«Тұран» университетінде «Отанды қорғауда» газетінің 80 жылдығы қарсаңында «Майдан журналистикасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

3040
Adyrna.kz Telegram

Мамыр айының бесінші жұлдызында, Тұран университетінде, екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарынан кейін еңбек жолын қатардағы экономист болып бастаған академик Түймебай Әшімбаевтың "Отанды қорғауда" газетінің 80 жылдығы қарсаңында "Майдан журналистикасы" атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған қоғам қайраткерлері, ғалымдар, әскери тақырыпта қалам тербеп жүрген жазушы, публицист, журналистер қатысты. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге белсенділер онлайн да қатысып, көзайым бола алды. 

"Отанды қорғауда" газетінің алғашқы нөмірі Ұлы Отан соғысы кезінде, 1942 жылдың 11 маусымында жарық көрген болатын. Онда негізінен қоршауда қалған қала тұрғындарының ауыр халі мен қазақ жауынгерлерінің сұрапыл соғыстағы қайтпас қайсарлығы жазылды. Бұл мерзімді басылымға Ленинградты қорғаған жауынгер қазақтардың ерлігі жайлы энциклопедия деген баға берілген. Тұран университенінің ректоры, профессор Рахман Алшанұлы "Отанды қорғауда" газетін оқып зерттеу барысында онда көрсетліген мыңнан аса қазақ жауынгерлерінің есімін тапқанын, бірқатар мақалалар, ержүрек батырлардың фотосуреттерімен берілгенін және бұл материалдар зерттеушілерге қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті:

 "Социалистер бұл газетті талдағандарында, "ең озық шыққан еңбек" деп атады. Көбі белгісіз күйде қалған мың адамның аты аталады. Өкінішке қарай, қазақтарды көп мақтадыңдар деп, ұлтшыл деп таныған соң  1945 жылы үш адамды қамап, екеуі қайтыс болды" деді ол.

Дөңгелек үстел барысында Тұран университеті "Журналистика және аударма ісі" кафедрасының оқытушысы, "Журналистер одағының" мүшесі Сәуле Исаевнаның деректі фильмі көрсетілді.

Іс-шараның ұйымдастырушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Тулекова Гүлжан Қажымұратқызы тың деректерді іздеуде тайсалмай, Түймебай Әшімбаев туралы жаңа мағлұматтардың ақтарылып, жаңа зерттеулердің ашылуына арқау болды.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Журналистер Академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, Сағымбай Қозыбаев, экономика ғылымдарының докторы Усен Алимбетов, Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Жақып, тарих ғылымдарының докторы Ләйлә Сейсенбекқызы, "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкір, "Қазақстан дәуірі" газетінің тілшісі Шаргүл Қасымханқызы, Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов және "Ана тілі" газетінің өкілдері қатысты.

Жиынға қатысушылар майдан тақырыбындағы тың зерттеулер жайлы ой бөлісіп, бұрын-соңды жарияланбаған қызықты деректерді жария етті. Іс-шара соңында соңғы жылдары қазақ жауынгерлерінің Ұлы Отан соғысындағы көзсіз ерліктерін зерттеуге құлшынысы көбейген студент жастардың артуына мұрындық болған Гүлжан Қажымұратқызының жаңа зерттеулердің пайда болуындағы қажырлы еңбегі үшін көпшілік алғыстарын жаудырды.

Дина ЛИТПИН, 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер