескертіпті.

Алайда айтылған сөз сол жерде қалған сыңайлы. Себебі 2017 жылдың 9- ақпанында «Kemenger» ЖШС тарапынан «ISS Engineering» ЖШС-не қарызды өтеу керектігі жайлы ескертпе хат келіп түсті. Онда қарыздың көлемі 34998737 теңгені құрайтыны, хатты алғаннан кейін 10 күн ішінде төлемді жасау міндетті екені жазылған. Алайда «ISS Engineering» ЖШС бұл хатқа мүлде жауап бермеген, сол себепті де 2017 жылдың 19 сәуірінде компанияға кезекті хат жіберілді. Онда дереу арада қаржыны төлеуді сұрап, хатқа жауап беруді талап еткен болатын.

«Kemenger» ЖШС-не 2017 жылдың 21-қыркүйегінде «ISS Engineering» ЖШС-нен жауап хат келіп түсті. Онда Қарағанды облысының арнайы экономикалық соты 2017 жылдың 24-тамызында «ISS Engineering» ЖШС қаржы төлеуге қабілетсіз деп шешім шығарғаны жазылған. Осылайша жалға алушы жалға берушіден бұғатталған есепшоттарды ашуды сұрапты. Есепшоттарға қаржы түсіп, оның 30 пайызын жалға беруші алдындағы қарызын өтеу мақсатында аударып отыратынын жазған. Алайда қаржы түсу үшін уақыт керектігін де айта кетіпті. Осылайша қаржы төлеуді реттеу туралы келісімге қол қоюды сұраған.

2017 жылдың 2-қазанында «Kemenger» ЖШС жауап хат жазып, «ISS Engineering» ЖШС тарапынан бірнеше алдау фактілері болғанын келтіре кетеді. Яғни экономикалық сотқа жүгініп, өзінің қаржы төлеу қабілетінің жоқтығын жасату бойынша процесс болатындығы жайлы ақпараттандыру хатын жазбаған. Сонымен қатар өзінің әрекеттері арқылы «Kemenger» ЖШСны банкроттық жағдайға әкелетіндігін ескертіп, қаржы төлеуді реттеу туралы келісімге қол қоймайтынын нақты айтады.

Cол жылдың 24-қазанында «ISS Engineering» ЖШС тағы бір хат жазып, келісімге келуді сұрайды. Сол арқылы банкрот болудан компанияны сақтап, жалға беруші алдындағы қарызын өтеуге мүмкіндік беруді өтініпті. Сондай-ақ, 27-қазанда өтетін талқылауға қатысып, мәселені екі компания бірлесе отырып шешуді сұраған.

Артынша «ISS Engineering» ЖШС қаржыны өтеудің орнына бірнеше мәрте экономикалық сот арқылы жалға берушімен отырыс өткізіп, жаңа келісім жасауға ұсыныстар жасаған.

2021 жылдың 20-мамырында, «Kemenger» ЖШС хат жазып, 33498206 теңге қарызды өтеуді сұрайды. Бұған дейін жалға алушы тарап бір мәрте ғана қарызын өтеген, яғни бастапқыда жазған қарызымыздың 1500501 теңгесін ғана аударған. Бір мәрте. Артынша қайта қаржы аударуды доғарған.

Аталмыш хатқа қарыз тарап, яғни «ISS Engineering» ЖШС Қарағанды облысының арнайы экономикалық сотының шешімі бойынша 5 жылға «Оңалту және банкроттық туралы» заңының аясында арнайы шешім шығарып, қаржылық мәселесін реттеуге көмектесетін шешім шыққанын айтады. Оның ішінде 2018-2023 жылдар аралығында қаржылық жағдайын реттестіруге қатысты мүмкіндік берілген. Сондықтан қарыз тарап қарыздың қалған бөлігін қаржылық мүмкіндігіне байланысты 2023 жылға дейін төлеп бітіреміз деген жауапты беріпті.

Бұл компанияға бейресми дереккөздер бойынша Әсет Исекешевтің туысы Ерлан Исекешевтің де қатысы болуы мүмкін дейді. Мысалы Ерлан Исекешев «ISS Corporation» көпсалалы компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы. Ол Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін де атқарған. Ұзақ жылдар бойы түрлі басқарушылар қызметінде болған. Мысалы «ISS Corporation» компаниясының директорлар кеңесінің басшысы, «Самұрық Энерго» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, «Falah Partners» инвестициялық қорының мүшесі (2009-2011 гг.), «KazynaCapitalManagement» АҚ компания басшысының кеңесшісі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «Қарағанды Жылу» ЖШС бас директоры «Қарағанды Жарық» бас директоры қызметтерін атқарған. Осынша көп лауазым атқарған Ерлан Исекешевтің де бұл компанияға қатысы болуы мүмкін деген жорамалды жоққа шығаруға болмас.

Бұл не сұмдық? Келісімшартты бірнеше мәрте бұзып, артынша арнайы сот арқылы шешім шығартып, 2015 жылы жасалған келісімді созбақтатып сағызша созып, жалға беруші компанияны қаржылық тұрғыдан әбден титықтатып, кейін «қаржымыз болғанда төлейміз ғой» деген сыңайдағы жауап қайтарған компанияның әрекетін қалайша ақтап алуға болады?!

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер