Сот Жәкішевті неге босатпады?!

4036
Adyrna.kz Telegram

Бүгін таң атқаннан бері Семей қаласында Жәкішевтің соты болды. "Жәкішевтің соты болады" деген хабарды естіген бойда халықтың бойында жылт еткен үміт пайда болды. "Босата ма, босатпай ма" деген болжаммен бұқараның есі шықты. Ақыры сот Жәкішевті босатпауға шешім шығарды. Бұған сот залындағылар түгелімен наразылық білдіріп, айқайға басты. Жәкішевтің жақтастары соттың  неге босатпай қойғаның сұрап, талап етті. Ақыры судья Ермек  Шымыров журналистердің ғана сұрақтарына жауап берді. Соттың мәлімдеуінше, оның 3-топтағы мүгедек екеніне қарамастан Мұхтар Жәкішевті босатуға мүлдем негіз жоқ. Себебі, Мұхтар Жәкішев 6 компанияға миллиардтаған шығын келтіріпті.

Қапшағай қалалық сотының 2014 жылғы 15 мамырдағы орындау қағаздарына сәйкес, Жәкішевтен зардап шеккендердің атына 99 миллиард теңгеден астам шығын өндірілген. Бұл шығын қылмыс кезінде жасалды. Дәл осы ақшаны толығымен өтеу туралы құжаттар сотқа ұсынылған жоқ. Ал қорғаушының "Жәкішев Қапшағай сотының шешімімен тек 2018 жылы ғана танысты" деген уәжін негізсіз деп санаймыз. Соттың шешімі заңды күшіне енді және орындауға жіберілді", - деді Шымыров.
Алайда "компания басшылары неге сол кезде жазаға тартылмады?" деген журналистердің сұрағына, судья жауап бере алмайтының айтып өтті.   Ал  Мұхтар Тайжан "Сот шешіміне қарсымыз. Апелицияға міндетті түрде береміз" деп мәлімдеуде.

Осылайша Жәкішевтің кінәсіз екендігін дәлелдейтін 4 бірдей экспертизаны назарға алмай, денсаулығының нашарлығын көзге ілмей отырған билікке де, сотқа да халықтың өкпесі қара қазандай.

Естеріңізге сала кетейік, Мұхтар Жәкішев 2009 жылдың мамыр айында өзі басқаратын «Қазатомпром» компаниясының Астанадағы кеңсесінде тұтқындалды. Арада үш күн өткенде «мемлекет мүлкін жеке мақсатына пайдаланып, Қазақстанның ірі уран кен орындарынан оффшордағы фирмалардың мүддесі үшін «доля» алды» деген айып бойынша қамауға алынды.

 

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер