Этникалық қазақ, бұрынғы әскери ұшқыш Наджибулла Абдул Халил өзін Қазақстан құқық қорғау органдары азаматтығынан заңсыз айырғанын айтып, егер туған елі Ауғанстанға депортацияланса, өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы KursivMedia тілшісі мәселенің мән-жайын білді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Наджибулла Абдул Халилдің сөзінше, бұл жағдайға экс-шенеунік Кәрім Мәсімовтің отбасы себепкер болған.
Тәліптерден қауіп және 30 жылдық еңбек
Абдул Халил 1986 жылдан бастап Кеңес Одағы тарапынан Ауғанстанда терроризмге қарсы күреске қатысқанын, сол себепті талибан оны дұшпан санайтынын айтты. 1993 жылы елден қашып шығып, Түрікменстанда паналаған, кейін 2000 жылы Қазақстанға қоныс аударған. 2021 жылы ол және отбасы мүшелері Қазақстан азаматтығын алған.
Көкшетауда ауылшаруашылық саласында кәсіп жүргізіп, 200-ден астам адамды жұмыспен қамтыған. Бірақ 2019 жылы оның сөзіне қарағанда, Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімов кәсіпті беруді талап етіп, бас тартқаннан кейін қысымдар басталған.
«Кездесуде «не кәсібіңнен бас тартасың, не сенімен менің ұлым айналысады» деп айтқан. Сол кезден бәрі құрдымға кете бастады. Кәрім Мәсімовтің әкесі қайтыс болды, ал оның өзі түрмеде отыр. Бірақ олардың заңсыз әрекеті адамдардың тағдырына әлі әсер етіп отыр. Әкемді салық төлемеді деп айтыптады. Қамауға алды. Бар мүлкімізді, жүргізіп отырған кәсібімізді тартып алды. Әкемді тек 2023 жылы босатты. Ал ол уақытқа дейін барымызды тартып алған еді», – дейді Әлижан Наджибуллаұлы.
2023 жылы Абдул Халил Қазақстан азаматтығынан айырылған. Ал жуырда оның әйелі мен балалары да азаматтықсыз қалған. Билік олардың қос азаматтық алғанын дәлел ретінде ұсынған, алайда отбасы бұл деректер жалған екенін айтады. Тіпті ұсынылған анықтамадағы фотосурет әлеуметтік желіден алынғанын дәлелдеген.
Отбасының айтуынша, Наджибуллаға қатысты 7 қылмыстық іс қозғалған, екі жыл қамауда отырған, бірақ ешқайсысы дәлелденбеген. Ұлы Әлижанның сөзіне қарағанда, барлығы Мәсімовтермен байланысты және қысым кәсіптен басталып, кейін азаматтық пен бостандыққа дейін жалғасқан.
Наджибулла Абдул Халил мемлекет басшысына хат жолдап, көмек сұрап отыр. Оның қазіргі мақсаты – өз құқықтарын қалпына келтіру және отбасымен бірге елде қалу.