Күн-сәби һәм «борщ» көже

2583
Adyrna.kz Telegram

Дүниенің бәрін иемдену ашкөздік көрінсе де, ұлттық сәйкестену (идентификация) үдерісінің көрпесін өзіне тартқыштаумен айналысу бұл заманның ұраны болып барады. Орыс көрші де бүгінде қарды да, қысты да, аязды да, орманды да, басқасын да оңды-солды иемденіп, басқаға ештеңе «қалар» емес. Бәлкім, сондай үлгіні көргендіктен бе, айналамыз түркі жұртына ортақ құндылықтарды да бөлшектеп, патенттеп алуға жанталасып жатыр. Алайда, мұның барлығы да далбаса әрекет. Шын мәнінде кімге ненің тиесілі екені бір Аллаға аян және Тарихқа мәлім. Бүгінгі қазақтың орда үйін (осыны киіз бен ағашқа телімей-ақ, осылай өз атымен атағанымыз жөн-ау) де, қымызы мен шұбатын да, шұжығын да ешкім келіп тартып ала алмайды. Мәселе, соны бүгінгі заман талабына сай құқықтық әрі тарихи жағынан рәсімдеуде болар.

Әңгіменің орайы келіп, бүгін біз орыстың һәм украйнның ұлттық асы саналып жүрген борщтың тегін тектеуді жөн көрдік.Әрине, онымыз қазақта ішер астың қалмағандығында емес, тарихи әділет пен ғылыми қисын үшін ғана.

Орыс қана емес, украйнның (бұл сөзді де қазақша жазуды ұйғарып отырмыз) да ұлттық асы саналатын «борыш» көженің тегін қарастырумен славян бауырларға тиісу ойымызда жоқ. Алайда, ұлттық тағам ретінде мойындалған осы асқа түркілердің тарихи ортақтығының барын аттап кете алмаймыз.

Біріншіден, ол астың атауына қатысты. Славян тілдерінде бұл ұғымды ақтайтындай сөз бар деу мүмкін емес. Орысша «борщ» сөзінің этимологиясы славяндардың өздерін де тұйыққа тіреуде, олар ескіславянша қызылшаны «бърщь» аталды дегенмен, оны халықтық этимология санап, ресми сөздікте ондай сөздің жоқтығы да мойындалып отырған шаруа. Шын мәнінде «борыш» аталып жүрген бұл сөз түрлі айтылатын түркілік «борша», «парша» сөздерінен туындағандығы дау тудырмас деп пайымдаймыз. Оған қыруар тілдік мысал бар. Бұл сөздің бүгінгі мәніне тоқталсақ: дал-дал, пәре-пәре, быт-шыт, бөлшек-бөлшек ету, тілім-тілім, жырым-жырым ету, тілгілеу, кескілеу (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, - Алматы: Дайк-пресс, 2008. – 968б: 138, 669 беттер). Алайда, аталған сөздікте бұл ұғым дәлірек қарастырылмаған. Шын мәнінде қыпшақтарда «борша», оғыздарда «парша» аталатын бұл ұғым ұзына бойы тілгілеу, осу арқылы бөлшектеу үдерісін білдіреді. Егер де әлгі борышқа етті де, капустаны да, қызылшаны да ұзына бойы тіліп салу ретін ескерсек, бәрі өз орнына келе қалады.

«Пора-пора терлеудің» өзі тердің адам бойында ұзына бойы ағу көрінісін бейнелейді. Оған қоса «парча» аталып жүрген жібектің түрі де ұзынынан түтіліп, жыртылатын матаның қасиетіне қатысты айтылады. Бір қызығы, славян тілдеріне енген түркілік ашық (соңы дауыстыға біткен) сөздер жабық сипатқа, ал жабық түрлері ашық сипатқа көшіп өзгеретін дәстүр қалыптасқан. Ашық «борша» сөзінің жабық «борышқа» айналуы да сол тілдік дәстүрге сыйып тұр.

Екіншіден, аталмыш астың әзірлену дәстүріне қатысты.

Мұндай ас әзірлеу салты түркілерде бар ма? Бар! Татардың «азу» аталатын қуырмашына етте, картоп та ұзына бойы туралып, сойдақ тіс секілді қуырылады. Азу тіске ұқсағандықтан болса керек, «азу» аталады. Ал осыны сорпаға қайнатып, капустаны да боршалап салсаңыз, әлгі «борыш» шыға келеді! Шамасы, шығыс және орталық славяндарға таралған бұл тағам Хазария қағанаты кезінде бұлғарлық түркілерден ауысып, славяндық сипат алған тағам болса керек. Тіпті, оның ежелгі сыйағы (аналогы) шұбаштарда да бар болар.

Бұған қоса қазақта «борша» аталатын да тағам бар екенін келтіру керек, борша – етті боршалап, тілместен қақтап пісірілген тағам.Бұл да әлгі боршалау технологиясын қуаттап тұр.

Үшіншіден, аталмыш астың әзірлену мазмұнына қатысты.

Жалпы, борыштың шикізаттарының ұзынша туралуы мен түсінің қызылша не қызан қосылып, қызартылуында ежелгі дәм-садақаның мәні бар. Шамасы, ол ежелгі дейтүркілік (дей–прото, мифолог Серікбол Қондыбай термині) Еділ бойындағы түркілердің «Нартуған» жоралғысына қатысты Күн-сәбидің туу құрметіне пісірілетін дәмнің түсі «нарттай» (шыққан күннің қызылындай) қызаруы мен күннің шапағындай (кірпігіндей) сояу болуы ескерілген секілді. Әрине, көженің ерте кездегі қызарту технологиясы басқа болуы да мүмкін.

Тарихы да, қан-жыны да араласқан түркі-славян жұрттарының бұл талай рет қайнап, қосылған тарихи сорпасының бір дәмі деуге әбден болады.

Серік ЕРҒАЛИ,

түркітанушы

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер