«Мотивациям – менің қызым»: ерекше жан Айзада жетістікке жету жолымен бөлісті

4505
Adyrna.kz Telegram

Тағдыр сыйлаған ерекшелігіне қарамастан білдей бір ірі кәсіптердің бастамашысы болып жүрген Айзада Ерболқызы «мен өмірді сүйемін» деп, өз өмірінің хикаясымен бөлісті. Оның айтуынша тосын сыйларға толы өмірде бастысы өз өмірлік бағытыңызды анықтап, сол бағытқа қарай бет алсаң өмір өзі жетелейді дейді. Бұл туралы «Адырна» тілшісінің дайындаған материалынан оқып біліңіз:

Сұхбат кейіпкері «BEK brand» және «BEK_consulting group» компанияларының негізін қалаушы, «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығында бизнес тәлімгер және кәсіпкерлік бойынша бизнес –тренер, оратор-мотиватор Айзада Ерболқызы.

- Айзада ханым, кәсібіңізді қалай бастадыңыз? Қандай қиындықтар болды? Бүгінгі жетістікке жету жолыңыз қандай кезеңдерден басталды?

-  Осыдан бес жыл бұрын жол көлік оқиғасына түсіп, жарақат алған болатынмын. Сол жағдайдан менің он екінші бел омыртқам сынып, жүре алмайтын болып қалдым. Қазір жүріс-тұрысымда балдаққа сүйенемін. Мүмкіндігі шектеулі жан екеніме қарамастан, мен сондай өмірге құштар, өмірге ғашық жанмын.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Ақпараттық жүйе» мамандығын тәмамдап, тұрмысқа шыққан болатынмын. Артынша дүниеге аяулы қызымды әкеліп, сол декрет уақытында жоғарыда айтқан жағдайға түстім. Осы жайттан соң жұмысыма орала алмадым. Дей тұрғанмен үйде құр отырмай, әке-шешеме масыл болмайын деп өз кәсібімді бастағым келді. Жолдасым орын алған оқиғалардан соң бізді тастап кетті. Ал қызым менің өмірлік мотивациям болды. Менің қайтадан есімді жинап, жаңа өмір бастауыма, қайта әрекет етуіме жігер берген қызымның болашаққа деген үлкен сеніммен қараған көздері болды. Үш жыл үйде жатып, карантин уақытынан соң онлайн жұмыстың мүмкіндіктерін көру арқылы мен осы бағытқа келген болатынмын.

Бағдарламашы болған соң, компьютерлік жұмыстардың біразын игеретініме сенімді болдым. Бірнеше жұмыс қарастырып көрдім, десе де бірінің жалақысы төмен, біріне жағдайым келмеді. Өз-өзіммен жұмыс жасау керектігін түсініп, бұрынғы шығармашылық қабілеттерімді кәсіпке айналдыруды мақсат тұттым. Өзім бұрыннан тігін тігуге, сурет салуға бейім жанмын. Осы мақсатыма жетуіме өз көмегін берген мықты бизнес-тренер Самал Атагелді болды. Сол кісінің инста парақшасындағы тегін кеңестерді қарап жүріп, 2021 жылы мемлекеттен берілетін көлемі 200 АЕК (583 400 тг.) құрайтын қайтарымсыз грант ұтып алдым. Ол қаражатты өзімнің ойға алған кәсіптік бағытыма жұмсадым. Тігін машинасын сатып алып, түрлі киімдерге жазу жазатын әдемі дизайндағы өнімдерді шығара бастадым. Осылайша өз кәсібімді дөңгелетіп бастадым.

Содан соң бір орында тоқтап қалмай, тағы да басқа қаржы ресурстарын қарастыра бастадым. Оларға өз бизнес жоспарымды ұсынуым үшін белгілі бір деңгейде жүйелі білім керек болды. Тәлімгерлігін көрсететін жан болмады. Түрлі тренерлердің бағасы тым қымбатқа соқты. Десе де, қалауын тапса, қар жанады демекші тура сол уақытта Самал Атагелді өзінің бизнес-маркетологиясы бойынша авторлық курсын бастап жатыр екен. Осы курстан білімімді шыңдап, жаңа мақсаттарға жетем деген ішкі тегеурінімді орындағым келді. Солай мен тәуекел етіп, ішкі қалауымды орындап сол курсты оқып бітірдім. Курс екі айға созылды. Сол аралықта Алматы облысы бойынша мемлекет тарапынан 5 миллиондық грант ойнатылды. Мен байқауға курсымды аяқтамай жатып, өз бизнес жоспарымды жазуды үйреніп қатысқан болатынмын. Ойнатылған грантты жеңіп алып, қазір Қазақстандық танымал шұлық брендін өндірушіге айналдым.

- «Ten Qogam әлеуметтік қолдау орталығында да жұмыс істейді екенсіз? Ол жерде немен айналысасыз?

- «Ten Qogam» әлеуметтік осал топтарды қолдау орталығында жұмыс істеймін. Ол жерде бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедек жандардың кәсіптік бастамаларына қолдау көрсетіп, бағыт бағдар береміз. Аптасына екі рет, екі сағат уақытымды сол кісілерге арнаймын. Сол уақыт аралығында 10 шақты адамға көмек беріп үлгеремін. Одан бөлек ұстазым Самал Атагелдінің бизнес-тренерлік курсынан үйренгенім бойынша, адамдарға жеке бренд қалыптастыруға көмектесемін. Үйренген дағдымызды тәжірибеде іске асырып, бүгінде инста парақшамның дайректінде болсын, жарнамадан көріп жазатындар болсын күніне бірнеше адам хабарласып кеңес алады. Жеке қабылдау кеңесіме, Тен қоғамдағы жұмысыма да, өзімнің бизнесіме де үлгеремін.

- Керемет! Айзада ханым, қазір сіз қаржылық сауаттылық бойынша да білім үйретеді екенсіз. Адам қаржылық сауаттылығын арттыру үшін бірінші нені білу керек?

- Адамдардың алатын қарызы ақымақ қарыз және ақылды қарыз болып екіге бөлінеді. Телефон арқылы алынатын дүниелік несиелер, бөліп төлеу қосымшасы арқылы тамақ алу деген сынды дүниелер ақымақ қарыздарға жатады. Ал ақылды қарыздарға ипотека, өзінің біліміне құйған инвестиция деген сынды дүниелер жатады. Ащы болса да шындық, адамдардың көбі ақымақ қарыздарға белшесінен кіріп кеткен. Біздің тағы бір минусымыз – еріншектік. Мысалы мен мүгедек жан болсам да, әрекет етіп, өмірлік мақсаттарыма жетуге жұмыс істеп талпынып жүрген жанмын. Алайда, көзі көірп, құлағы естіп, жүгіріп жүрген адам болса да қол қусырып жатқандары қаншама. Халықтың көбі «эго»-сын баса алмай, көкіректеніп кететіні өтірік емес. Бәрі жылы орынды қалайды, бәрі бастық болып, тез баюды армандайды. Алаяқтардың торына осындай арзан дүниеге қызығатын тез олжа иеленгісі келетін жандар тап болады. Егер де мұндайға сұраныс болмаса, ондай алаяқтар болмайтын еді.

Сондай-ақ, адамдар 40 жыл бойы бір жұмысты жасай беруден жалықпайды. Комфортты зонасынан шыға алмайтын жандардың көбі өз кәсібін бастаса, бастапқы 1-3 жылдағы туындаған қиындықтарға шыдамай қолын сілтеп жатады. Ал кәсіп негізі осы дүниелерге шыдаудан тұрады.

Одан бөлек көбі мемлекеттен түрлі қайтарымсыз қолдау қаражаттарын беріліп жатқанын білмейді. Миллионнан бастап 650 миллионға дейін үлкенді-кішілі қайтарымсыз гранттардың көпшілігін адамдар ұтып алса, көлік алуға, той жасауға жұмсап тастайды. Ал негізінде, бір алған қаржыңызды кәсіп ашуға, керісінше жұмысыңызды, болашағыңызды құруға арнасаңыз, ары кетсе бір жыл қиналарсыз, алдағы уақытта сізді өмір бойы асырайды.

Адамдар көбіне фокустарын қарызын жабуға, кредитін төлеп тастауға қояды. Қарыз, кредит деп жүре берсек жүре бересіздер. Оның орнына фокустарыңыз жаңа қаржылық ресурстарды тартуға бағытталсын. Әр адам өзгерісті ойлаудан, ниеттен бастау керек. Тәуекелшіл болудан қорықпауымыз керек. Өкінгенге қарағанда тәуекел етіп көріңіз. Істемей өкінгенше, істеп өкінген пайдалырақ. Есесіне, тәжірибе жинап, әрекет еткен боласыз.

- «Комплексім - менің ерекшелігім» деп жазған екенсіз. Тағдыр сыйлаған ерекшелігіңіз үшін бастапқыда күйзелістер туындаған сәттер болды ма? Онымен қалай күрестіңіз?

- Жарақат алған адамдардың көбі психологтардың көмегіне жүгінеді. Мен өзім мұғалім болғаннан кейін ешқандай психологтарға бармадым. Анам да, әпкелерім де «психологқа ақшасын төлейін, баршы» дегенімен, мен өз өзіме психолог болған жанмын дедім. Мұғалім болған соң көп адамдармен жұмыс жасайсың, оқушылармен байланыста боласың осының барлығы психолог болуға үйретеді. Өз жанымды өзім емдеп алған адаммын.

Жолдасыммен айырылысып кеткеннен кейін бірінші қолдау көрсеткен ата-анама үлкен алғысымды айтамын. Менің өмірімнен кетуі арқылы маған мотивация болған жолдасыма рақмет. Себебі ол менің өз-өзімді дәлелдеуіме септігін тигізді. Үшіншіден, менің жігерленуім қызымның үмітті көздері болды. Болашақта қызым менен, «қалаған оқуымды оқи алмадым, қалаған киімімді кие алмадым анашым», демес үшін мен әрекет еттім. Мақсатым қызымды ештеңеге мұқтаж қылмай өсіруім керек деген ой болды.

Ең басында, әке шешем мені барынша қолдап, «тамақ іш, саған күш керек» деп жігер бергенімен өзімді масыл жан ретінде сезінетінмін. Ал қазір мен онлайн жұмысқа көшіп, табыс тауып бастағалы бері әр жұтым суым мен, әр үзім нанымды өзім сатып алып отырғаннан кейін жан дүниеңмен разы болып қабылдайсың.

- Он екі мүшесі сау бола тұра өзінің өмірлік бағытын таппай жүрген, мақсатына әрекет етпеген жандарға не айтасыз?

- Көп жерде айтатыным «бесінші нүктелеріңізді» көтеріп, құрбан болудан жалтарыңыздар деймін. Үшіншіден, қайыр тілеуден сақтаныңыздар деймін. Алла Тағала садақа беруші де, алушы да жасырын болғанын қалайды. Қазақта жақсы сөз бар: оң қолым бергенді, сол қолың көрмесін деген. Жақсылық жасағаныңыз жария болмасын. Адамдарға көмек бергеніңізді міндет етпеңіз. Еріншектікті қойыңыз. Ешкімнен ещтеңе күтпеңіз. Өмір сүруге құштар болыңыз. Мотивацияны айдаладан емес, жақындарыңыздан іздеңіз. Мен өзімді сондай жақсы көремін, сыйлаймын. Адам өзін сыйлап бастаса ғана, айналасындағыларға солай қарап бастайды. Бірінші өзіңізді және өмірді сүйіңіз!

- Сұхбатыңызға рақмет!

 Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер