Шыңырау тереңі мен Күй сазы. Әбіш Кекілбайұлына арналған мерейтой

775
Adyrna.kz Telegram

Астанада Қазақстанның әдебиеті мен мәдениетінің жарық жұлдызы, халық жазушысы әрі драматург Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойына арналған тағылымды шаралар легінің қорытынды кеші өтті. Бұл қорытынды жиын — жазушының рухани мұрасын ұлықтап, оның қазақ әдебиеті мен өнеріндегі орнын көрсетті.

Іс-шараның шымылдығы Әбіш Кекілбайұлының “Бір шөкім бұлт”, “Күй”, “Шыңырау” атты ең көрнекті шығармаларына негізделген қойылымдармен ашылып, көрермендерді терең ойға жетеледі. Театр сахнасында кәсіби актерлер сомдаған бейнелер арқылы жазушының жан дүниесі мен шығармашылық қуаты көрініс тапты. Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының басшысы Әбіш Кекілбаевтың туындылары сахналау кезінде автордың ішкі сезімдерін жеткізу қиындық туғызатын ерекше шығармалар екенін атап өтті.

“Әбіш атамыздың шығармаларында ата-анаға құрмет, бала тәрбиесі, қоғамда болып жатқан проблемалар суреттелген. Қоғамға қырық қатпар ой тастап, пайдасын береді деп ойлаймын. Мен Әбіш атамызды бір сөзі бір сөзіне ұқсамайтын пенде емес әулие кісі дер едім. Өйткені жазуға берілгені соншалық материалдық, дүниелік заттарға мән бермейтін, тіпті тұрған үйінің мекен-жайын білмеген. Сондықтан шығармалары теңіздің тұңғиығына батыратын бөлек әлем.”, - дейді Айдос Тастаев

Сонымен қатар, осы шара барысында Әбіш Кекілбайұлының әлемдік оқырманға жол тартқан жаңа басылымының тұсаукесері өтті. Түрік тіліне аударылған “Күй” шығармасы ерекше назар аударып, ұлт әдебиетінің шекарадан асып, мәдениеттер тоғысында танылуын тағы бір айқындады.

““Күй” шығармасының түрік тіліне аударылуы екі елдің байланысуына ықпал етеді. Қазақ және түрік елінің тілі, діні, тарихы, болмысы бір болғаннан кейін бұл шығарма түрік халқына үлкен септігін тигізеді деген ойдамын.”, - дейді Айдос Тастаев.

Бұл қорытынды шара Әбіш мұрасының тек қазақ халқына ғана емес, әлемдік өркениетке де ортақ рухани байлық екенін сезіндіріп, ұлт мәдениетінің асқақтай беруіне серпін берді.

Пікірлер