ДИНА ИМАМБАЙ: Апат талай жайттың бетін ашты. Мұншама нала мен қарғыс жібермейді ғой...

1383
Adyrna.kz Telegram
Пайдалы қазбаға бай Қазақстанда кен орындары, шахталар аз емес. Олардағы жағдай мына "Арселор-Митталдың" ар жақ-бер жағы сияқты. Шахтерлардың өліміне әкеп соққан апат талай жайттың бетін ашты.
Осыдан 2-3 жыл бұрын бір шаруамен Аягөзге барған едім. Қайтарда кешкісін пойызға отырдым. Жолда Ақтоғай кенішіне тоқтап, көп адам кірді, оның алдында бос тұрған вагон лық толды. Сөйтсек олар вахтадан шыққан Ақтоғай комбинатының жұмысшылары екен. Түрлі ұлт өкілі. Біздің купеге жас жұмысшы жігіт жайғасты. Түнге қарай вагон шу болып кетті, ер адамдардың дауысы. Біздің купедегі жігіттен бұл не деп едім, “біздің жігіттер ғой, вахтадан шыққан соң осылай демалады. Жұмыс өте ауыр әрі зиян. Оңай емес” деді. Өзі намаз оқитын жігіт екен. Ішпейтін адам отырғанына қуандық купемізге. Сосын комбинат туралы айтып, “вагон-вагон пайдалы қазбалар шетелге, Қытайға кетіп жатыр. Көрген сайын ішіміз ашиды. Өз еліміз қызығын көрсе ғой соның. Ол өте қымбат руда” деп қынжыла әңгімесін айтты.
Қарағанды сияқты Ақтоғай руднигінің пайдасын жергілікті халық көріп жатпағаны анық. Кешегі төрт сәбиінен айырылған аягөздік отбасы аудандағы әлеуметтік жағдайдың ауыр екенін көрсетті ғой.
Рудниктің отаны Жезқазғанда да солай. Қазақмыста істейтін шахтерлар жердің астына түскен сайын өмірмен қоштасқандай болып кіреді екен. Адамдар күнкөріс, бала-шаға қамы үшін жанын шүберекке түйіп, тәуекел етпеске лажы жоқ.
Азаматынан айырылып аһ ұрған аналар мен әйелдердің, балалардың зары кен орындарының қожайындарының, намыссыз шенеуніктеріміздің құлағына жетер ме екен ((
Бірақ жетпесе де мұншама нала мен қарғыс жібермейді ғой.

 

 

 

 

Пікірлер