“Бәрі бар”. Ханзада Жумонг - Сон Иль Гук Қазақстан жайлы сұхбат берді

553
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандықтарға “Ханзада Жумонг” сериалымен танылған корей актері Сон Иль Гук Kazinform.kz сайтына сұхбат берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Сон Иль Гук Қазақстанға екінші мәрте сапарлағанын айтты:

“Осыған дейін келгенде де, бұл жолы да уақыт өте тапшы болды. Сондықтан Қазақстан туралы көп мәлімет ала алмадым, өз көзіммен көре алмадым. Бірақ келердің алдында көп ақпарат оқып, мәдениеті мен табиғаты туралы, туристік орындары туралы бірталай іздендім. Алматының іргесіндегі Шымбұлақта шаңғы тепкім келіп еді. Бұл жолы да уақыт кестемнің тығыздығына байланысты ойға алғанымды іске асыра алмай кетіп бара жатқаным өте өкінішті” деді ол.

Сонымен қатар корей актері Қазақстан табиғаты жайлы ерекше әсерімен бөлісті:

“Кореяда адам саны көп болғанымен, Қазақстанға қарағанда жері шағын. Бос жер жоқ деуге болады. Қайда барсаң да ғимаратқа толы. Сол үшін бізде тарихи фильмдер түсіретін орын тапшы. Ал мұнда жер кең, сәйкесінше, локация көп. Тау керек пе, орман керек пе, шөл керек пе, көл керек пе – бәрі бар. Соны байқап осындай тарихи фильм түсірсе ғой деген ойға қалдым. Әрине, Қазақстан режисерлерінен ұсыныс алғаным жақсы ғой, бірақ кореялық түсіру тобы Қазақстан жеріне келіп, кино түсірсе қалай болар еді деген оймен кетіп барамын. Бұл – нақты жоспар емес. Осы жолғы сапарда санамда осындай бір ой жылт етті” деді Сон Иль Гук.

Пікірлер