Елді дамыту жайы өзекті тұрғанда елтаңба мәселесі көтеріле қалды

3012
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

500 адамдық сауалнамадан соң рәміз мәселесіне қатысты жайлар Мәжіліс мінберінен айтыла бастады. Депутаттың бірі депутаттық  сауал жолдаса, тағы бірі қазіргі қоғамда бұдан да маңызды мәселе бар деп есептейді. 

Жуырда "Жаңа адамдар" жастар қозғалысы 500 адамға сауалнама жүргізіп, олардың 70 пайызы елтаңбаны танымады деп жариялаған. Іле шала әлеуметтік желіде қазіргі елтаңбаға көңілі толмайтын азаматтар арнайы пост жаза бастады. Тіпті «Дала инсайд» телеграм каналы «Қазақстан жаңа елтаңба туралы ойлана бастады» деген тақырыпта материал жариялады. Билік шынымен елтаңбаны өзгертуге ниеттеніп отыр ма?

«ҰЛТТЫҚ РӘМІЗТАНУ ОРТАЛЫҒЫН АШҚАН ЖӨН»

Бүгін Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға рәміздерге байланысты депутаттық сауал жолдады. Алайда ол депутаттық сауалда елтаңбаны өзгертуге байланысты мүлде пікір білдірмеді. Десек те депутат мемлекеттік рәміздерімізді ретсіз қолданып, жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды сатып пайда тапқыш пысықайлардың әрекеттеріне құқықтық негізде тиым салу керек екенін ескертті.

 – Екіншіден, рәміздер мәселесінде әлі де ойластыруды, ортақ шешімге келуді қажет ететін түйткілдер бар. Біздегі түйткілдердің бір ұшы  атауға байланысты. Геральдика – гербтер мен оларды қолдану дәстүрлерін ғана зерттейтін арнайы тарихи пән. Яғни геральдиканың нысаны – тек қана гербтер. Ал, рәмізтану - бұдан кең ауқымдағы зерттеулерді қажет ететін сала. Сондықтан бұл жұмыстармен айналысатын мекемені «Геральдикалық зерттеу орталығы» деп емес, «Ұлттық рәмізтану орталығы» деп аталғаны жөн. Өйткені, рәмізтану нысанында  мемлекеттік рәміздермен қатар, ертедегі символдық таңбалардан бастап, ою-өрнектер тіліне дейін қамтылады және олардың рәміздік мән-мағыналары ашылады. Рәміздер мәселесін өз елінің тарихымен сабақтастыра қарастыру әлемнің Жапония, Франция сияқты дамыған елдерінің тәжірибесінде бар. Осыған орай, біздің рәмізтану арнайы ғылым ретінде қалыптасатын уақыт келді, – деді депутат.

«КӨҢІЛ ТОЛТЫРАТЫН ЕЛТАҢБА»

Мәжіліс депутаты «Жаңа адамдар» қозғалысының сауалнамасынан хабардар екенін ескертті.

 – Әрине, жастарымыздың мемлекетіміздің үлкен бойтұмары елтаңбаны танымауы, білмеуі қабырғамызға бататын жағдай. Енді елтаңбаны өзгерту керек деген мәселеге өзім қосылмаймын. Өйткені бұл әбден сарапталып, таянақталып, айқындалған мемлекетміздің елтаңбасы. Сондықтан да оны өзгертудің қажеті жоқ деп есептеймін. Керісінше, мемлекеттік рәміздерді бүгінгі жас ұрпақтың санасына сіңіру бағытында балабақшадан бастап, мектеп, колледж және университетте жастарды ақпараттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз керек. Сонымен қатар ақпарат құралдары телеарна, радиода мемлекеттік рәмізтануға бағытталған хабар болу керек. Мысалы, өз басыма елтаңба ұнайды. Елтаңба халықаралық деңгейдегі мемлекетіміздің бейнесін көрсететін өте жоғары деңгейде дайындалған. Сондықтан оған қазір аяқ астынан қозғау салудың өзі дұрыс емес. Жалпы менің бүгінгі елтаңбаға көңілім тояды, – деді депутат.

Егер үкімет алдағы уақытта елтаңбаны өзгертуді ұсынса, депутат оған қарсы дауыс беретінін айтты.

«ЕЛТАҢБАНЫ ӨЗГЕРТУДЕН ДЕ МАҢЫЗДЫ ШАРУА БАР»

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов елтаңба мен туды өзгертуге түбегейлі қарсы екенін жеткізді.

 – Себебі біздің елтаңбамыз бен туымыз 1991 жылғы Тәуелсіздігіміздің яғни, ең бірінші жеңісіміздің символикасы. Елтаңбаны көп адамның танымағанымен де келісемін. Себебі насихат жоқ. Мысалы туымызды Түркияның деңгейінде насихаттай алмаймыз. Елтаңбамызды мүлде насихаттамаймыз. Бізде тіпті мемлекеттік рәміздердің авторларын білмейтін тұлғаларымыз бар. Керісінше біз барымызды насихаттауымыз керек. Елтаңба мен ту Қазақстанның 1991 жылдан бері пайда болған тұлқұжаты секілді дүние. Мен оны өзгертуге қарсымын. Елімізде елтаңбаны өзгертуден де маңызды шаруа бар, – деді ол.

«ЖАҢА АДАМДАР» ҰСЫНЫСЫ ОРЫНДЫ МА?

Елтаңбаға байланылысты елді дүрліктірген «Жаңа адамдар» қозғалысы қайдан пайда болды? Аталған қозғалыс өкілдері 2022 жылдың 14 қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен екен. Сол кездесуде Президент «Жаңа адамдар» жастар қозғалысын құру туралы бастаманы құптап, белсенді жас қазақстандықтарға әрдайым қолдау көрсетететін айтқан екен.  Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті түбегейлі жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, «әділетті Қазақстанды» құру жөніндегі реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

– Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт. Жастар болмаса, мұнымен кім айналысады? Қазір Илон Масктың тәжірибесі мен өмірлік ұстанымын үлгі ету үрдіске айналды. Иә, ол отбасымен бірге Оңтүстік Африкадан Америка Құрама Штаттарына келді. Өзінің креативтілігінің, батылдығының, өзіне тән ерекшелігінің арқасында «Илон Маск феноменін» қалыптастыра алды. Мұндай мысалдар өте көп. Жақында Мен Нью-Йоркте Американың жоғары оқу орындарын бітіріп, америкалық компанияларға жұмысқа орналасқан жастарымызбен кездестім. Мен оларға: «Біз сіздерді Қазақстан азаматтары деп білеміз. Сіздер – қазақсыздар. Нью-Йорк немесе Еуропа елдері болсын, әлемнің дамушы елдері болсын, қай жерде жұмыс істесеңіз де, қазақ болып қаласыздар» деп айттым, – деді Мемлекет басшысы.

«Жаңа адамдар» қозғалысы президенттің осы сөздерін түсінбеген тәрізді. Түсінсе, елтаңбаны емес, елдің әлеуметтік жағдайын қалай түзейміз деген сұраққа көбірек назар аударар еді ғой.

 

Серік Жолдасбай      

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер