Әнұраны 50 жыл айтылған абайтанушы

5185
Adyrna.kz Telegram
Сурет: e-history.kz
Сурет: e-history.kz

Бүгін — белгілі ғалым, қазақ әдебиетінің абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы, ақын Қайым Мұхамедхановтың туған күні.

Ол 1916 жылдың 5 қаңтарында Семей қаласында дүниеге келген. Жазушы, текстолог жас жеткіншек кезінен бастап өлең жазды. 15 жасында кемежайда жүк тасушы, жұмысшы, кадр бөлімі қызметкері, мәдениет қызметкері, мұғалімдік қызметтерді атқарды.

Екі жылдық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін әзірлеу курсынан кейін Семей пединститутына түсіп, 1941 жылы экстернмен аяқтайды. Көрнекті тұлға 17 жастан бастап Семей қаласының әртүрлі мекемелерінде сабақ бере бастады. Үздік педагог-тәлімгер өмірінің 60 жылдан астамын жастарды тәрбиелеу және білім беру ісіне арнады.

Қайым Мұхамедханов ғұмыр бойы Абай сөзінің түпнұсқасын сақтаумен айналысты: Абай өлеңдері мен поэмаларына текстологиялық талдау жүргізіп, әрбір шығармасына ғылыми түсініктеме жазды, ұзақ жылдар бойы бір басылымнан екінші басылымға көшетін жаңсақтықтар мен қателерді жөндеді. Сонымен бірге, ғалым Абайдың белгісіз болып келген 31 шығармасын тауып, олардың Абайдікі екенін дәлелдеді.

Ол – Қазақ ССР-і мемлекеттік гимні мәтінінің авторы. 27 жастағы жас жігіт 1943 жылы республика гимнін жазып, конкурс жеңімпазы атанды. Оның алғашқы жолдары: «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталған еді. Бұл әнұран тәуелсіздік алғанға дейін шырқалды.

Қайым Мұхамедханов ақын ретінде 1936 жылдан бастап таныла бастады. Ол 100 ден аса өлең мен поэмалар жазды, сондай-ақ Ғ.Тоқай, Т.Шевченко тағы басқа ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Карлагта «Туған ел – алтын бесік», «Балаларыма», «Жұбайым Фархинурға», «Отырдық тар қапаста күнді санап», «Шерубай станциясы» т.б. өлеңдерін жазды.

Пікірлер