"Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған". Қазақ КСР-нің алғашқы әнұранын кім жазған?

2696
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Бүгін - Рәміздер күні. 1943 жылы дәл осы күні Қазақ КСР Әнұраны жарық көрді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Дәл 81 жыл бұрын Қазақ КСР-нің алғашқы Мемлекеттік Әнұранын жазуға байқау жарияланды. Әнұран сөзі бойынша өткізілген байқауда 27 жастағы Қайым Мұхамедхановтың мәтіні таңдап алынған.

Шынында, Әнұранның авторы болу қай ақын үшін де, қай сазгер үшін де үлкен мәртебе. Авторларға қойылған талап - коммунистік идеологияға сай, социализмді дәріптейтін мазмұнға құрылуы керек.

Әнұранның мәтіні ретінде сол жылы Әбділдә Тәжібаев, Қайым Мұхамедханов және Ғабит Мүсіреповтің бірлесіп жазған өлеңі таңдалады. Ал тарихтағы кей деректерде КСР әнұран мәтінін толықтай Қайым Мұхамедхановтың өзі жазып шыққан делінген.

Қайым Мұхамедханов ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы,  текстолог. Сегіз қырлы Мұхамедханов Қазақ ССР Гимнінің авторы,  КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының Алтын медалінің иегері, профессор.

Одан бөлек, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі деп танылған.

Қайым Мұхамедханов – Қазақ ССР-і мемлекеттік гимні мәтінінің авторы. 27 жастағы жас жігіт 1943 жылы республика гимнін жазып, конкурс жеңімпазы атанды.

27 жастағы жігіттің жазған Әнұраны «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» - «Героический казахский народ издревле мечтал о свободе» деп басталады. О заманда мұндай жалын атқан сөзді тек нағыз патриот қана жаза алатын.

Бұл мәтін 30 жасар композитор М.Төлебаевты музыка жазуға шабыттандырды. Бұл гимн бірнеше онжылдықтар бойы айтылғанын ұмытпаған жөн! Дегенмен сол замандағы билік өз халқын ер, ержүрек деп айтуға жасқанатын, сол себепті «ер» сөзін «біз» деген сөзге ауыстырып, жекелеген авторлар – жас ақын (Қ.Мұхамедханов) және жас композитор (М.Төлебаев) яғни, «серіктестер» ұжымы атынан шығарды.

1992 жылы Қайым тәуелсіз Қазақстанның Әнұранын шығаруға арналған байқауға қатысып, мәтіні тағы жеңіске жетті. Бірақ бұл жолы Қайым «авторлар ұжымын» қосатындықтан Әнұранды шығаруға қатысудан бас тартты.

Қазақ КСР-ның Мемлекеттік Әнұранының мәтіні әліге дейін сақтаулы.

Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған, (Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған),
Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.
Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда,
Жарқырап Лениндей күн шығып, атты таң.

Қайырмасы:

Жасасын Советтер Одағы,
Жеткізген еркіндік, теңдікке,
Бастайтын елдерді бірлікке,
Жеңіске, шаттыққа, ерлікке!

***

Дақ салмай Лениннің жеңімпаз салтына,
Ұрпағы қосты даңқ Отанның даңқына,
Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры,
Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына.

Қайырмасы:

Жасасын Советтер Одағы,
Жеткізген еркіндік, теңдікке,
Бастайтын елдерді достыққа,
Жеңіске, шаттыққа, ерлікке!

***

Іргелі мемлекет, ерікті болдық ел,
Достықпен, бірлікпен жайнайды туған жер.
Еңбекте, майданда, жеткізген жеңіске
Данышпан партия — сүйікті кемеңгер.

Қайырмасы:

Жасасын Советтер Одағы,
Жеткізген еркіндік, теңдікке,
Бастайтын елдерді бақытқа,
Жеңіске, шаттыққа, ерлікке!

Пікірлер