19 наурыз күні АҚШ-тың ұлттық мұрағаты Техаста өлтірілген АҚШ-тың 35-президенті Джон Кеннеди, оның саясаткер бауыры Роберт Кеннеди және қара нәсілділердің құқықтары үшін күрескен белсенді Мартин Лютер Кингтің өліміне қатысты құпияланған құжаттарды жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"2025 жылғы 17 наурызда президент Дональд Трамптың нұсқауына сәйкес, президент Джон Ф. Кеннедидің өліміне қатысты құжаттар жинағының бұрын құпия болған барлық деректері жарияланады", – делінген мұрағат сайтында.
АҚШ билігі заң бойынша Кеннедидің өліміне қатысты барлық мәліметті 2017 жылға дейін толық ашуы керек болған. Алайда сол кездегі президент Дональд Трамп пен одан кейін билікке келген Джо Байден арнайы қызметтерге ақпараттың жариялануы АҚШ-тың мүдделері мен халықаралық қатынастарына қаншалықты зиян келтіретінін бағалауға қосымша уақыт берген.
Ол кезде жарияланған бірнеше құжат сенсацияға айналған жоқ. Президенттік екінші мерзімін бастағаннан кейін Трамп жаңа құжаттарды жариялау туралы жарлық шығарып, 18 наурызда оларды ашыққа шығаратынын мәлімдеді. АҚШ президентінің айтуынша, шамамен 80 мың бет құжат ешқандай редакциясыз жарияланған.
"Цифрлық құжаттар, соның ішінде бұрын құпия болған қызметтік жазбалардың PDF файлдары, 1962 жылғы Куба дағдарысынан кейін АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынастарда орын алған үрейлі атмосфераны сезінуге мүмкіндік береді, – деп жазады Reuters агенттігі.
Журналистердің бағалауынша, жарияланған құжаттардан бастапқы ресми нұсқадан айырмашылығы байқалмаған
Кеннеди 1963 жылғы 22 қарашада Даллас қаласында оққа ұшты. Ол президент қызметін небәрі үш жылға жетпейтін уақыт атқарды. Тергеу оның өліміне Ли Харви Освальдтың жалғыз өзі жауапты екенін анықтады. Освальд тұтқындалғаннан екі күн өткен соң өлтірілген.