Адамдар қаза тауып, министр қызметтен кеткен оқиға үшін 2 сарбаз сотталды

2481
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ирина Галушко/МИА "Казинформ"
Фото: Ирина Галушко/МИА "Казинформ"

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жойқын жарылысқа қатысты сот үкім шықты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Сот үкімімен 20 жастағы екі сарбаз кінәлі деп танылды. Олар 9 жылға бас бостандығынан айырылып,  24 миллиард 583 миллион теңге шығынды өтеуге міндеттелді.

Тергеу мәліметі бойынша, сарбаздар оқ-дәрі қоймасына жанып жатқан шүберекті лақтырған. Алайда сарбаздар өз кінәларын мойындамады.

Сот бұл іске қатысы бар екі офицерді ақтап шықты. Бұдан бөлек, командирдің міндетін атқарушы мен оның орынбасары қызметтік міндеттеріне салғырт қарағаны үшін кінәлі деп танылған болатын. Бірақ олар қылмыстың ескіру мерзімі өтіп кеткендіктен сот залынан босатылды.

Ал сарбаздардың адвокаты «сотта келтірген бірде-бір дәлеліміз назарға алынбады» деп отыр. Әскери борышын өтеп бітуіне бір ай ғана қалған қос сарбаз үш қабат қорғанышы бар тас қамал қойманы бұзып, жапырақтай шүберекпен өртеді деген мыйға қонымсыз деп отыр.

«Олардан бірнеше рет жауап алынды, бірақ сарбаздар ештеңе білмейтінін және мұның қалай болғанын көрмегенін айтты. Жарылыс алдында олар өздеріне бекітілген аумақта жұмысты аяқтап, қойма аймағынан шығып, асхананың жанында командирді күтіп тұрған. Сотта біз жігіттердің кінәсіздігін дәлелдедік. Ең бастысы, оларда ешқандай ниет болмаған, өйткені олар бір айдан кейін жұмыстан шығатынын білді. Сонымен қатар олар қайтадан қызметке кірді. Егер  айыпталған нәрсені жасаса, олар мұны істей ме? Керісінше қашып кетер еді», - дейді Сағадат Әміре.

«Біз осы оқиғаға Ерболат пен Әсеттің кінәсіздігінің толық дәлелдерін келтірдік, алайда сот біздің көрсеткенімізді елемеді. Біз ұсынған дәлелдер менің қорғаушыларыма қарсы түсіндірілді. Біз шығарылған үкіммен келіспейміз және оны апелляцияға беруге ниеттіміз. Мен жігіттермен және олардың отбасыларымен соңына дейін боламын. Мен үшін бұл абыройлы іс, - деді Сағадат Әміре сот талқылауының қорытындысы бойынша.

Еске салсақ, 2021 жылы тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімшенің қару-жарақ қоймасы жарылып, 18 өрт сөндіруші мен әскери қызметкер қаза тауып, 80 жергілікті тұрғын жарақат алды. Оқиға барысында жақын маңдағы елді мекендердегі үйлер мен кәсіпорындардына зақым келді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер