Перизат Қайрат басқарған Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігі таратылуы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Әділет министрлігі мәлімдеді.
Аталған ұйым 2021 жылдың қазан айында тіркелген. Ал 2025 жылғы 14 ақпанда бірлестікті мәжбүрлі түрде тарату туралы сотқа талап-арыз берілді.
"2025 жылдың 14 ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жоғарыда аталған бірлестіктің мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп тану және оны мәжбүрлі түрде тарату туралы талап-арыз жолданды", – деп хабарлады Әділет министрлігі.
Бұл шешімге Қаржы мониторингі агенттігінің өтініші негіз болған. Агенттік ұйымды тіркеу барысында жойылмайтын заң бұзушылықтардың орын алғанын анықтаған.
Мұндай заңбұзушылықтар сот шешімімен заңды тұлғаны таратуға негіз бола алады.
Еске сала кетейік, қаржылық мониторинг агенттігі "Biz Birgemiz" қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайраттың ұсталғанын хабарлады. Оған көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген айып тағылған болатын.