Көз алдымызда болып жатқан қызық оқиғалардан сыр шерте отырайық.
"Алматы қаласы Спорт басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі "Спорттық және ұқсас іс-шараларды ұйымдастыру бойынша қызметтер" деген тақырыппен тендер өткізеді. (Тақырыптағы қателер жайлы сөз қозғамай тұра тұрайық) 85 млн теңге ұсынады. 85 млн!!! Негізгі жұмыс - аулалар арасында балалардың жарыстарын ұйымдастыру. Соны Астана қаласындағы "Smart Promotion" ЖШС жеңіп алады. Олар ұсынып отырған баға 75-ақ миллион теңге. Ал сол не компания екенін сайтынан кіріп қарасақ пиар-маркетингпен айналысатын ұжым екен. Енді осы кісілер аулалар арасында жарыстар ұйымдастырып, біздің балаларымызды спортқа баулиды.
Мына хабарды естіген Алматыдағы балалар бапкерлері күйініп маған хат жазды. Бұл тендерді бізге, Алматы қаласындағы балалар футбол үйірмелеріне берсе ғой дейді. Сол қаржыға зәру едік дейді. Жарыс ұйымдастырып, балаларға футбол ойнайтын жақсы жағдай жасап, үстілеріне сапалы спорттық киім алып, өзара қала ішінде жарыстар ұйымдастырар едік дейді. Енді әлгі 75 миллионның 7 миллионына 3-4 жарыс ұйымдастырылады да, сол жерде түскен фотолар мен видеолар отчет болып әкімшілікке жол тартады екен. Бұл маған хабарласып отырған балалар бапкерлерінің айтуынша, қалыпты жағдай екен, тек осыған нүкте қояр кез бола ма деп ашынады. Ол бапкерлер де ақшаны алып, жемқорлыққа басады ғой дерсіздер. Жоқ, мен қаншама балалар бапкерлерін көріп жүрмін ғой. Әсіресе футболда. Олар өз ісіне беріліп кірісіп, шамалары келгенше жұмыс істеп жатыр. Футбол алаңының арендасын өз қалтасынан төлеп жүрген бапкерді де көрдік қой. Оларға мен толық сенемін. Ал мына бассыздық тоқтамайынша, елдің ақшасы шашылғаны шашылған.
Ермұхамед Мәулен