Алматыда «Еуропалық Одақ - Орталық Азия азаматтық қоғам форумының» бесінші басқосуы болып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының жобаларға қызмет көрсету жөніндегі басқармасы ұйымдастырған іс-шара 28 қаңтарда басталды, үш күнге созылады.
Бесінші мәрте өткізіліп отырған «Еуропалық Одақ - Орталық Азия азаматтық қоғам форумы» - азаматтық қоғам ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейтуге баса наза аударған. Жиындағы тақырыптар әр алуан болғанымен, Орталық Азия елдеріне ортақ мәселелер көтеріледі. Соның ішінде цифрлық трансформацияға, климаттың өзгеруіне көңіл бөліп, жастардың белсенділігі, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Форумға Қазақстанның Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова қатысып, жиынның Қазақстанға маңыздылығын атап өтті.
«Форум Қазақстанда ҮЕҰ-ның дамуына ықпал етіп, азаматтық қоғамды халықарлық стандартарға жақындатады. Бұл қазақстанның еуропалық одақ елдерімен саяси-экономикалық және әлеуметтік байланыстарын тереңдетуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі талқыланып жатқан мәселелер жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді береді», деді вице-министр.
«ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШЕМІЗ»
Бұл төрт жылдық бастаманың негізгі мақсаты - ынтымақтастықты нығайту және тиістімемлекеттік басқару мен тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін өңірлік шешімдер қабылдау процесіне белсенді қатысудағы рөлін арттыру арқылы бүкіл Орталық Азия бойынша азаматтық қоғам ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл туралы Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич тоқталып өтті.
«Біздің 2 нақты мақсатымыз бар. Олар – өңірлік, аймақтық ынтымақтастықты арттыруға дем беру. Бұл жағдайда Еуропалық одақ өз тәжірибесін ұсына алады. Екіншісі – азаматтық қоғамды дамыту. Адам құқығын қорғау мәселелеріне назар аудара отырып, оның түрлі саладағы дамуын айқындау.
ЕО Орталық Азиямен қарым-қатынасын нығайтуға, сондай-ақ өңірлік тұрақтылықты, әлеуметтік инклюзивтілікті және орнықты дамуды қамтамасыз етуге өз үлесін қосатын азаматтық қоғамның баға жетпес жұмысын қолдауға міндеттенеді. Ынтымақтаса отырып, біз жастар мен әйелдердің өз болашағын қалыптастыруда белсенді рөл атқаруына мүмкіндік бере отырып, цифрлық трансформациядан климаттың өзгеруіне дейінгі заманымыздың ең өзекті мәселелерін шеше аламыз», деді елші.
«ОРТАҚ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН БІРГЕ ТАБУ КЕРЕК»
Іс-шараға Еуропалық Одақ институттары, Біріккен Ұлттар Ұйымының агенттіктері, Орталық Азия елдерінің үкіметі және азаматтық қоғам ұйымдарынан өкілдер бас қосқан жиынға 150-ден астам маман қатысуда. Форум мүдделі тараптарға тәжірибе алмасуға, өңірлік сын-қатерлерді талқылау және практикалық шешімдерді анықтауға диалог алаңын қамтамасыз етеді.
Еліміздің батысынан арнайы келген «Маңғыстау облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жібек Ахметованың айтуынша, елдегі өзекті мәселелерге бей-жай қарамай, осындай жиындар арқылы шешімін ұсыну қажет.
«Қазақстандағы азаматтық қоғам мәселелері басқа Орталық Азия елдерінің мәселесіне ұқсас. Сондықтан оларға бей-жай қарамауымыз қажет, сол мәселелерді талдап, қандай да бір ортақ шешім, идеялар болса, соларды қарастыру, мына мемлекетке, министрлікке өзіміздің ұсыныстарымызды айту керек. Бүгінгі жан-жақтан жиналуымыздың себебі де осы - ортақ мәселенің шешімін бірге табу», деді Жібек Ахметова.
Ал Аустриядағы ЮНОПС Еларалық Кеңсесінің директоры міндетін атқарушы Гюрель Гуркан тұрақты өзгерістерді ынталандырудағы азаматтық қоғамның шешуші рөлін атап өтті.
«ЮНОПС-та біз даму жолындағы күрделі мәселелерді шешуде ынтымақтастық пен инновациялардың күшіне сенеміз. Азаматтық қоғам жергілікті деңгейде оң өзгерістерді қамтамасыз ете отырып, осы жұмыстың алғы шебінде тұр. Біздің серіктестіктеріміз арқылы біз Орталық Азиядағы инклюзивті дамуға жәрдемдесу және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге көмектесу мақсатында азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін арттыруға тырысамыз. Бұл Форум білім алмасуға, серіктестік қарым-қатынас орнатуға және осы аймақтың елдері үшін ең маңызды мәселелер бойынша оң үдерістерді жеделдетуге бірегей мүмкіндік береді», деді Гюрель Гуркан.
«ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС 100% ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІНЕН ҚҰРАЛУ КЕРЕК»
Қазақстандағы Азаматтық Альянстың президенті Бану Нұрғазиева қоғамдық кеңестердің саяси алаңдағы маңызына тоқталып өтті.
«Бұл - бізге керек форум. Іс-шарада айтылып, талқыланып жатқан мәселелер өте өзекті. Орталық Азияда азаматтық қоғам дамитын болса, онда мемлекеттері де мықты болмақ. Сонымен қатар Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның елдері жақсы қарым-қатынаста бола бермек. Біздің елімізде «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды. Соның нәтижесінде бұл бағыттағы жұмыс жақсы жүріп жатыр. Алыс-жақын шетелдердің өкілдері біздің қоғамдық ұйымдардың жұмысына қызығушылық танытады. Айта кетсек, қоғамдық кеңес дұрыс жұмыс істеу үшін оның құрамы 100% қоғам өкілдерінен құралуы керек. Алайда, әлі күнге дейін бізде 70%-ы қоғам өкілдері, ал қалғандары мемлекеттік органдар немесе басқа саладан келгендер. Болашақта осы мәселені де жолға қою керек», - деді Бану Нұрғазиева.
Әлем алаңдаған мәселерді қозғаған іс-шара шеңберінде алда тақырыптық талқылаулар жүргізілмек. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Дания институты бастаған арнайы семинарлар өткізіліп, қатысушылар пікір алмасып, негізгі өңірлік мәселелер бойынша өзара әрекеттестікті тереңдету мақсатында байланыстар орнатуға ие болады.