Алматы облысында әйел күйеуінен 13 жыл бойы қорлық көргенін айтты

1242
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысында әйел адам 13 жыл бойы күйеуімнен қорлық көргенін мәлімдеп, көмек сұрады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы “Информбюроға” сілтеп.

34 жастағы Қамар Алпамыс жұбайының заңмен жазалануын талап етеді.

Ер адамның зілдей жұдырығынан жапа шеккен әйел полицияға арыз жазып, көмек сұраған. Жәбірленушінің айтуынша, құзырлы орган өкілдері 8 айдан бері шарасыз отыр.
Бүгінде ерлі-зайыптылардың 3 қызы бар.

Орта жастағы әйелдің айтуынша, күйеуі қол көтеруді неке қиған күннен 3 ай өткенде бастап, кейін әдет қылып алған.

"Мен сені бауыздап өлтіріп тастаймын деп мойынымды машинаның әйнектеріне қажады. Былай ішімнен ұрып, еңкейгенде бетімнен ұратын. 2023 жылы майда менің ішегім іріндеп кетті. Жарылып кетті. Соның салдарынан мен өмір бойы ана болу бақытынан айырылдым”, – дейді келіншек.

Тұрмыстық зорлықтың құрбаны болған әйел басынан өткен сұмдықты туыстарынан ұзақ уақыт бойы жасырып келгенін де жасырмады. Полицияға арыз жазып, “тиран” күйеуінің жазалануын талап еткен.

"Әділетсіздіктің буынан тұншығамын. 8 ай бойы 4 рет жауап бердім, 4 беттестіруге қатыстым. Ең мықты деген адамдардың өзі маған адвокат болса да, Қарасай аудандық полициясы ешбір қозғалыс жасап отырған жоқ”, – дейді келіншек.

Ал Алматы облыстық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін ғана хабарлады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде заңды шешім қабылдай отырып, мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шаралар қабылданатын болады.

"Құзырлы орган өкілдері қылмыстық іс бойынша күдіктінің бар-жоғын мәлім етпеді. Жәбірленушінің сөзіне сенсек, зорлық көрсеткен азаматты уақытша қамауға алмақ түгілі, шара қолданылмаған. Әділдік іздеген Қамар Алпамыс енді прокуратураға шағым түсірмек”, – дейді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі

Пікірлер