Home » Айдарлар » Тарих » Халқым деп қан жылаған қайран Cәкен

Халқым деп қан жылаған қайран Cәкен

Қарап отырсақ, мұндайды көбіне Сәкен өмірі мен осынау әйгілі мемлекет қайраткері, дауылпаз ақын, жазушы-драматург, публицистің соңында қалған зор рухани мұрадан хабарсыз адамдар айтатынын байқаймыз. Көбі бос дақпырт. Айталық, бертінде белгілі актер, драматург Қанат Жүнісов сондай қауесеттің бірін індете қаузап, оның қисынсыздығын дәлелдеп берді. («Сәкен Сейфулиннің Сталинге хат жазғаны рас па?» «Егемен Қазақстан» газеті. 01.02.2019 ж.). Осы мақаласында автор Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің: «Сәкенді қызылдар жағында, ал бізді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізге қарағанда әлдеқайда ұлтшыл еді» деген сөзін келтіреді.
Сәкеннің айрықша отаншыл­дығын көрнекті сәкентанушы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы ғұмыр бойы айтумен өткенін білеміз. Мәселен, ғалым бір еңбегінде: «…Партияның ұлт мәселесін алғаш және соңғы рет арнайы қараған ХІІ съезінің шешіміне арқа сүйей отырып Сәкен күні бүгінге дейін қиюы табылмай келе жатқан қазақ тілі мәселесін көтерді. 1923 жылдың 9-маусымында «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізуі керек» деген атақты мақаласын жариялады. Бұл мәселені көтерерден бұрын Халық комиссарлары Кеңесінде сәуір айындағы отырыста барлау жасау мақсатымен шетін шығарғанда, «Байқасайшы, Сәкен!» деп сақтандарғындар да, көзін алартқандар да болған. Соны анық сезген Сәкен шамырқанып: «Қазақстанның еңбекші табы шын қатарға кірсін, өз тізгінін өзі алсын деген азамат бұл іске жан аямай кірісуі керек!» деп талайлармен алакөз болды. 25-маусым күні «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» деген екінші мақаласын жариялады. Газет редакторлығының керектігі осындай ғұмырлық мәселелер төңірегінен айқын көрінеді. Курс ашу, кадр даярлау, студенттерді пайданалу сияқты нақты істердің көзін көрсетіп, нобайын келтіріп, 1923 жылдың 22-қарашасында Орталық Атқару Комитетінің декретін қабылдатты. Кеңселердегі істерді қазақ тілінде жүргізу бүкіл республика көлемінде 1924 жылдың 1-шілдесінен басталатын болды. «Бұрынғы және қазіргі үкіметтердің саяси тарихында мұндай айрықша мәні бар шара болып көрген емес» деп қуанған Сәкен игілікті істің бірден қарқын алып кетуіне кедергі жасамақ жағымпаз төресымақты кездестіре берген соң: біздің қазақ коммунистерінің кейбіреуі қазақ тілі туралы қатты кірісуге «біреу ұлтшыл деп айтады» деп бой тартады. Бірақ бұл – қулық, бұл – коммунистік қылық емес, жарамсақтық, жағымпаздық. Кейбір сасық, жалмауыз демагог өзін «жақсы коммунист екен» деп айтсын деп, қазақ тілін кіргізуге ұмтылған белсенді адамдарды «анау ұлтшыл, мынау ұлтшыл» деп одан қымсынбай, айылын жинамай, іске кірісе беру керектігін айтып, тоғыз мақала жазды. Совнарком тарапынан бұйрық беріп, қолынан келгеннің бәрін жасады. Не керек… өзімізге өз тіліміз бұйырмай әлі келе жатыр ғой» – дейді. 
Төменде Сәкен Сейфуллиннің ұлт тағдырына арналған кейбір мақалаларынан үзінділер ұсынылып отыр.

КЕҢСЕ ІСТЕРІН ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖҮРГІЗУ КЕРЕК

Коммунист партиясының жалпыре­сейлік 12-ші жиылысының ұлт мәселесін дұрыс шешуге жол-жобалар белгіленгенде істеген қараларының бірі: «бұрынғы кемдікте болған уақ ұлттардың республикаларында, мекемелерде барлық үкімет істерін сол ұлттың өз тілінде жүргізуі керек» деген қарары болды.
Егер де бұрынғы кем болып қалған ұлттардың республикаларында үкімет істері мекемелерде сол ұлттың өз тілінде жүретін болса, ол ұлттың бұрынғы зор болып қалған ұлттармен теңелуіне көзге көрінерлік тура жол екеніне ешкім шүбәланбас. Бірақ 12-ші партия жиылысының бұл айқын дұрыс жасаған қарарын іске асыруға ғана керек.
Әрине, қазақ кедейінің тәнінің, жанының қандай жерлерінде, қандай шараларының бар екенін, қандай дерттерінің бар екенін білетіндер – қазақтың тілін, ғұрпын, әдетін, тұрмысын білетін, қазақтан шыққан коммунистер. 12-ші партия жиылысының бұл қарарын іске асыруға түрлі лаж көрсетіп, бұл іске өздері білектерін сыбанып белсеніп кірісуге, сол қазақтан шыққан коммунистер ең алдымен міндетті. Әрине, қазақ бұрынғы өгей әкеден кемдік көріп қалған жетім бала.
Жетім бала көпке шейін біртүрлі қорғалауық, жасқаншақ, қорқақ болады.
Кеңес үкіметі орнап, қазақ теңдік алып отырса да сол бұрынғы қорғалауық болып қалғандықтан, ешбір ірі жұмысқа қасқайып кірісіп, серке болып бастай алмай отыр.
Сол себепті, бұл жұмысқа барлық күшін салып кірісу, қазақ коммунистеріне жәрдем беретін жерінде жәрдем беріп, бастайтын жерінде бастап отыру орыс коммунистерінің міндеті. Олай болса, тарих алдында жауапты әуелі қазақ коммунистері, онан соң жалпы қазақтың оқыған еңбекшіл ұлдары.
Істі қазақшаға аударуды ауылдан, болыстан, ауданнан бастау керек.
Волостной исполкомдарда істі қазақ тілінде жүргізу үшін уездерде соларға кісілер даярлап жіберетін курстар ашылу керек. Ауылдан, болыстан, ауданнан қаладағы мекемелерге қағаз жазғанда ылғи қазақ тілінде жазып отыру керек. Қалалардағы мекемелер қазақша жазылған сөздерді алып тексеріп қарап отыруға міндетті. Күллі тілдің бәрі бірдей жүреді деген закон бар.
Волостной исполкомдар қалалардағы мекемелерге қағаздарын қазақша жазып отырса, қала өздігінен қазақша жаза қоймайды. Бұл – айқын іс. Бұрын орысша хат білетін кісі бағалы болып, қазақша хат білетін кісілер бағасыз болған. Енді қазақша хат білетін кісілер де бағалырақ болуы керек.
Тұрмыс осы бағытпен барғанда, бұл әлі солай болуы сүттен ақ.
Әлі қазақша хат білмейтін адамдар французша білсе де Қазақстанда бір кезде іске аспай қалуы ап-анық нәрсе.
Мекемелерде істі қазақ тілінде жүргізу бір кісінің айтуымен болатын нәрсе емес, көптің күшімен, жалпы ынтамен, тегіс жұмылумен болатын нәрсе.
Казақстан еңбекшіл табы қатарға кірсін, өз тізгінін өзі алсын деген азамат бұл іске жан аямай кірісуі керек. Бұған жергілікті мекемелер не айтар екен, не істер екен, күтеміз!
09.06.1923 жыл

ҚАЗАҚ ЕСУАС ХАЛЫҚ ЕМЕС

Жолдастар, мен алғашқы баяндама­лардың бірі ойынша сөйлейін деп ем, бірақ Москвада тұратын және осындай үлкен жиындарда онсыз да жиі сөйлеп жүретін ақын-жазушылар жарыссөзге бірінен кейін бірі шығып, маған сөз кезегін тигізбей қойды. Және де бұл ақын-жазушылардың баяндамашылар көтерген проблемаларды жан-жақты талқылаудың орнына, көбінесе декларация айтқаны өкінішті болды. Меніңше, бұл декларациялар құр жылтыр сөз болып шықты.
Мен бір ғана мәселеге тоқталамын.
Осында съезде орыс тілінде жазатын жолдастар басқа ұлттардың өмірінен шығарма жазу ісімен аз шұғылданады. Көп­шілігі бұл тақырыпқа қалам тартпай да келеді деген пікірлер айтылды. Қызыл Армияның съезге келген делегациясы өзінің құттықтау сөзінде біздің совет әдебие­тінде және орыс тіліндегі поэзияда Қызыл Армияның ұлттық бөлімшелері бейнеленбей отыр деді. Жаңадан жаза бастаған жас жазушылар мұны қатты ескеруі керек, өйткені орыс тілінде жазатын аға ақын-жазушылар ұлттар өмірін суреттеуге әлі күнге дейін шұғыл бет бұра алмай келеді.
Ал ұлт тұрмысын көрсетпек болған орыс ақындары мен жазушылары СССР халықтарының тұрмысын зерттемей­тіні байқалады. СССР халықтарының тұрмысын зерттемей, білмей тұрып, олар өздерінің ойша долбарлағанын шындық деп, жанынан шығарған жалған типтерін жаңа заман адамдарының шын кейпі деп ұсынады.
Мұның айғағы ретінде талай әдеби деректі келтіруіме болар еді. Бірақ сөзімді шұбалтпай-ақ Вс.Иванов, Шкловский, Афиногенов және «От ортасында» атты пьесаның авторы секілді жазушылар СССР халықтарының өкілі ретінде кейбір типтер мен қаһармандарды суреттегенде, ойларына не келсе соны жазатынын атап қана өтейін.
Вс.Иванов Азия халықтарының өмірі жайында көп жазып жүр. Алайда, оның сөз саптасында, әсіресе, ертеректе жазған шығармаларының әуенінде ұсақ халықтарға паңдана қараушылық бар. Ол ұсақ ұлттардың өкілдерін мақау, кеще етіп, кейде тіпті, есуас етіп суреттейді. Вс.Ивановтың кей жағдайда, тіпті, географияны білмейтіні, Қазақстанның қайда екенін, қазақтардың қандай жұрт екенін, қырғыздардың қандай жұрт екенін білмейтіні аңғарылып қалады. «Пақырдың басынан кешкені» атты соңғы шығармасы – бұл үлкен жазушының ұсақ ұлттардың өкілдерін көрсетуге әлі де болса салдыр-салақ қарап келе жатқанына айғақ.
Шкловский Түркісіб туралы жазған очеркінде: «Қазақтар өздерін қырғызбыз деп атайды» – деп тұжырымдайды.
Ал Афиногенов «Үрей» атты пьесасында студент қазақты көрсетеді. Осы қазақ студенті аз уақыттың ішінде ойда жоқта ғылыми қызметкер болып шыға келеді. Тіпті, профессор атанып кете жаздайды. Афиногенов оны сайқымазаққа айналдырып, есер етіп суреттеген.
«От ортасында» атты пьесаның авторы қызыл гвардеец қазақты жарымес, делқұлы қылып бейнелеген.
«Комсомольская правда» газетін­де басылған бір мақалада автор қырғыздардың ұлт ойынын сипаттай келіп: «Қырғыздар шапшаң және епті халық» деп жазыпты. Көкпар тартуды суреттегенде ол былай депті: «Көкпар тарту – ажалмен ойнау… Қан, айқай-шу, пышақ. Ондаған салт атты адам бір теке үшін таласады. Қолдарында – пышақ. Жеткені текені жұлып әкетіп, басын кесіп алып, киіз үйге қарай құйғытып кеп, той иесінің аяғының астына лақтырып тастауы керек. Осы тағылық ойын үстінде сайыскерлер текенің ғана емес, бір-бірінің де қарнын жарып жүре береді…»
«Комсомольская правда» газетінде дәл осылай жазылған. Ал, шындығында, мұның бәрі – автордың кіл ойдан шығар­ғаны. Оның суреттеп отырғанындай тағылықты, біз, қазақтар мен қырғыздар өз халықтарымыздың бұрынғы-соңғы тарихынан естіген емеспіз…
Совет Одағы халықтарының өмірін суреттеуге арналған шығармаларда осындай кемшіліктердің болуы өкінішті-ақ.
Міне, мұның бәрі біздің ұлттардың тілін білмейтін ақын-жазушылардың сол халықтар туралы шығарма жазуға жауапсыз қарайтынын көрсетеді. Және де олар өздерінің осы сүйкейсалдысын орыс оқырмандарына өмірді шынайы суреттеген реалистік көркем шығарма ретінде ұсынады. Біз өмір шындығын әдебиетте мұншама бұрмалап көрсетушілерге қарсы аянбай күресуіміз керек. Біз социализм орнатып жатқан барлық ұлттардың өмірі терең зерттеліп, шынайы бейнеленуін тілейміз.
Жаңадан жаза бастаған жас жазушылар СССР халықтарының өмірі мен тұрмысын жете білуге міндетті. Ұсақ ұлттар өмірі туралы осы уақытқа дейін жазып келген аға суреткерлер біздің нағыз, шынайы тұрмысымызды суреттеп бере алған жоқ.
Партиямыз бен совет Үкіметінің басшылығымен социализм орнатып жатқан Совет Одағы халықтарының шынайы өмірін терең зерттеп жазу керек.
Біздің жас жазушыларға айтар тілегіміз осы. (Қол шапалақтау).

1934 жыл. 
“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Қайнар Олжай. Алпысыншы дуана – Арқарбай

Жаратылысы жай адамға ұқсамайтын көріпкел кезбелердің соңғысы туралы шындыққа бергісіз хикая. Ұшатын кісі Негізі қазақ ...