3 облыста балаларды заңсыз жұмысқа жеккен

1494

Биыл кәмелетке толмаған 14 балаға қатысты еңбек заңнамасын бұзу деректері анықталған деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жұмыс берушілер еңбек шартын жасамастан 14 жасөспірімді жұмысқа тартып, олар күні бойы еңбек еткен. Мұндай деректер балалар еңбегін қанауға қарсы ұлттық ақпараттық науқан барысында анықталды.

Іс-шара шеңберінде балалар еңбегін қанау мәселесі және бұл проблеманың бала мен қоғам үшін тигізетін салдары туралы түсіндіру жұмыстары, азаматтарды хабардар ету шаралары жүргізілді.

«Ақпараттық науқан еліміздің барлық өңірінде жүргізілді. Түсіндіру жұмыстары барысында Түркістан, Қарағанды және Ақмола облыстарында балалар еңбегін заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Дәмханада даяшы және құрылыс алаңдарында жұмысшы болып еңбек еткен он төрт жасөспірімнің құқығы бұзылды. Жұмыс берушілер оларды заңсыз негізде толық жұмысқа тартқан. Заң бойынша 14 пен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленуі керек. Сондай-ақ жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен еңбек шарттары жасалмаған»,– деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Балаларды еңбекке заңсыз тарту деректері анықталғаннан кейін жұмыс берушілермен және кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес, он төрт жасқа толған оқушыларға оқудан бос уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін жұмыстарды орындауға рұқсат етілетінін айта кеткен жөн. 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағаттан, 16-18 жастағы жасөспірімдер аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Бұл ретте, жұмыс беруші кәмелетке толмаған баланың өзімен, оның ата-анасымен, қамқоршысымен немесе бала асырап алған ата-анамен еңбек шартын жасауға міндетті.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы