Тіл заңы бәрімізге ортақ, талап та қатты болуы тиіс! - Сәкен Есіркеп

4411
Adyrna.kz Telegram

"Тіл заңы бәрімізге ортақ, талап та қатты болуы тиіс. Тілімізді қорлағандарды заңды түрде жауапқа тартып, мінез көрсетсек, нәтиже шығады. Көп түкірсе көл дейді. Біз бірігіп, көлге айнала білуіміз керек. Өз жерімізде өз тұлғаларымызды насихаттап, дәріптеуімізге не кедергі? Ана тіліміздің тұғырына қонып, өзіне лайық мәртебесін алса тарихи әділдікке қол жеткізгеніміз емес пе?". Бұл пікірді Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Adyrna.kz ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.

 

КӨРНЕКІ АҚПАРАТ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС ӘКЕЛДІ? 

 

Міндетті түрде мемлекеттік тілде жазылсын деген талапты ашық қоя бастадық

 

Көрнекі ақпарат, сыртқы жарнама өзекті мәселенің бірі. Елдегі заңнамалық базада тілдік нормалардың сақталуы туралы талаптар бар. Дегенмен аталған талаптар орындалмаған жағдайда кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту механизмі жетілдірілмеген. 2021 жылдың 29 желтоқсанында Президент «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға  қол қойды. Осы Заң негізінде бірнеше өзгерістер енгізілді. Мәселен, бұрын қоғамдық тамақтану орындарында ас мәзірі көбінесе орыс тілінде жазылатын, қазақша болу керектігі Заң бойынша талап етілмейтін. Соңғы өзгеріс бойынша бұл міндетті. Сонымен қатар жеке сектордағы мекемелердегі маңдайша жазулар бірінші қазақ тілінде, екінші орыс тілінде жазылуы тиіс деген талап болатын. Мысалы, сіздің бір қоғамдық ұйымыңыз бар. Оның жұмысы тек қазақ тілінде жүргізіледі. Бірақ, сіз мейлі ауылда тұрсаңыз да, екі тілде жазуға міндетті едіңіз. Өйткені ол Заңда бар талап. Енді бұл Заңға өзгерістер енгізілді. Тек мемлекеттік тілде ғана жазылуы тиіс. Қажет болған жағдайда ғана орыс тілінде немесе басқа тілдерді қосуға болады.

 

 

 

Десе де кәсіпкерлерге тіл мәселесіне қатысты шағыммен бара алмаймыз

 

Қазір осының барлығы сәл де болсын көңілге медеу болатын жақсы өзгеріс деп айтуымызға болады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Біз одан да көп мәселелердің шешімін сұраған едік. Мемлекеттік органдарға кәсіпкерлерді тексеруге қатысты бақылау функциясын берілсін деген мәселені Қазыбек Иса, Берік Әбдіғали, Айдос Сарым, Жәнібек Әшімжан сынды мемлекетшіл азаматтар көтерген еді. Сол жұмысшы топта мен де болдым. Өйткені, біз кәсіпкерлерге тіл мәселесіне қатысты шағыммен бара алмаймыз. Бұған Заңмен тыйым салып тастаған. Соған рұқсат етуді сұраған едік. Өкінішке қарай бұл түйткілді мәселе шешімін таппады.  Бақылау функциясын беру туралы мәселеге Атамекен кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі «Кәсіпкерлердің дамуына, жұмысына кедергі келтіресіздер. Көптеген кедергілер алынып тасталды. Енді қайтадан кедергі келтірейіп деп жатырсыздар ма» деп қарсылық танытты. Атамекен қарсы болса, ол Заң қабылданбайды. Өйткені «Атамекен кәсіпкерлердің құқығын қорғайды» деген қағида бар. Тіл жанашырлары қанша қаласа да, бұл заңнамада әлі де қол жеткізе алмай жүрген басты талап-тілегіміз.

 

2018 жылға дейін кәсіпкерлерге айыппұл салуға болатын еді

 

Тіл басқармасының жұмыс істейтін әдіс-тәсілдеріне келетін болсақ, бізге мароториймен кәсіпкерлерге баруға, тіпті профилактика жүргізуге тыйым салып тастаған. Оны мараторий жариялаған құжаттан қарап көрсеңіз көз жеткізесіз. Енді құр қол қусырып отыруға болмайды ғой. Сосын басқаша тәсілге көштік. Мысалы, тіл мәселесіне қатысты заңбұзушылықтар болса біз алдымен ресми хат жазамыз. Хатты басқарма қызметкері құқық бұзған мекемеге апарады. Хатты қолға ұстатып тұрып, сіздер заң талабын бұздыңыздар, маңдайшадағы жазуларыңыз дұрыс емес. Ол былай болуы керек. Ішкі көрнекі ақпараттарыңыздың мына жерің түзету керек» деп тек түсіндеру арқылы мәселені шешуге тырысамыз.  Егер барған мекеменің басшылары, өкілдері дұрыс қабылдаса, Заң бойынша ақпараттардың барлығын тегін аударып береміз. Құқықбұзушылықтарды түзетуге 1-2 ай уақыт беріп, бағыт-бағдар көрсетеміз. Айыппұл салу тетіктері қарастырылмағандықтан көп жағдайда ешнәрсе істей алмайсың. 2018 жылға дейін кәсіпкерлерге айыппұл салуға болатын еді. Қазір ондай шара қолданбағандықтан тиісті нәтиже бермейді. Қолымыздан келетіні айту, түсіндіру. Кейбір кәсіпкерлер бірден түсініп, түзетулер енгізеді. Ал енді біреулері сыртыңнан шағым түсіріп, таяқ жеп жататын кезіміз де болады.

 

«Ішкі ісімізге араласып жатыр» деп үстімізден арыз түсіретіндер бар

 

Жыл басынан бері Астанадағы 1000-нан астам объектіде қате жарнаманы түзеттірдік. Мәселен, екі жылдай бұрын Астанадағы «Астаналық» сауда үйінде тілге қатысты келеңсіз оқиға орын алды. Ұлты шешен сатушыдан қазақтар қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұраған. Ол «басымды қатырма» деген мағынада сөз айтып, қазақша жауап бермеген. Екі тарап арасында тілге қатысты жанжал туындаған. «Қазақша сөйлемесең қалай қызмет көрсетіп жатырсың» деп ашуланған тараптың видеосы Ютубқа шығып кеткен. Видеоны көргесін қызметкерімді жіберіп, «мына кісілерге түсіндірме жұмысын жүргізіңіз» деп тапсырдым. Сөйтіп біздің қызметкеріміз екі тарапты татуластырды. Мәселе шешімін тапты деп ойладық. Бірақ біз кеткеннен кейін сауда үйінің әкімшісі қалалық прокуратураға «Осындай мемлекеттік мекемеден келіп ішкі ісімізге араласып жатыр. Бұл қаншалықты заңды? Құқықтары, құзыреті бар ма?» деген ресми арыз түсіріпті. Кейін прокуратура органынан әкімдікке хабарласып, қызметкеріме де, өзіме де тәртіптік жауапкершілік қарастырылуы тиіс деген талап қойды. Сөгіс алуымызды сұрады. Үлкен басшылар араласып, түсіндірдік. Айттық. Әзер дегенде тоқтады ғой.  Осындай тілге қатысты құқықбұзушылықтарға мемлекеттік органдардың тікелей барып араласуына шектеу қойып тастағандықтан көп мәселені шеше алмаймыз. Егер рұқсат берілетін болса, бізде емін-еркін барып, түсіндірме жұмысын жүргізер едік. Мемлекеттік тіл сақталуы керек, қазақ тілі мәртебесі көтерілуі қажет деп сіз айтасыз, біз айтамыз. Бірақ оны талап ететіндер саны көп емес қой... Ал кәсіпкерлердің қаншама әскері бар. Олар қандай жағдай болмасын бір-бірін қолдап шыға келеді. Осының салдарынан зардап шегетін, көсегесі көгермей келе жатқан – қазақ тілі... Радикалды әдіс емес жанашыр, белсенді азаматтар бірлесіп, тиісті органдарға ұсыныс тастап, әрекет етсе көп нәрсе шешімін табар еді. Мәселен, өткенде Мухоряповтың жағдайы қалай болғанын білесіздер ғой... Арты қалай болды... Тіл заңы бәрімізге ортақ, талап та қатты болуы тиіс. Тілімізді қорлағандарды заңды түрде жауапқа тартып, мінез көрсетсек, нәтиже шығады ғой. Міне, осылай әрекет етуіміз керек. Көп түкірсе көл дейді. Біз бірігіп, көлге айнала білуіміз керек.

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУДЕ ҚАНДАЙ ИГІ БАСТАМАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНУДА?  

 

Қазақ тілінде таза сөйлеудің әдістерін үйрететін шешендік өнер курсын қолға алмақпыз

 

2023 жылы былтыр жасаған дүниелердің біразын жалғастырамыз деп отырмыз. Бірнеше жылдан бері әр түрлі мекемелер, журналист, блогерлер арасында сапалы қазақ тіліндегі контент болсын деп куиз интеллектуалдық ойындарды өткізіп келеміз. Келесі жылдан бастап қазақ тілінде таза сөйлеудің әдістерін үйрететін шешендік өнер курсын қолға алмақ ойымыз бар. Жастар арасында өте танымал киберспорттан қазақша сайыстар ұйымдастырғымыз келеді. Бірақ бұның бір кемшілігі бейәдеп сөздер көп қолданылады екен. Осы мәселені қалай шешуге болатынын ойластырып жатырмыз. Рухани-танымдық кездесулерді де жиі өткіземіз. «Қара шаңырақ» РҚБ директоры, тарихшы-этнолог Тұрар Сәттарқызы сияқты ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген, айтары бар спикерлерімізді жастармен, балалармен, оқушылармен кездесуге апарамыз. Бүгінгі қоғамға қажет тақырыптарды қозғайтын беделді тұлғалармен кездесулер үнемі өткізіліп тұрады.

 

 

Ұлыларымыздың қанатты сөздері жазылған билбордтар ілінуде

 

Рухани құндылықтарымызды дәріптеу және өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, ұлы тұлғаларымыздың қанатты сөздерін қала билбордтарына, аялдама пилондарына орналастырдық. Осының барлығы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының идеясы әрі бастамасы. Сонымен бірге, Елордадағы барлық сауда үйлерінде, ірі базарларда белгілі ақындарымыздың қара өлеңдері мен нақыл сөздерімізді аудио жазба түрінде жариялап жатырмыз. Осындай бастамашылдығымыз үшін де кейде сөз естіп жатамыз. Бірнеше жыл бұрын осылай ұлы тұлғалардың суреттері мен қанатты сөздері жазылған билбордтарды көптеп ілдік. Шоқан Уәлихановтың өмір сүрген жылдарын жазғанда техникалық қате кетіп қалыпты. Өзім Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте оқығанмын. Оның өмірбаянын бір кісідей білемін. Бірақ көп эскиздің ішінде небәрі 30 жыл өмір сүрген Шоқан Уәлихановтың өмір сүрген жылдары 1835-1965 жылдары деп жазылып кетіпті. Мұны көрген бір азамат суретке түсіріп, әлеуметтік желіге, интернет сайттарға жазып жіберген. Халық «Әкімдік сауатсыз, не жазғанын білмейді, мынаны жазған кісіні жазалау керек, масқара» деген сияқты неше түрлі пікір жазып, шулатып жіберіпті. «Инициатива наказуема» деген осы (күледі). Билбордтарды орналастыруға ешкім тапсырма бермейді. Бұның барлығы да таза өзіміздің идеямызбен іске асып жатыр. Бірақ бұл нәрсенің барлығы да тіліміздің көсегесінің көгеруіне аз да болсын қосқан үлесіміз ғой. Жұмысты ары қарай жалғастырып жатырмыз.

 

Атамекен кәсіпкерлер палатасымен байланыс орнаттық

 

Атамекен кәсіпкерлер палатасымен де тығыз байланыстамыз. Кәсіпкерлерге тиісуге болмайды деген талап бар. Кәсіпкерлермен меморандумға отырдық. Енді кәсіпкерлерге барғанда Атамекеннің өкілдерін алдымызға салып, әрекет етеміз. Атамекен арқылы кіреміз. Мемлекеттен мемлекеттік қызметшілерге кедергі бар жерде, Атамекен арқылы шешеміз. Кәсіпкерлерді жинап, зум арқылы жиналыс өткіземіз. Хаттама апарамыз. Қолымыздан келгенше осылай әрекет етіп жатырмыз.  Енді кәсіпкерлерге тиісуге болмайды деген Заң бар екен деп босқа отырмаймыз ғой. Шешілу жағын осылайша қарастырып жатырмыз.

  

Тіл білсенділерімен бірге көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаларды қазақшаландырдық

 

Біраз тіл белсенділерімен жақсы қарым-қатынастамыз. Халықаралық Қазақ тілі қоғамымен де бірлескен ортақ жобаламыз бар. «Қазақша жаз» деген топ бар. Астана қаласындағы ірі сауда үйлері, мемлекет мекемелерінің барлығына әлеуметтік желілер арқылы ықпал етуге тырысып, қазақшаландыру жағын үздіксіз қадағалап отырамыз. Бір нәрсені айта кету керек, көрнекі ақпараттар, сайттар, көшелер қазақшаланып жатыр. Көпшілімізге бәрі солай болуы керек сияқты көрінеді. Көбіміз түзетілген нәрселерді Тіл басқармасының жасағанын біле бермейміз. Тек проблемалық жер ғана көбірек көрініп қалады.

 

Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына орай ауқымды шаралар өткізілді

 

Биыл Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына қатысты ауқымды шаралар ұйымдастырдық. Елімізге танымал ғалымдар, мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. «Қара шаңырақ» РҚБ бірлесіп елорда мектеп оқушылары арасында «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» атты шығармашылық байқау ұйымдастырып, ұлт ұстазы өмірінен театрландырылған қойылымдар қойылды. Жазушы Төлен Әбдіктің 80 жылдығына орай танымдық шаралар өткіздік және т.б.

 

50 көшенің атауы қазақшаланып, 21 мектепке ұлы тұлғалардың есімі берілді

 

Биыл 50-ден астам көшенің атын бердік. Тағы да 50-ге жуығын ауыстыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Мұның барлығы Мәслихаттан, Қоғамдық Кеңестен, ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясынан, қоғамдық талқылаулардан өтіп барып, нүктесі қойылады. Көшелердің атауын ауыстыру әкімдік қаулысы мен мәслихат шешімімен бекітіледі. Ал мектептерге тұлғалардың есімін беру Үкіметтің қаулысымен шегенделеді. Соңғы бір жарым жылдың ішінде елордамызға 21 мектепке Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Смағұл Сәдуақасұлы, Мұхтар Әуезов, Өзбекәлі Жәнібеков, Қаныш Сәтбаев, Дінмұхамед Қонаев, Ақселеу Сейдімбек және т.б. белгілі тұлғалардың есімі берілді. Қазір Мағжан Жұмабаев, Талғат Бигелдинов сияқты 6 тұлғаның есімін қала мектептеріне беру туралы Үкімет қаулысы дайындалып жатыр. Жақында тағы бес мектепке ұлыларымыздың атын беру туралы қалалық ономастика комиссиясының шешімін шығардық. Қазір өзге де рәсімдік жұмыстар жасалып жатыр. Ер есімдері ел есіңде қалса жас ұрпаққа үлгі-өнеге емес пе?

 

Ешкімнің қызметі мәңгілік емес, бәрі уақытша

 

Артында дұрыс із, игі іс қалдыру үшін қолыңнан келсе барлық мүмкіндікті халық игілігіне пайдалану керек. Ешкімнің қызметі мәңгілік емес. Бәрі уақытша. Бүгін сен лауазымдасың, ертең барар орның белгісіз. Бүгінгімізге масаттанбай, ертеңімізді ойлап, «Мен осы қызметте отырғанда не бітірдім? Халық үшін не істедім? Артыма қандай із қалдырдым?» деп ойлаған уақытта өзіңнің ісің мен әрекетіңе ұялмайтындай болуың керек. Сондықтан қолда мүмкіндік болып тұрғанда еш жерден тайсалмай батылырақ әрекет етіп, кейбір жерде табандылық таныта білуіміз керек.  Бұны не үшін айтып отырмын? Біздің басқармаға қатысты талай сын-пікірлер айтылып, таяқ жейтін жағдайлар болады. Депутаттардың, Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдына ұсынысты қорғауға барғанда неше-түрлі сын-пікір айтылады. Кейбірін қабылдауға болады, кейбірі жөнсіз де айтылады. Плюралимзнің болғанына объективті қараймыз. Біраз кісі көрпені өз жағына тартқысы келеді. Ата-бабасына, өзі туған жерден шыққан кісілерді ұлықтағысы келеді. Субъектив пікірді байыппен қабылдаймыз. Өз адресімізге айтылатын орынды-орынсыз талай сынды да қабылдап жүрміз. Жұмыс істемеген адам қателеспейді деген тәмсіл бар. Бастысы лайықты адамдардың атын ұлықтауға үлес қоссақ деген ой.  Біз белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерімен жиі ақылдасып, кез-келген мәселені талқыға салып, ортақ бір шешім шығарамыз.

 

Ұлы тұлғаларымызға қаланың дұрыс жерінен көше атауы берілуі керек

 

Мәселен, ұлы тұлға Қожа Ахмет Яссауиға көше атауын бергіміз келеді делік. Ең әуелі лайықты қандай көше бар деп іздейміз. Яссауиға ұзындығы 300 м ғана көше беретін болсаң, ертең халық «Қожа Ахмет Яссауидай ғұлама тұлғаға осындай көше бере ме?» деп наразы болатыны анық. Сондықтан кем дегенде ұзындығы 5-6 шақырым үлкен-үлкен жолақтары бар, қаланың дұрыс жерінен көше атауы берілуі керек. Егер ондай көше жоқ болса, амал жоқ бұл бастаманы кейінге қалдырасың. Әрбір көшені сол жерде орналасқан мәдени немесе білім ошақтарына байланысты да береміз. Мәселен, елордамызда Қалибек Қуанышбаев атындағы театры бар. Сол жердегі көшеге бір-бірімен байланысты болсын деп Қалибек Қуанышбаевтың есімін бердік. Ал академик Шапық Шөкин мен Бердібек Соқпақбаевтың есімдерін білім мекемесінің жанындағы көшелерге беріп жатырмыз. Кейбір тұлғалардың есімдері тәуелсіздік алған жылдары берілген көшелер қаланың шет жағында қалып қойды. Мәселен, Мұстафа Шоқай, Нәзір Төреқұл, Құрманғазы секілді ұлы тұлғаларымыздың есімін қаланың ортасындағы көшелерге беруіміз керек. Уақыт еншісінде.

 

КӨШЕГЕ АТ БЕРУДЕН БАСҚА ӨЗІ НЕМЕН АЙНАЛЫСАСЫЗДАР ДЕП СЫНАП ЖАТАДЫ. БҰҒАН НЕ ДЕЙСІЗ?

 

Өз жерімізде өз тұлғаларымызды насихаттап, дәріптеуіміз қажет

 

Ия, мұндай сындарды оқып жүрміз. Менің жауабым былай: Біріншіден, мен өз жұмысымды атқарып жатырмын. Әркімнің өз жұмысы бар. Сол қызметті лайықты атқару керек. Егер сізді басқа мәселе алаңдатса сол мәселеге жауапты адамды мазалаңыз. Неге жұмыс жасалмай жатыр деңіз. Әркім өз шаруасымен айналысуы тиіс. Яғни бір шаруа жасалмаса, екінші жұмыс та тоқтап тұрсын деген ой қате деп білемін. Екіншіден не үшін көшеге атау береміз? Не үшін көшелерге тұлғалардың есімін береміз? Кеңес заманында түсініксіз атаулар берілген қаншама көшелер бар. Өз жерімізде өз тұлғаларымызды насихаттап, дәріптеуімізге не кедергі? Ана тіліміздің тұғырына қонып, өзіне лайық мәртебесін алса тарихи әділдікке қол жеткізгеніміз емес пе? Көше атауын қазақшаландыру, тұлғаларымызға мектеп, көше атын беру аз да болса осы мақсатқа жетуімізге септігін тигізеді.

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket