АҚШ президенті болып қайта сайланған Дональд Трампты ұлықтау салтанатына он күн қалғанда, оған қатысты қылмыстық істің үкімі жарияланатыны белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеп.
Трамп порножұлдыз Сторми Дэниэлске ауызбастырық ретінде ақша төлегенін жасырып, жазбаларды бұрмалағаны үшін айыпталған. Істі қараған судья Хуан Мерчан қаңтардың 10-ы күні үкім жариялайтынын мәлімдеді.
Судьяның айтуынша, Трампқа түрме жазасы тағайындалмайды. Ол жеңіл жаза, мысалы, айыппұл немесе пробациялық бақылау мүмкіндігін қарастыруда. Сот үкіміне Дональд Трамп жеке өзі қатыса алады немесе бейнебайланыс арқылы қосылуға рұқсат етілді.
Мамыр айында қазылар алқасы Трампты 34 айып бойынша кінәлі деп тапқан еді. Дегенмен, Трамп бұл айыптарды мойындаған жоқ. Оның адвокаттары президенттік иммунитетке сүйене отырып, істі тоқтатуды талап етті, алайда сот үкім шығару рәсімін кейінге қалдырғанымен, оны мүлдем тоқтатқан жоқ.
Бұл іс Трампқа қатысты шығарылған жалғыз қылмыстық үкім болып отыр. Саясаткер Нью-Йорк соттарына шағымдануға құқылы. Бұған дейін Трампқа қарсы екі федералды іс оның сайлануына байланысты тоқтатылған. Ал Джорджиядағы сот ісі сайлау заңнамасын бұзуға байланысты уақытша тоқтап тұр.
Трампқа қатысты сот процесі өткен жылдың сәуірінде басталған. Бұл жағдай АҚШ тарихындағы президентке қарсы ең үлкен қылмыстық істердің бірі ретінде қарастырылуда.