"Әйелдерге қатысты зорлық тоқтатылсын”. Қазақстанда флешмоб басталды

1652
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Қазақстандық фем-белсенділер әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылыққа қарсы флешмоб бастады. Бұл туралы Myqty Women  Instagram желісі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Видеода олар заңды өзгертіп, қылмыскерлерге жазаны қатаңдатуды талап еткен. 

Біздің талап: Әйелдерге қатысты зорлықты тоқтату,- деген ұранмен  бірнеше қыз-келіншек үндеу жасады.

“Күн сайын жаңалықтардан әйелдерді ұрып-соғып, зорлап, өлтіріп жатқан жағдайларды көреміз. Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету қорлары тіпті олардың барлығына көмектесіп үлгермей жатыр. Қылмыскерлер жауапкершіліктен үнемі жалтарып кетеді. Себебі залымдарға қатысты заңнама жұмсақ. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық декриминализацияланған”, – делінген желі жазбасында. 

Фем-белсенділер заңға қатысты үкіметке бірнеше талаптар қойды:

  1. Жасалған қылмыстардың ауырлығына сәйкес жазаның неғұрлым қатаң нормаларын енгізу, зорлық көрсеткендерге жазаны қатайту. Зорлық-зомбылық әрекетіне бірінші рет барып тұрса да қатаң жазалау;
  2. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қылмыстық құқық бұзушылық мәртебесін беру және оны бұзушыларға қатаң жазалар енгізу арқылы қылмыс ретінде қарау;
  3. Зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігін қорғаудың тиімді тетіктеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтер тарапынан қолдау мен көмек көрсету;
  4. Жаңа заңдардың сақталуына тиімді бақылау және мониторинг тетіктерін құру. Сондай-ақ құқық қорғау органдарын әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресу бойынша оқытуды қамтамасыз ету.

Белсенділер барлық әйелдерді зорлық-зомбылыққа қарсы бірігіп, еркін өмір сүру үшін өздерін қолдауға шақырды.

Біз, Қазақстан әйелдері, үкіметтен дереу жауап беруді талап етеміз. Біздің мақсатымыз – әйелдер қорғалған және өздерін тең сезінетін қоғам құру, – деп жазды олар.

Пікірлер