Астанадағы "Хан Шатыр" сауда орталығының күзет қызметі қазақтың ұлттық киімін киген блогер Қырмызы Жандосқа ғимаратқа қазақша киіммен кіруге тыйым салған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Мәдениет порталына сілтеп.
Бұл оқиға Тәуелсіздік күні қарсаңында орын алған.
Қырмызы Жандостың айтуынша, ол ұлттық киіммен қаланың көрікті жерлерінде бейнеролик түсіріп жүрген. Бәйтерек, Ақ Орда, мешіт сынды нысандардың маңында еш кедергі болмағанымен, "Хан Шатырға" жеткенде күзетшілер оның киіміне байланысты ескерту жасаған.
"Хан Шатыр алдына Тәуелсіздік күніне орай видео түсіруге барғанмын. Басқа орындарда ешқандай мәселе туындамады. Бірақ "Хан Шатыр" күзетшілері "мәселе сіздің киіміңізде" деп кіргізуден бас тартты. Бұдан кейін арнайы кіріп, сауда орталығын бір айналып шықтым," – дейді блогер Қырмызы Жандос.
Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, халық арасында резонанс тудырды. "Хан Шатыр" әкімшілігі бұл жағдайға байланысты блогерден кешірім сұрап, видеоның желіден өшірілуін өтінген.
Сонымен қатар, Instagram желісіндегі атышулы видеода "Хан Шатыр" әкімшілігі пікір қалдырып, түсірілім өткізу үшін алдын ала келісім қажет екенін атап өтті:
"Хан Шатыр аумағында кез келген түсірілімдерді өткізу үшін алдын ала әкімшілікпен келісу қажет", - деп жазған ғимараттың баспасөз қызметі.
Бұл жағдай қоғамда ұлттық құндылықтарға деген құрмет мәселесін тағы да талқыға салды.