Назарбаевтың туған күні қарсаңында. Парламент заңсыз мүлікті қайтару туралы заңды мақұлдады

3312
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан парламенті заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Парламент Сенаты бейсенбі күнгі жалпы отырыста «Заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды мақұлдады.

Енді заңдар Президенттің қол қоюына жіберіледі. 

Еске салайық, 20 маусымда Мәжіліс пен Сенат бірлескен отырысында «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға елден шығарылған мүлікті қайтару тетігін бекітетін өзгерістерді мақұлдаған болатын.

Бұл заң жобасы туралы Президент Тоқаев былтыр күзде айтқан. Жалпы мәселенің төркіні Қаңтар оқиғасынан кейін қозғала бастаған. Жоқ дегенде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында байыған "белгілі бір адамдар" туралы айта келіп, "Қазақстанның байлығы 162 адамның қолында" деген. Кейін Президент тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару комиссиясы жасақталған болатын.

Ал заңның жоба кезеңінде оны сынаған депутаттар да болған.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билікте болған кезінде 6 шілде Қазақстанда ерекше аталып өтілетін. "Астана күні" аталғанымен бұл күн - Назарбаевтың туған күні. Бұрынғы президент биыл 83-ке толады.

Пікірлер