"Ұлттық идея берік орнауы үшін ұлттың ана тілі күнделікті қолданысқа енуі қажет" - Нұрлан Наурызәлиев

2077
Adyrna.kz Telegram

  Нұрлан Асқарұлы Наурызалиев – жас ғалым, қазақ журналистикасының тарихын және түркі таңбаларын зерттеуші.  1986 жылы 3 наурызда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Мәдениет аулында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетіне түлегі.  «Qazaqstan» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде, және бірқатар ақпараттық сайттар мен басылымдарда редакторлық, журналистік қызметтер атқарған. Бүгінгі күні журналистика факультетінде оқытушылық қызмет атқарады.   

Жас ғалыммен ұлттық идея, адамзат өркениеті және қазақ халқының ұлттық ұйысуы, ұлттану процесі жайында пікірлестік. 

- Армысыз, Нұрлан аға, наркескен пікірдің шыңы мен сыны айқындалатын «Жансарай» мекеніміздің төріне қош келдіңіз! Қазақта «Тұлпар түбін табады» деген айшықты тіркес бар. Осы орайда, туған жеріңіз жайында сұрғым келіп отыр.

- Көп рақмет! Салтына берік, ғұрпына адал Қызылорда облысына қарасты Мәдениет ауылында туып өстім. Қазір де балалық шақтар, алаңсыз кездер үнемі көз алдымда көлбеңдейді де тұрады. Біз ойнай жүріп, ойлай жүріп ер жеткен ұрпақпыз. Кішкенеден ауылдың көнекөз қарияларынан, ақсақалдардан қисса-дастан, аңыз-әңгімелерді естіп өстім. Өзімнің Шалқар деген көкем болды, той-томалақ, түрлі жиындарда мені төрге отырғызып қоятын. «Сөзге бейімің бар: кісі болатын кісінің кісіменен ісі бар, кісі болмайтын кісінің кісілерде несі бар, әңгіме тыңда!» деп жиі айтатын. Сол кезде менің болашағымнан үміт күтсе керек. Ал әкем қатты әңгімешіл адам болды демеймін, бірақ кітапты көп оқитын. Сол бізге өнеге болып дарыды. Кішкенеден кітап оқуға аңсарым ауды. Алайда сатылай оқудың реті болмай, ауылдағы Ілес Қабылов атындағы орта мектепті аяқтағаннан кейін бірден еңбекке араласып кеттік.

- Қазақы тәрбиенің қайнарына қанып өссеңіз, тегіңізді жетік білерсіз?

- Әрине, біздің өлкенің қазақтары: «Жусан азбай жер азбайды, Шөмекей азбай ел азбайды» дейді. Өз әулетімізде, жалпы ел ішінде аса зор құрметке ие Молдахмет Табылұлы деген жыршының жазған «Шежіре-Өлеңі» бар, соның ішінде:

«...Шежіре жұрт білетін үлкен өсек,
Қоятын әр адамын орнына тек.
Тараған кіші жүзден бермен қарай,
Жетіру, Байұлы һәм Қаракесек.

Ескеріп ардақтасақ ата салтын,
Бастасақ үлкенінен бұзбай қалпын,
Байсары, Әлім, Шөмен боп тарайды,
Баласы Қаракесектің, нәсілі – Алшын...» деп өрби береді.

Жырда айтынған Байсарыдан «Кете» деген небір жыршылар шыққан ру тарайды, Әлімнен – Алты ата Әлім тарқатылады. Олардың да батырлықпен, жыршылықпен атағы елге жайылған. Қазақтың хас батыры Жанқожа сол рудан шықты. Бергілерінен таратып айтсақ, мұқым қазаққа мәлім Бекұзақ Тәңірбергенов деген айтыскер ақынды ерекше атап айтуға болады.

«Ақ туын адалдықтың кірлеткен жоқ,
Есімнен туған жерім бір кеткен жоқ.
Аралдың табанынан су кеткенмен
Халықтың көңілінен жыр кеткен жоқ», - дейді бір айтысында марқұм Бекұзақ Тәңірбергенов.
Інісі Айбек Тәңірбергенов те жырау. Қазір Аралдағы жыр мектебінде шәкірт тәрбиелеп жатыр. Шөмекей –  Қызылорда облысында қанатын кеңге жайған ру. Аралдан бері қарай Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарын мекен етеді.  Ұраны – «Дөйт!».  Мен өз руымды мақтайын деген ойым жоқ. Патша үкіметінің кезіне дейінгі қазақ руларының барлығы дәулетті болған. Патша үкіметі мен Кеңес кезеңінде жүргізілген сойқан саясаттың кесірінен әуелі малдан, кейін жаннан айрылып қалдық. Көптеген рулар, елдер, ауыл-аймақтар халқы аштықтан қырылып кетті.

- Әңгімеңізден батыр болған, би болған қазақтың ұрағы екеніңізді аңдап отырмын...

- Біздің Келменбет деген батыр бабамыз болған. «Шежіре-жырда» батыр жайында ерекше айтылады.

«...Болған соқ атамыздың жүзі сұсты,
Әркімдер айбатынан іштей пысты.
Келменбет деп атауға именген соң,
Сарқасқа аттың атауы тілге түсті...

Бір аты тәңірінің халық деген,
Халық айтса қалт айтпайды, соған сенем.
Сондықтан Келменбеттің аты аталмай,
Сарқасқа руы болып содан келген...»

Аңызды жазушылар әңгімеге, ақындар өлеңге, шайырлар жырға айналдырады. Ауылда бұл секілді шежіре-жырларды көп тыңдап өстік. Жырдағы Келменбет бабамыздан Өтебай деген кісі туған. Өтебайдан – Адамбай, Адамбайдан – Байжан, Байжаннан – Құттықадам, кейін Жүнек, Тасқара, Сәрсенбай, Сәрсенбайдан менің әкем Асқар тек тартарды. Жоғары қарай тарқатқан кезде тоғыз ата. Қазақы байыптаумен: бала, әке, ,ата, баба, арғы ата, түп ата, тек ата, қаймана.

Ал керісінше: әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежат, жұрағат, қаймана.

Нағашыларымның руы – Алаша. Олар да ән, жыр, батырлық-батылдықтан кенде болмаған. Міне, осы бабаларымның қанындағы ақпарат маған жеткен. Әскерден келгеннен кейін еңбекке қайта араластым, түбі білім мен ғылымға бет бұратынымды іштей сезетінмін. Сол сеніммен, 2010 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетіне оқуға түстім. Ауылда өз өңіріміздің тұлғаларын үлгі етіп жүрсек, университетте қазаққа ортақ ғұламалардың, ойшылдардың еңбектерін, өнегеге толы өмір жолын зерделедік. Қазақтың тарихын оқыдық, қызыға-қызыға Түрік халықтарының тарихын оқыдық. Қазір ежелгі бабаларымыздың өркениетін шама-шарқымыз жеткенше жас буынға, өзімізден кейінгі тәлімгерлерге үйрету үстіндеміз.

- Тағлым алу бар да, тәлім беру бар. Екеуінің басын біріктіру оңайға соқпасы анық. Үйрену мен үйретуден үйлесімін қайдан таптыңыз?

 - Саналы түрде дайындалып, іштей қалыптасып журналистика саласына келгеннен кейін журналистика тарихын, қазіргі басылымдардың тарихын оқыдық. Алаш басылымдарының тарихын зерделедік. Мәселен, Алаш баспасөзіндегі ұлттық идея – бізге үлкен тұғыр болар, болашаққа бағыт сілтер  құнды еңбектерден арқылы санаға бекиді. Арыстарымыз жаңа заманға бейімделген білім деңгейін көтеруге үлкен үлес қосты. Алайда ол кезеңдегі қарашыны білімсіз деп тану – қате түсінік.  Бабаларымыздың өмірден түйген-көргендері, табиғаттың сырын ұғуы, қазіргі университет бітірген академик, ғылым докторларының білім деңгейінен бір мысқал кем емес. Мысалы, Мұстафа Шоқайдың «Түркістан» идеясын алыңыз. Мұстафа «Яшь Түркістан» деген журнал шығарды, Еуропада қайраткер ретінде танылды. Мағжан Жұмабаев та өз жырында:

«...Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда Ер Түрігім туып, өскен.
Тұранның тарихы бар толқымалы,
басынан көп тамаша күндер кешкен...» деп жырлайды.

Бұл нені білдіреді?..  Ертеде аса көлемді «Тұран» өркениеті болған. Оңтүстіктегі Сыр бойында, Түркістан аймағында үлкен қалалар болған. Сол жерлерде біздің ежелгі өркениетіміз қалыптасты. Түркі жазуын Сырдың бойындағы ежелгі бабаларымыздың танымына орнығып, орта ғасырға дейін жетпеген деп айту қисынсыз. Бұл пікіріме қазба жұмыстары –  басты айғақ. Осындай дүниелерді зерттей келе, мен Түрік халықтарының ежелгі жазуын зерттеуді қолға алдым. Әлемдік ғалымдар бұл бағдарды руналогия, руника деп жіктеп жүр. Бізде Түркология деп айтыла  бастады. Мен де осы тақырыптың турасында үлкен еңбек жазсам деп армандадым, кәміл түйсіндім.  Менің ішкі үйлесімімнің бар сыры осында.

- Түркі мұрасын зерттеуде қандай ерекшеліктер тауып,  келеңсіздіктерге ұшырадыңыз?

- Түрік халықтарының тарихы кезінде әр түрлі патшалықтардың, кейбір ұлттар саясатының тұрғысынан түгелге дерлік жойылған. Алайда «Күлтегін»,  «Білге», «Тоныкөк» ескерткіштеріндегі жазулар таусылмайтын тақырып. Басында атаулы саланы зерттегенде тым әріге құлаш сермедім. Пиктограмма, идиограмманы қарастыра бастадым. Аныықтап айтсақ, кәдімгі тастардағы суреттер. Алатауды аралап, Қаратауды саялап, таудың бөктерінде тыныстадым. Адырлар, бұйраттардағы тастарды теріп, кеудесіне қашалған жазуларды оқыдым. Бірде, Қаратауды зерттеу барысында алып тастан түйенің шідерленген суретін кезіктім. Таста шідердің, яғни  алдыңғы екі аяғындағы тұсаудың жібі анық көрініп тұр. Ботасы қасында бос жүр. Бұның шешімі не? Шешім: тастағы сурет – адамдардың аңдарды қолға үйрете бастаған кезеңінен хабар береді. Мұның хронологиялық шеңбері біздің жылсанауымыз бойынша 2000 жылдардан әріге асып кетуі мүмкін. Тастарда үлкен ақпарат бар, ол қазаққа ғана қатысты емес, адамзаттық тарихқа ортақ мұра. Қазір көбі тастағы жазуларға қатысты үстірт ойлайды. Қаратауда, Тарбағатайда, Алтай тауында үлкен қойтастар өте көп. Бірақ олар тиісті деңгейде қорғалмай жатыр. Көбісі өндіріске қолданылып, уатылып  жатыр.  Егер олар жойылмай тұрса, кейін жас ұрпақ талқылап, игілікке айналдыратынына сенемін. Мұраларды әдебиетшілер әдебиеттің тарихы ретінде, суретшілер фото тарих нысаны ретінде қарастырады. Біз үшін  тастағы таңбалар – ақпараттың тарихы.

- Далалық өркениет бізге құпиясын толық ашпады дейсіз ғой?

- Иә, қазақ журналистикасы тарихының өзі адамзаттың жер бетінде сөйлеп, қауымдардың алғашқы таңбаны тасқа қашап жаза бастаған кезеңінен бастау алады. Біздің баспасөздің тарихы, таңбалы ақпарат таратудың тарихы, ғылыми тілде айтсақ, пиктограмманың тарихы кейбір болжамдар бойынша жүз мыңдаған жылдарға кетіп қалуы мүмкін.  Демек, сабақтастықтың сыры тым әріде, дархан даланың құпиясында. Биыл әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын тойлағалы отырмыз. Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген нақыл сөзін көп айтамыз. Дегенмен, осы ретте ғалымның тағы бір пікірін алға тартқым келеді. Ол «Тәрбие дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген ізгілік құндылықтар, этикалық құндылықтар. Сол ізгілік құндылықтар арқылы өнер қуатын дарыту» дейді. Демек, түркілердің ортасы – аса ізгі орта болған. Әл-Фараби кейін осы ізгі ортада ұрпақтарының да тұлға ретінде қалыптасқанын армандаған. Дені сау, ұзақ жасайтын ұлтының болғанын қалаған. Тіпті, Ибн Синаның әл-Фараби еңбектерін оқу арқылы медицинаның атасына айналғанын ешкім ашып айтпайды. Аңызға сенсек, бірде, әл-Фараби Отырар жанындағы шағын қалада келе жатып жол шетінде ішін баса ауырсынып жатқан адамды көреді. Оған бірден ота жасап, соқыршегін алған. Мұнда негіз бар.  Түркілер ертеде мың, он мың түмен қол бастап Еуропаға шапқан. Қанды қырғында қанша жауынгер жараланған. Жаралы жауынгерді емдейтін оташылар, сынықшылар түменбасылардың жанына қатар еріп жүрген. Демек, Фараби түркілік өркениеттің аясында өсіп-өркендеген тұлға.

- Иә, «Музыканың үлкен кітабы» еңбегінен де дала сазының, ғасырлар сазымен сырласқан аспап үнінің парасаты байқалып тұрады.

 - Бізге жеткен деректер Фарабидің музыка тілімен адамдарды жылатып, күлдіріп, ұйықтатып кеткендігін айтады.  Біздіңше, музыка терапиясы. Саз, ән-күй, тіпті, домбыра құрлысының өзі дүниедегі барлық ғылымдармен астасып жатыр. Мысалы, ноталарды қосып тарту – есеп, дыбыстың ауқымы – физика, саз арқылы ой айту, ақпарат беру – журналистика, кейбір ретте философия. Ендігі кезекте, Фарабидің еңбектері осы бағытта зерттелуі қажет. Күймен, сазбен ой айту, ақпарат беру –  Жошы хан дәуіріне дейін, шамамен, оныншы, он екінші ғасырларда қалыптасып қойған. Қазір де кейбір жайттарды музыкамен ұсынамыз. Яғни, музыка – ұғым, дерек беруге қауқарлы. Мұнымен қоса, мен Фарабидің тұлғалық ерекшеліктері, дарыны жайлы сөз қозғағанда Абайдың Фараби мектебінің өкілі екенін бағамдаймын. Қазір Абайдың Фарабимен рухани үндестігі зерттелуі қажет. Неге десеңіз, ғұлама ғалым өлеңінің басында: «Қашықтасың туған жер, қалың елім!» деп жырлайды. Абай: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп күңіренеді. Сондай-ақ, Әл-Фараби өлеңінде: «Зиялы аз, біртұтам тіршілікте – әкімдікке көбісі жүгіреді...» Түйінді ой Абайша: «Бас-басыңа би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын!..» деп өрбиді. Бұл – ой жалғастығы, ғасырлар жіптігіндегі Фараби мен Абай руханиятының өзара байланысы.  Бұдан шығар қорытында, дала құпиясының сыры – өзара сабақтастықта жатыр. Келер ұрпақ, біздің буын өз алдына Фарабиді, өз алдына Абайды көтермелемей, қазақ даласының ғұламалары арасында жатқан сабақтастықтың тамырын баса білуі қажет.

- Түркі таңбаларын заман талабына сай білім беру әдістерімен насихаттап жүргеніңізді жақсы білемін. Патша көңілді оқырманның игілігі үшін бір талқылап өтейікші?!.

- Жақсы, қазір таңбаларды оқудың бірнеше әдіснамасы бар. Отандық ғалымдардан Алтай Аманжолов, Сәрсен Аманжолов, Мырзатай Жолдасбеков, Аманқос Мектеп-тегі сауатты зерттеулер жүргізді. Қазір  осы салада көңілге қонымды тұжырымдар айтып жүрген Әділ Базылхан деген түркітанушы ғалымды ерекше атаймын.

Абай:
«Болмасаң да ұқсап бақ,
бір ғалымды көрсеңіз,
ондай болмақ қайда деп,
айтпа ғылым сүйсеңіз» дейді.

Мен де осы аталған ғалымдардың еңбектерін оқи отырып өзімнің тұжырымымды, әдіснамамды ұсындым. Яғни, оқыту методикасы. Әдіснама бойынша руникалық таңбаларды оқып, жазуды студенттер жылдам игеріп кетеді. Бұрынғы кітаптарда да руниканы меңгерудің жолдары нақты көрсетілген. Қазіргі жастар олардың барлығын парақтап шығады деп айту қиын. Жастарға ілім үйретуде жаңа технологиямен байланысқан, қабысқан тың тәсілдер қажет. Мен электронды бағдарламалар мен жазу мәдениеті заңдылықтарын топтастырып отырып меңгеруді құп көремін. Таңбалармен «АТА», «АНА», «ТУҒАН ЖЕР» деген сөздерді жаздырудан бастап, жеті атасын, түрлі мәтіндерді жазуға сатылап көшемін. Біздің әлі де жазу санатындағы сана межеміз – құлдық деңгейде. Бұрындары төтемен жаздық, кирил әріптерін қолданып келеміз, енді қайтара латын әліпбиін таңбалағалы жатырмыз. Көбісі руниканы техникалық жаңғыртуға келмейді деп есептейді. Алайда смартфонда руника қаріптерімен мәтін теріп, хабарлама жолдай алатын «Бітік», «Бітіч», «Көк жазу» содан соң Әнуар Ақдәулет деген маманның өзі жасап шығарған қосымшасы, төрт бірдей бағдарлама жұмыс істеп тұр.  Төрткүл дүниенің кез келген тіліндегі ақпаратты  түркі таңбаларына ауыстырып, бабаңның таңбасымен оқи беруіңе болады. Бұл көбі ойлағандай қиын нәрсе емес.

- Барлығы түркілік дүниетанымға сай ІЛІМ-нен өрбиді дейсіз ғой?

- Иә, «ілім» деген сөздің түбірі «ілу» ғой.  Барлығы түркінің «ілім» деген сөзінен шығады. Ілім дегеніміз – ақпаратты, білімді ілу, бойға жинау. Жүсіп Баласағүн өзінің еңбегінде: «Әуелі оқып, оны ойыңа өре біл, өзі-ақ келер содан соң жазу өнері» деп толғайды. Мысалы,  Әл-Фараби  бабамыз өмір бойы оқыған адам. Ғұлама Абай кемелдік жасқа келген кезде де оқуын тоқтатпаған. Бүгіндері де де бар. Сөз ыңғайында айтайын, Илья Жақанов деген ағамыз егде тартқан шағында оқуын аяқтады. Сондай-ақ профессорлар, академиктер де оқиды, ізденеді. Бірақ ол жас кезде оқу сіңіргендей болмайды.  Қазақ мұны «Жас кезіңде оқысаң,  тасқа басқандай, үлкейгенде оқысаң, мұзға басқандай» дейді. Жас шақта адамды өзінше тұжырым жасауға, өзіндік ой, пайым айтуға, жан-жақты ойлау машығына дағдыландырған дұрыс.  Сосын университетте жағдай жасалуы керек. Қазір мектептегі жалақы артқан соң оқытушылар мектепке ауып кетіп жатыр. Мектепте орта білім алып келген бала университетте жоғарғы білімге, ғылымға дағдылануы қажет. Кез келген еңбек нарығында адамдар жақсы жалақы төлейтін жерге ауысып кететіні аян.

- Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ұлттық идея тақырыбы қатты көтерілді. Осы тақырыптың төңірегіндегі мақалалар басылымның бетін бермеді. Алайда, нүктеге дөп түспей, төңіректеп жүрміз. Егемен мемлекеттің ұлттық идеясына қатысты пікіріңізді білгім келеді.

- Ұлттық идея деген ұғымды теріске шығара алмаймыз. Біздің ақын-жазушыларымыз бұл бағытта үнемі сөз таластырып келеді. Кеше ғана сексеннің сеңгіріне шыққан, бүгіні Америкада тұратын жазушымыз Мұхтар Мағауинді көптеген зиялы қауым өкілдері құттықтап, еңбектерін ой елегінен өткізіп жатыр.  Мұның сырын айтайын. Неге Мағауин шетелде тұрады? Отанымыз үшін ұлттық идеяның нақты бағдарын ұсынған, анықтама берген тұлғаларымыз қоғамнан шеттетілген, шеттетіліп те жатыр. Мысалы, Мағжанның қудалауға түсуі, бұрнағы түркология саласында зерттеулер жүргізген Бейсенбай Кенжебаев сынды ғалымдардың қудалауға ұшырауы секілді дүниенің бүгін де жалғасын көріп жатырмыз. Оны кім істеп отыр, әрине, қазақтың тілін, ұлттық идеясын түсінбейтін, патриоттықты басқаша қабылдайтын өкілдер істеп отыр. Ұлттық идея жайлы айтқанда алдымен бір нәрсені түсініп алуымыз керек. Ұлттық идея берік орнауы үшін ұлттың ана тілі күнделікті қолданысқа енуі қажет. Тілмен бірге  төл таңбамыз да қатар жүруі керек. Яғни, таңбаның бейнеленуі, таңбалануы, қазір жазылуы деп айтамыз. Қайталап айтам, жазу жағынан келген кезде ата-бабаларымыздың төл жазуы – түркі жазуын қайтара қолдануымыз қажет. Күні кеше Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне Моңғолия жеріндегі Орхұн-Енисей өзенінің бойынан табылған «Күлтегін» ескерткішінің көшірмесін әкеліп қойдық. Бірақ оны ешкім оқуға, ұғынуға ұмтылмайды. Өз ұрпақтарын былай қойғанда, ғалымдардың өзі түсінбейді. Түркологпын, тарихшымын деп жүрген талай ғалымның өзі соның бір әрпін, бір жолын оқуға шамасы жетпей келеді.  Бабасынан қалған тамғаны түсіне алмаған адам қалай елге идея, идеология жайлы ақыл айта алады?

- Қазір «Өркениеттер қақтығысы» салтанат құрған кезең. Барлық мемлекеттер өз өркениетін әлемге танытуға, соны тренд етуге ұмтылып жатыр. Бұл орайда, руна жазуы әлемдік деңгейде мойындалуымызға нақты қадам бола ала ма?

- Кезінде түркілердің қалыптастырған «Тұран» өркениеті, сақтардың өзіндік өркениеті, төл жазулары әлемде құбылыс болған. Қазір біз сол өркениетті жалғастырушы ұлтпыз деп кеуде соғамыз. Рас, алайда бізде тіл сақталған, өзгеріске түскенімен тілдік бірліктер сақталған. Бірақ таңбалануы жоқ. Осы төңіректе ғалымдар жиі ойланса екен деймін. Бұл жағынан келген кезде ғалымдардың өзін ағарту керек шығар. Тарихи сауаттылықтарын, таңбатану сауаттылықтарын ашу қажет. Өз таңбаларымен жазып, ағылшын тілін қатар қолданған мемлекеттердің көштен қалған ешбірін көрмедім. Өркениетті тек өзгеге ұмтылу арқылы емес, өзіңдегіні өшірмеу арқылы таныта аламыз.

- Бір әңгімеңізде: «Төл әріптерімізде меңгерген адамның санасы түбегейлі өзгеріске ұшырайды» деп айтасыз. Шетін кетпесін, сырын ашайықшы?

Ата-бабаларымыздың ертедегі сөйлеген сөзі, іс-әрекеттері, көрген дүниесі, жазған-сызған таңбасы, барлығы да санада қатталып, ми қыртысының ішінде материалданып сақталған. Бұл қанға сіңіп, бізге жеткен болуы мүмкін. Бұл  -   қандағы ақпарат. Қандағы ақпараттар бойымызда тұншығып жатыр. Яғни, біз жиі айтып жүрген генетикалық код, қанымыздағы тұншығып жатқан, булығып жатқан құпия ақпараттар. Бұл ақпар – әрбір қазақтың бойында бар. Сондықтан, тамға ілімін меңгерген адам тек ойланып қоймай,  гипотеза жасап, ақпаратты парықтап, парқын, нарқын біліп үлкен күшке ие болады. Еркін ойлау мен еркін сөйлеуге, қорытынды шығаруға бейім келеді. Олжас Сүлейменовтың «Қыш кітабы» туындысының алғысөзінде: «Құбылыстың таңбасын біл, құдіретті боласың» деген тіркес бар. Расымен, таңбаларды он жылдан астам зерттеп келе жатырмын. Сол уақыт аралығында барлық түркі таңбаларының қоршаған ортада, табиғатта, аспандағы жұлдыздарда, айда, күнде жазылып тұрғанын байқадым.  Мәселен, жуан «Н» деген таңбаны алайық. Ол апан дегенде келетін «Н» таңбасы, бағыты да шын мағынасында апанның суреті сияқты. Содан соң жіңішке « ІН» деген таңба бар. Ол аңдардың ұңғып қазған ініне ұқсайды. «Д» деген таңба адыр төбелерді белгілейді. Бұлар құбылыстың таңбаларымен бір болғасын, геометриялық-симметриялық жазуға жатады. Жазудың өзі «су-жер» деп аталады. Демек, жерлі тану. Меніңше, таңбаның сырын ұғынған адам кейде бір өмірдің сырларын да ұға бастайды, өз ұлтына, ата-бабасына жақындай түседі.

- Сұхбат бергеніңіз үшін көп-көп рақмет!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер