Шетелдік БАҚ: "Блинкен Қазақ еліне еріккеннен келген жоқ, Украина соғысының көлеңкелі тұстарын көру үшін келді"

2460
Adyrna.kz Telegram

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақ еліне ат басын бұруына қатысты шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. "France24" ақпарат агенттігінің жазуынша, Энтони Блинкен АҚШ-тың рөлін арттыруға бағытталған арнайы сапармен Қазақстанға келген. Себебі, Ресейдің Украинаға басып кіруі Қазақстанда да саяси алаңдаушылық тудырған, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы  "France24"- ке сілтеме көрсете отырып. 

Агенттіктің хабарлауынша, АҚШ-тың жоғары дәрежелі дипломатын Қазақ елінің шенеуніктері қақаған қыстың қара суығында қарсы алған. Дипломат Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, кейін Өзбекстанға ұшады.

Сонымен қатар, Блинкен Астанада Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан кіретін Орталық Азиядағы барлық бес республиканың Сыртқы істер министрлерімен кездесуді жоспарлап отыр.

Осы орайда шетелдік бұқаралық ақпарат арнасы Ресей мен Орта Азияның қазіргі саяси байланысын індете жазады.

"Орталық Азия елдері Ресеймен қауіпсіздік және экономика саласында бұрыннан байланыста, бірақ олдардың бұрынғы кеңестік Беларусь Республикасынан айырмашылығы бар. Басты айырмашылығы - Орта Азия мемлекеттерінің соғыс кезінде Мәскеудің айналасына топтанбауы.  Орталық Азияның барлық бес мемлекеті өткен аптада Ресей билігінің Украинадан кетуін талап еткен БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында дауыс беруден қалыс қалды немесе дауыс беруден қашты" - деп жазды ақпарат арнасы.

Сонымен қатар, ағылшын тілді аудиторияға Орта Азиядағы орыстардың қысым көріп жатқаны туралы жалған желеу де белгілі болып шықты. Путиннің әмбеге аян сұрқай саясаты жайлы олар:

"Президент Владимир Путиннің Украинадағы орыс тілділерге деген қарым-қатынасты жалған айыптап, соғыс өртін тудыруға деген сылтаулары орыс диаспорасы тұратын Орталық Азия елдерінің де жүйкесін тоздырды",  - дейді басылым бұл жайында.

Басылымның жазуынша, Орта Азия - АҚШ, Қытай, Ресей арасында таласқа түсетін басты аймақ. Басылым Қазақ елінің дипломатиялық саясатын да бағамдаған:

"Құрлықта Ресеймен ең ұзын құрлық шекарасы бар мемлекет - Қазақстан. Қазақстан жақында  әскери қызметтен қашқан ресейліктерді қарсы алып, халықаралық құқық заңдылықтарын сақтады. Соғысты дипломатиялық бағытта реттеуге шақырды. Жақында Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті, дегенмен Путинге де барды", - деп жазады байқампаз басылым.

Сондай ақ;

Америка Құрама Штаттары өзінің ең маңызды әрі күшті қарсыласы ретінде қарастыратын Қытайдың саясатына тойтарыс беруді көздейді. Соған сай Қытаймен шекаралас аймақтарда өз ықпалды кеңейтуге тырысады. Президент Си Цзиньпин өткен жылы Covid-19 пандемиясынан кейінгі шетелге шыққан алғашқы сапары үшін Қазақстан мен Өзбекстанды таңдаған еді - деп түйінін айтады.

Орайы келгенде айта кетейік, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді. Астанада оны Тоқаев қабылдап, Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді келіссөздер жүргізеді.

Сондай-ақ, Астанада Блинкеннің қатысуымен С5 + 1 форматында Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы саяси ведомстволары басшыларының министрлік кездесуі өтеді.

Орталық Азиядан кейін Блинкеннің сапары Нью-Делиде жалғасады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер