«Көрсеткіш жақсырақ болуы мүмкін еді». Президент Азия ойындары жеңімпаздарымен кездесті

1479
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Азия ойындарының жеңімпаздарын қабылдады, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт спортшыларды медальдарымен құттықтады. Ол Ризабек Айтмұханның еркін күрестен Қазақстаннан шыққан тұңғыш қазақ әлем чемпионы болғанын еске салды.

«Бәсеке өте жоғары болған Азиада ойындарында ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді. Атлеттеріміз нысана көздеу, ескек есу, веложарыс, джиу-джитсу спортынан үздік шықты. Мемлекет басшысы каратэден жалпы командалық есепте бірінші орын алған Қазақстан құрамасын ерекше атап өтіп, осы спорт түрінен Азиадаға қатысқан 8  спортшының бәрі жеңіс тұғырына көтерілгеніне назар аударды», - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жерлестеріміздің жетістігіне жаттықтырушылар мен басқа да мамандардың қосқан үлесі зор. Бұл ретте президент спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін атап өтті.

«Қажырлы еңбек пен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігердің арқасында әрқайсыңыз жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық  спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында екенін атап өтті. Жыл сайын спортты дамытуға қомақты қаржы бөлінуде. Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздің спорттағы көрсеткіші жоғары деңгейде емес.

"Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек», - деді Президент.

Айта кетейік, Қазақстанның спорт делегациясы Азия ойындарын 10 алтынмен аяқтады. Бұл нәтиже қазақстандықтарға медальдық есепте соңғы нұсқада 11-орынға шығуға мүмкіндік берді.

Бірінші орынды Қытай, екінші орынды Жапония мен Оңтүстік Корея иеленді. Қазақстан үшін Ханчжоудағы көрсеткіш Жазғы Азия ойындарына қатысу тарихындағы ең нашар көрсеткіш болды. 2018 жылы Инчхонда қазақстандықтар 9-орынға табан тіреді, ал алғашқы алты құрлықтық турнирде медальдық есепте 5-ші орыннан төмен емес орындарды иеленді.

Пікірлер