Кавказ векторы. Премьер сапары Грузияда жалғасты

2009
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов іс-сапармен Тбилисиге барды, деп хабарлайды “Адырна”. 

Кезекті сапарында ол Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді. Келелі кездесуде Әлихан Смайылов Қазақстан мен Грузияны бұрыннан келе жатқан достық және жан-жақты ынтымақтастық байланыстырып, екіжақты өзара іс-қимыл мемлекетаралық байланыстардың барлық спектрі бойынша дәстүрлі жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Грузияның  Қазақстан үшін маңызды серіктес екенін де айтты. Мысалы, 2022 жылы Қазақстан мен Грузия  арасындағы тауар айналымы 7 есе өсіп, қорытынды рекордтық $600 млн-ға жетті. Аталған сала биыл да қарқынды дамып келеді, яғни 4 айда өзара сауда көлемі 5 есе ұлғайып, $167 млн болған.

Әлихан Смайылов Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығында көлік транзиті саласының рөлі маңызды екенін айтты. Себебі екі мемлекеттің аумағы арқылы ірі трансконтиненталдық көлік дәліздері – Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға ең қысқа жолдар өтеді.
«Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығын дамытуда Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы зор. Біз өңірдің көлік байланысын арттыруға және транзит жағдайларын кезең-кезеңмен жақсартуға мүдделіміз. Бұл жоспарларда біз Грузияның транзиттік және көлік әлеуетін ескеретініміз сөзсіз», — деді Әлихан Смайылов.

Келіссөзде Қазақстан мен Грузия Үкіметтерінің басшылары өзара тауар айналымын ұлғайту мүмкіндіктерін, көлік инфрақұрылымын дамыту және ТХКБ-да бірыңғай логистикалық оператор құру, сондай-ақ ол арқылы өтетін жүк ағынын цифрландыру мәселелерін талқылады.  Ресми сапар аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Грузия темір жолы» АҚ арасында бірлескен кәсіпорын құру мен оның жұмысының базалық қағидаттары туралы үшжақты келісімге де қол қойылды. Кеше бұл құжатқа «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ қол қойды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің Үкімет басшылары баспасөзге мәлімдеме жасаған.

Пікірлер