TikTok бұғаттала ма? Премьер-министр жауап берді

1040
Adyrna.kz Telegram

Үкімет басшысы Бектенов елімізде TikTok желісінің жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Оның сөзінше, ТikTok-тың Қазақстандағы ресми өкілдігімен тығыз байланыста жұмыс жүргізіліп жатыр.

“Жас пайдаланушыларды зиянды контенттен қорғау мақсатында платформа тіркелу формасын әзірледі, онда толық туған күнін көрсету қажет, өйткені TikTok 13 жасқа толмаған пайдаланушыларға арналмаған. Платформа автоматты түрде және қолмен модерациялауды қолдана отырып, көрсетілген контентті (экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттер) анықтау және шектеу үшін алгоритм әзірледі”, – делінген премьер-министр хабарламасында.

Сонымен қатар елімізде желідегі автоматты модерация бекітілген бірыңғай ережелерді бұзатын контентті анықтай алады және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

“Контентті модерациялаудың екінші әдісі TikTok пайдаланушылардан "шағымдану" функциясына сәйкес түсетін шағымдарға негізделген (аккаунтқа, бейнеге немесе пікірге). Модератор командалары жергілікті даулы контентті тексереді және егер ол пайдаланушыларға қауіп төндірсе, оны жояды. Платформа аталған модераторлар тобын үнемі жаттықтырып тұрады”, – делінген ресми жауапта.

Үкімет Tik Tok желісінің ресми ұстанымы жергілікті қоғамның қауіпсіздігін сақтау екенін де ерекше атап өтті.

“13 жасқа толмаған аккаунт иелерінің жойылған есептік жазбаларының санын көпшілікке жария еткен алғашқы ірі платформа Tik Tok болды. 2024 жылдың қаңтар-тамыз айлары   аралығында TikTok 13 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі Қазақстандағы 1 239 635 есептік жазбаны жойды, ал өткен жылы олардың саны 1 842 467 есептік жазбаны құрады”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, сенатор Геннадий Шиповских премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында TikTok-ты бұғаттау керек деп санайтынын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, көршілес Қырғызстанда TikTok желісін қолдануға тыйым салынған болатын.

Пікірлер