Жапония мен Оңтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдары Пхеньянның құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жапония қорғаныс министрлігі бұл зымыран ұшу ұзақтығы жағынан бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жеткенін мәлімдеді.
Солтүстік Кореяның зымыран ұшырғаны туралы 31 қазанда Оңтүстік Корея әскері де хабарлады. Оңтүстік Кореяның Біріккен штаб бастықтары комитеті қысқа мәлімдемесінде ұшыру бейсенбі күні таңертең болғанын растады.
NHK телеарнасы Жапония қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап, Солтүстік Корея зымыранының ұшу ұзақтығы барлық уақыттағы ең ұзаққа созылып, шамамен бір жарым сағатқа жеткенін хабарлады. Елдің премьер-министрі ұлттық қауіпсіздік кеңесін шақырғанын мәлімдеді.
Жапония қорғаныс министрінің айтуынша, Солтүстік Корея зымыранының ұшу биіктігі 7 000 километрден асып, барлық уақыттағы ең жоғарғы көрсеткішке жеткен.
Бұл ұшыру Оңтүстік Корея әскери барлауының Солтүстік Корея жетінші ядролық сынаққа дайындықты аяқтап, АҚШ аумағына жетуге қабілетті ұзақ қашықтыққа арналған зымыранды сынақтан өткізуге жақын деген хабарынан бір күн өткен соң жасалды.