«Біздің қызметіміз – адамдарды құтқару»

1726
Adyrna.kz Telegram
фото: Егемен Қазақстан
фото: Егемен Қазақстан

Бүгін - Құтқарушылар күні. Құтқарушы – мамандық қана емес, бұл бірқатар кәсібіне берілген азаматтар үшін кәдімгі өмір сүру салтына айналған. Соның бірі Сәтбаев қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімшесінде қарауыл бастығы болып қызмет істейтін Бағлан Алшынбаевпен Егемен Қазақстан тілшісі сұхбаттасты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

– Біздің қызметіміз – адамдарды құтқару. Мен 2009 жыл­дан бері осы саладамын. Қа­тардағы өрт сөндіруші болып кірген едім, кейін бөлімше ко­ман­дирі болдым. Былтырдан бе­рі қарауылға басшылық жасай­мын. Қызметімізді орында­ғанымыз үшін халық алғысын жаудырып жатады. Бірақ алғыс орнына айқай естіген кезіміз де болған, – деп бастады әңгімесін Бағлан.

Өртеніп жатқан үйдің бір бөлмесінде түтінге тұншығып өлім халінде жатқан, аузынан арақтың исі мүңкіп тұрған жігіт ағасын құтқарушылар сыртқа шығарып, жәрдем көрсетіп, аман алып қалады. Сол сәтте үйдің өртеніп жатқанын естіген әлгі кісі­нің әйелі жұмысынан сұранып келеді де, күйеуінің өлім аузы­нан аман қалғанын естиді. Со­сын қуанудың орнына ашуға бері­ліп, құтқарушыларға «Бұл пәле­ні неменеге құтқардыңдар? Өл­ме­се неге өмірем қалмады?» деп кәдімгідей ұрсып-ұрсып тастайды.

– Мұндайды бірінші рет көруіміз ғой. Бәріміз біртүрлі болып қалдық. Сөйтсек, біз құтқарған адам әйелінің тапқан-таянғанын араққа салып, жанжал шығарғаннан басқа ештеңемен шаруасы жоқ, әбден жүйкесіне тиген жан болып шықты, - дейді Бағлан.

Құтқарушы өмірінде сан түрлі жағдайлар кездеседі. Әрине, адамға араша түсіп, ажал­дан, майып болудан құтқа­рып қалу – қастерлі міндет. Сол үшін де ел алғысына бөленесің. Бағлан айтқандай, «айқай» естіп қала­тын кездер де болады екен. Құтқарушылар өмірі сонысымен де қызық шығар, бәлкім?

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер