Әскери борышын өтегендер ҰБТ-сыз университетте тегін оқиды

2735
Adyrna.kz Telegram
Фото: qazaquni.kz
Фото: qazaquni.kz

Қазақстанда әскери борышын өтегендер ҰБТ тапсырмай-ақ университетте тегін оқиды. Бұл туралы Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмадиев айтты, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

“Бүгін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов және Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолдауы нәтижесінде 44 жоғары оқу орынымен әскери борышын өтегендерге 3 мың грант беру туралы меморандумға қол қойды. Яғни бір жыл әскери борышын өтегендер осы жоғары оқу орнына ҰБТ-сыз түсе алады. Сондай-ақ әскерде жақсы нәтиже көрсеткен жігіттер ЖОО есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болады”, - деп жазды Дархан Ахмадиев Facebook-те.

Оның айтуынша, тегін оқуға жіберілетін сарбаздарды іріктеу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін әскери қызметшінің рейтингін айқындайтын және университет бөлетін гранттың цифрлық платформаны әзірлеу туралы шешім қабылданған.

«Платформа жауынгерлік, дене шынықтыру және арнайы даярлықты бағалау нәтижелері бойынша әрбір сарбаздың жеке рейтингін айқындайды. Сонымен қатар, рейтингке олардың психологиялық жай-күйі мен жауынгерлік кезекшілігін атқару нәтижесі де кіреді. Барлық дерек қорғаныс министрлігінде жинақталады әрі оны өзгертуге болмайды», - деді вице-министр.

Пікірлер