Жека, қайтсай үйге немесе полицей деген кім?

3074
Adyrna.kz Telegram

Полицей сөзі грек тілінен аударғанда мемлекет, қала деген мағынаны білдіреді. Көрші Ресей патшалығында полиция сонау 1719 жылы пайда болған дейді қазақша уикипедия. Ал 1917 жылы Орынборда 2-жалпыхалықтың съезінің шешіміне сәйкес Алаш милициясы құрылды. Қатарға 20-35 жас аралығында қазақ жігіттері алынып, олар ел ертеңі үшін үлкен ұрыстарға қатысты. Ал одан әріге кетсек, кешегі Бөгенбай, Қабанбай, Ер Қосай секілді батырлар ескі заманның сақшыларының қызметін атқарғанын білесіз...
Полицей – өткенде Екібастұзда ойнап жүріп құм астында қалған баланы құтқарып қалған Тахир Қасумов. Полицей – өткенде Керекуде үш баласы бар суицид жасамақ болған әйелді құтқарып қалған Айғожин Ербол. Полицей – Қарағанды өңірінде суға батып бара жатқан тұрғынды құтқарып қалған Дастан Азанбаев. Полицей – ол өткенде ғана Атырауда көпірден секірген қызды құтқарамын деп қаза тапқан Шалқар Ақымғалиев. Полицей – ол жылдың басында Алматыда болған өртте 6 адамның өмірін сақтап қалған Әлімқыдыр Әділет. Полицей – ол Петропавлда өзін өзі өлтірмек болған 22 жасар қыздың өмірін арашалап қалған Денис Коморов. Полицей – ол Таразда болған жантүршігерлік оқиғада қоғам үшін жанын қиған Ғазиз Байтасов емес пе?!
Бұл дегеніңіз қоғам - полицей, полицей дегеніміз қоғам ғой. Екі тарап та биліктің ажырамас бөлшегіндей. Бөгенбайға «Ханды қоя бер, біздің қатарға қосыл» деп айту ақылға сыяр ма еді? Сыймайды. Наурызбайдың арқасынан жүгіріп барып тебер ме едіңіз? Мүлдем қисынсыз. Осы екі тарапты ажыратып көрсетіп, бүлікке бастап, сыртымыздан күліп отырғандар жауыз емей кім?! Дүкеніңіздің, алтын сарайыңыздың тоналмауы, балаларыңыздың мектепке, балабақшаға есен-сау барып келуі, алаңсыз ұйқы, тіпті анау жедел-жәрдемнің де уақытылы үйіңізге жетуі осы полицейлердің еңбегі емес пе?!
Өз басым Қазақстан полицейін Тәуелсіздіктің айқын нышаны, ажырамас бір бөлігі деп білемін. Бәріміз де «Полицей боламын» деп қиялдап, армандап өстік. Бүгін балаларымыз, немерелеріміз солай деп жүр. Ендеше біз неге арандаймыз? Форма киіп, заңға сәйкес міндетін атқарғаны үшін біреудің қамқор әкесін, біреудің жалғыз іні-бауырын, біреудің жап-жас баласын ​жағадан алып, басына секіргеніміз дұрыс па? Ақсақалды көтеріп бара жатса, арандап қалмасын дегені. Әйтпесе алақан жайып Алласына жалбарынып отырған жерінен көтеріп кеткен жоқ қой. Үйде "Балапан" көріп жататын балаңды жұлқылап алып кепсің. Басына бутылка тисе болашағы нешік? Шықпа деді ме, шықпа. Шықтың екен, шырылдама. Жека секілді Сека да үйіне қайтқысы келмейді дейсіз бе?

 

Азамат БИТАН

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер