Мұхтар Мағауин. Анти-қазақ саясат жалғасып жатыр

4443
Adyrna.kz Telegram
Ауғанстаннан келген қандас Сәми Ата-Ғұл қайда жүр екен?
Ауғанстаннан келген қандас Сәми Ата-Ғұл қайда жүр екен?

Қазақ керуені, қазақ көшіне көзқарас қандай? Неге қандас болғаны үшін елге келген азаматтар қысым көруі керек? Сырттан елге келгендерге билік неге сенімсіздікпен қарайтын болды? Қытай қазағына соңғы жылдары жасалып жатқан науқан тіптен шектен шықты. Адам құқығын қорғайтын халықаралық «Хьюман Райтс Вотч» ұйымы 2024 жылғы Дүниежүзілік баяндамасында 2023 жылы Си Цзиньпин басқарған он жылдан астам уақыттан кейін Қытай үкіметі әлеуметтік бақылау мен репрессияны одан әрі күшейткенін айтқан. Осы ұйымының мәлімдемесінде «Төраға Си Цзиньпиннің он жылдан астам репрессиялық билігі кезінде күшейтілген әлеуметтік бақылау Қытай экономикасы мен қоғамына да көптеп зиян келтіруде», - делінген. «Биліктің адам құқықтарын бұзу проблемаларын байыпты түрде шешуге құлықсыздығы қоғамның болашаққа күманын тудырады» деген ұйым Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа да түркі мұсылмандарына қарсы жүргізген репрессиялық саясаты өзгермегенін, ал заң бұзушылықтар адамзатқа қарсы қылмыс деңгейіне жеткенін атап көрсеткен. Қытайдағы жағдай осындай сипатқа ие болғанда, қандастар мәселесі айрықша алаңдатады. Бұл - қандастардың шекараның арғы бетіндегі хикаясы, ал бергі бетте не болмай жатыр? Таяуда ауғанстандық қандас Сәми Ата-Ғұлды Қазақстан билігі елден сыртқа шығарып жібермек болғанда, ол паспортын жыртып, өз депортациясына өзі кедергі келтірді. Ауғандық қазақтың жағдайына жалғыз депутат араша сұрағаны болмаса, қоғам басқаша үн қата алмады. Сәми Ата-Ғұлдың мәселесі, анығын айтқанда Қазақстан билігінің қандасты шеттету әрекеті бүгінде Түркияда тұратын жазушы Мұхтар Мағауиннің назарын аударған екен. Бұл туралы жазушының маусым айының соңында жазып, өзінің magauin.com сайтына жариялаған мақаласын қайыра ұсынып отырмыз.   

 

Бұдан отыз бірдеңе жыл бұрын, Назарбаев диктатурасы кезінде қалыптасқан жəне пəрменді жүзеге асқан, түптеп келгенде, қазаққа, оның ұлттық мүддесі мен болашағына қарама-қайшы анти-қазақ зұлмат саясат бүгінгі күнде сабақтас жалғастығын тауып, іс жүзінде нақты қолданысқа түсіп отыр.

Дəлел, айғағы сан сала, нешеме тарау. Айтып түгесе алмайсыз. Дегенмен, сол көп қитұрқының ішінде бірден көзге шалынып, андағайлап тұрған бір серек бар. Бұл – қандас, яғни төтесінен мəн-мағнасыз атауға ауысқан оралман мəселесіне қатысты зымиян саясат.

Тарихи атамекен Қазақстан тəуелсіздік алып, ту көтерді деген, лақап емес, нақты хабар шығар-шықпаста, көпшілігі арғы бабаларының байырғы мекенінде отырған, бірақ əрқилы тарихи қолайсыз жағдайлар нəтижесінде жат жұрт теліміне түскен, тағы біразы қызыл отаршылдық, жаппай геноцид кезеңінде босқынға ұшырап, шет елдерге бытырай шашылған қазақ атаулы енді тəуелсіз ата-қонысқа қайтып оралуға ынталы болды.

Бұл жайсаң толқын күн озған сайын қуат алуға тиіс-ті. Ежелгі Ғұн заманынан Түрік қағанаты дəуіріне жалғасқан, бұдан соң Шыңғыс хан дəуірі, Алтын Ордаға ұласқан, ақыры Қазақ Ордасы аталған байырғы ұлыстың екі ғасырлық алағай, жүз елу жылдық отарлық кезеңнен соң қайыра бой көтеруі – ғажайып оқиға болатын. Соған орай етек-жеңін жинап, қайтадан іргеленуіне кешегі жыртқыш империя, ендігі обыр көршіден басқа кім қарсы болмақ?!

Тəуелсіз, жаңа Қазақстан – əлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі, туысқан Түркия мен исламдық Иран ғана емес, құдіретті Америка Құрама штаттары бастап, əлем жұртшылығы түгел мойындап отырған еркін ел. Жері байтақ, əлемде тоғызыншы орында. Тек халқының саны... зор тұлғасына сəйкеспейді: ХХ ғасырда жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілген коммунистік-ұлыорыстық геноцид нəтижесінде қыруар қазаға ұшырап, өлшеусіз ортайған. Енді өткендегі бар олқының орны толуға керек. Оған мүмкіндік те мол. Есебі, тақау жəне қиыр елдерде шашылып жатқан бар Қазақ тəуелсіз ту түбіне жинақталуға тиіс.

Шынында да, шетелдік қазақтың бар тілегі ата жұртқа ауып тұр. Түгелімен түп көтеріле көшпес, алайда, сырттағы бес, біздің есебімізше төрт миллион қазақтың басым бөлігі, кемі екі, екі жарым миллион қазақ ата жұртына қайтып оралуға тиіс еді.

Ұлы көш ағайындас Моңғол ұлысынан басталды. Өзбекстан мен Қарақалпақстан толқып тұрды. Іргедегі Түркменстан өз алдына. Ең бастысы – тақау жылдарда қытай топанының астында қалуға мүмкін Шығыс Түркстан қазақтары болатын. Бұл бір жарым миллион қазақтың ұшарға қанаты жоқ.

Моңғолдағы отаншыл жұрт қиындықсыз қоныс аударды. Арғы мен бергі, жекелеген ұлтшыл, ғұзырлы азаматтар бұйдашы болған салқар көш ұйымдасқан түрде өткерілді. Құшақ жая қарсы алу, ерулік, той-томалақ. Өзбекстан мен бір кезде қазақ құрамында болған Қарақалпақ қазақтары түп көтерілуге бейім. Яғни, жарым дүниедегі барлық қазақ.

Міне, дəп осы жағдай – біздің егемен өкіметімізді айрықша қауіп-қатерге бөлеген. Мынау көш бұдан əрі жалғаса берсе... Қазақстан шегіндегі қазақ өлшеусіз көбейіп кетуі мүмкін ғой... Артық-кемі жоқ, дəп солай. Егер тəуелсіз республика шегіндегі қазақ еселеп көбейсе,.. Қазақстан біржола қазақтануға ықтимал. Бұл қалаусыз істің салмағы мен зардабы ең алдымен егемен өкіметіміздің өмірлік мақсатына өлшеусіз кесел келтіруі мүмкін. Тағы да дəп солай. Айна-қатесіз. Бұл сөздің мəнісі – Қазақстан аталатын елде қазақ көбейіп, бүгінгі қырық пайыздан асып, елу, бəлкім, алпысқа жетсе, ауыздықтап ұстап, айтқанға көндіріп, айдауға жүргізу – қиынға соғады. Осынау елдің жер үстіндегі жəне жер астындағы қисапсыз байлығын еркін тонап, байлыққа батуға, сыртқа арзанға сатып, мұндағы өкім, билігіңді нығайта түсуге қарсылық тууы мүмкін. Ал қазіргідей азшылық, дəрменсіз жағдайда тыпыр ете алмайды, бағыныштан шығып бара жатса, орысың тұрыпты, дүңген мен ұйғырды, кəріс пен күрдті жауып жібересің. Бұл қатерлі сақтық шарасы анау бір заманда ашық айтылған. Доңайбат қана емес, шешімтал үкім.

Осындай сын кезеңде егемен өкіметім не қылса да, шеттен қаптаған қазақты тоқтата алмады. Бар істің тетігі қолында тұрған Назарбаев: тарихи отанға хош келдіңдер, келе беріңдер, келе беріңдер деп дабылдап отырып, ұлы көшке тежеу салу амалдарын ойластыра бастапты. Ең алдымен, облыстық, ең үлкен, өзіне тікелей тəуелді əкімдерге көш қамқорлығы туралы арнайы жарлық бермеді. Емеуріні жетіп жатқан, оп-оңай еді. Анығы – керісінше. Біз нақты айта алмаймыз, бəлкім, бəріне болмаса да біразына: тым беріліп кетпеңдер, мүмкіндігінше бөгей тұрыңдар деп құлаққағыс жасаған шығар. Дəп солай. Қайткенде іріктеп көтерген, өзіне нақпа-нақ тартқан облыс, аймақ басшылары, тиесілі ғұзырлы министрлік атаулы қазақ көшін тоқтату үшін неше түрлі қитұрқы, арам амалдар ойлап тапқан. Ең əуелі, əрқилы тұрмыстық қиындықтан бастады. Облыс басшыларының райын таныған, анығы – көбіне-көп тікелей нұсқау алған аудандық, ауылдық əкімдер оралман атаулыға келіп түскен жерлерінде ешқандай жағдай жасамады. Керісінше, бар жағынан қыспаққа түсірді. Сыйыр қораға, бұзылған ескі тамдарға қоныстандырды, түгел құжаты түзу болса да, тіркемей қойды. Қаншама сарылып, барлық өткелектен өткен соң, тиесілі қағаздарын əрең қабылдап, оралман куəлігін созбақтады, одан əрі азаматтық жөнін жылдан жылға өткерді. Жəне барлық жерде жойдасыз дөкірлік. Түгі сыртына шыға долығып: сені мен шақырғам жоқ, дер еді ауылдық, аудандық əкімдер, немесе қалалық əкімшілікте отырған бетпақ шенеунік.

Енді оралман атаулы бір кеңседен бір кеңсеге сабылып, қайда барса да қажетті, заңды қағаздарын өткізе алмай, əлдеқалай өткізе қалса, жауабын таппай, аптадан – апта, айдан айға сарылып, тіпті, бір жылдан екінші, үшінші жылға өтіп, дел-сал, пұшайман болып жүрді де қойды. Соншама қорлық, азапқа түскен, қисынсыз шырғалаң кімді болса да қажытқандай еді. Бар амалы таусылған, дүниеден үмітсіз біраз жұрт бұрнағы қонысына қайыра көшті. Қарысқан, қайткенде түпкі мақсатына жетпек, жүйкесі берік біраз жұрт оралман куəлігіне қол жеткізіп жатқан. Бұдан арғы тағы қаншама өткелектен соң – арман болған азаматтық.

Əлбетте, əкімшілік мекемелерінде отырған ғұзырлы шенеуніктердің бəрі бірдей əйкəпір емес еді. Ұлттық санамен қатар, қызметке адалдық, тіпті, ар-ұят та ұшырасуы күмəнсіз. Міне, осы кезде жоғарғы жақта жаңа бір кедергілер ойланып табылып жатты. Соның айқын бір көрінісі – қытай қазақтарына қатысты, арсыз, көпе-көрнеу зорлық екен. Тікелей нұсқау демеске болмайды. Бұрнағы үш аймақта жаппай қоныстанған, енді ата жұртына құмартқан қазақ атаулы Қытайдағы қазақ консулдығына айлар бойы, тіптен, айдан өтіп, жылға созылған, жылжымайтын кезекте тұрды. Қазақстанға баруға виза алу үшін. Кəдімгі, барлық жұртта бар рұқсат таңба. Не түрлі былыққа жол ашылыпты. Қазаққа қат визаны, олар да сыртқа шығуға ынталы ұйғыр ағайындар еркін алып жатты. Жай ғана виза емес, оралман қазақ есебінде. Əрине, қомақты қаражаттың өтеміне орай. Бұл екі ортада «виза əпергіш» делдалдар шықты. Тағы да жең ұшынан жалғасқан пара арқылы. Əрине, жергілікті өкіметке емес, өзіміздің егемен шенеуніктердің қажеті үшін. Бұл – ешкімге құпия емес, жалпыға мағлұм сұмдық еді. Сол бір кезде жазғанымыз бар: біздің сыртқы істерге қатысты ғұзырлы мекеме Қытай тарабына топтан озған, жеміт-жебір кісілерін бағыттайды екен, деп. Əлбетте, қисынымен жалғасқан, қаражат жағдайы көтеретін қазақ атаулы, ол да қазақ атымен кеңшілікке жеткен ұйғыр ағайындардың соңынан ата жұртына жолдама алып жатты. Үлкен қуаныш. Алда қандай қорлық пен азап күтіп тұрғанын білмейді.

Оралман тасқынын қайткенде тоқтату қиын екен. Міне, дəп осы кезде жаңа бір, ғаламат амал шықты. Қытайдан келетін қазаққа өзінің сотталмағаны туралы куəлік қажет, деген. Əйтпесе... əйтпесе, Қазақстан қабылдамайды. Егемен еліміздің қауіпсіздігі үшін. Дұрыс қой. Дұрыс емес, қисынсыз жағдай екен. Өйткені, Қытайда əлдеқалай істі болған, сотқа тартылған пенде атаулыға шет елдік паспорт берілмейді. Сыртқа шығуға жол жоқ. Енді, қаншама өткелектен өтіп, қажып, шаршап, бірақ əлденендей жарық сəуледен үміттеніп жеткен қазақ бітеу қабырға – тас дуалға келіп тіреледі. Берілмейтін справканы талап етіп отырған Назарбаев өкіметі мүлде керең, көрсоқыр, жаппай сауатсыз емес. Мұндай анықтаманың қисыны жоғын жақсы біледі, сондықтан да мүмкін емес куəлікті қажет етіп отыр. Ақымақшылық емес, нағыз екіжүзді, зорлық есеп. Ақыры, жылдан жыл өткенде өз міндетін атқарып біткен қисынсыз талап та қатардан шықса керек. Енді қаптайды қазақ. Жоқ, қаптамауы керек. Өзбек пен қарақалпақ, түркменнен сыздықтап болса да, тоқтаусыз келіп жатыр. Не шара, не амал?

Ақыры, Назарбаев өкіметінің көктен тілегені аяқ астынан табыла кетті. 2011 жыл, желтоқсан – Жаңа-Өзен! Мұнайшылар қаласындағы тұрмыстық наразылық аяғы қантөгіске ұласты. Баяғы Өзбекстанда, Кəримов түсындағы Əндижан қырғынының жаңа бір нұсқасы. Əзірше ауқымы жетпей жатыр, кейін таразы басын теңгереміз – 2022 жыл, бүткіл Қазақстан шегін қамтыған Қаңтар қырғыны. Өз кезегімен келе жатар, əзірге тақау жылдардағы қажетті зорлықты заңды түрде негіздеу керек екен. Яғни, қазақтың қатары молығатын ұлы көшке біржола тоқтау салу!

Нұр-көсем айтты, өкімдегі партия мен үкімет барлық деңгейде айнақатесіз жүзеге асырды. Қазақтар қоныстанған сыртқы мемлекеттер біздің Қазақстаннан біржола кейіндеп қалған екен, жабайы екен, əртүрлі бұзақарлар көп. Сондықтан, егемен еліміздің мəңгілік қауіпсіздігі үшін, қытайы болар, өзбегі, түркмені болар, ел ішіне енгізбеу керек. Əлдеқалай келе қалса, бес жыл күтуі шарт. Оралман атаулының аты өшсін! Бұл, ашықтан-ашық, ресми түрде жарияланған зұлым саясат тұтас он жылға созылды. Содан соң, егемен өкіметімнің жария жəне ресми ережесі есебінен шеттеген сияқты. «Оралман деген – оңбаған!» ұраны көмескі тартқандай. Қатаң сүзгіден өткерілген, бірлі-жарым кісінің сыздықтап бері қарай өтуіне рұқсат. Енді, «оралман» емес, «қандас» дейтін, жалпылама, дүбара атқа қалған сыртқары қазақ екеу-үшеу, бес-ондап қайтадан ата жұртқа қабылдана бастады. Бірақ оңалып кеткен ештеңе жоқ. Сырттай жария, шын мəнісінде қыспақты, жасырын түрде тоқтау салынып отыр. Назарбаевтан соң, Тоқаев заманында.

Міне қараңыз. Ең соңғы дерек – 1 июнь, 2024 жыл. Қазақстандағы бірнеше сайтқа жарияланған. Алақай! – быйыл жыл басынан бері, бес ай ішінде... республика шекарасынан өткен шет елдік 7 мың 353 қазақ «қандас» мəртебесін алыпты! Қандай ғажап! Ура, ура жəне ура! Енді алқынымызды басып, сабыр етейік. 7353. Небəрі бес айда. Əр айға жіктесек, 1400 кісі (жəне 6 бөлшек). Сонда, орта есеппен он екі айға шығарсақ – 17 мың жəне 647 жан.

Менде бар қазақтың барлық замандағы жөн-жобасы тізулі тұр, қақпа қайыра ашылғаннан соңғы кезеңде жол тартқан оралман-қандастың жылдық есебі – 20-23 мың төңірегінде болатын. Яғни, үстіміздегі 2024 жылы бұрнағы шамалы санның өзіне жете алмаймыз деген сөз. Мейлі, 3 мың, 5 мыңнан əрі, берісі жоқ. Нақты есеп – ең жоғарғы көрсеткіш – 23 мың екен дейік. «Қандас» деп қанша қомпиғанымызбен, ауыз толмай жатыр. Мұншама сорақы жағдайды осы мағлұматты ұсынып отырған есепқисап мекемесінің өзі анық аңдайтын сияқты. Сондықтан, «ұялған тек тұрмас» дегендей, біз көргенде, соңғы бес-алты жыл бойы осы арық, көтерем көрсеткішті сырлап, үстеп қояды. Мəселен, биылғы жылғы ақпаратта: «1991 жылдан беріде тарихи отанына 1 миллион 135 мың 700 қазақ қайтып оралды!» дейтін толымды мағлұмат бар. Өткен жылғы есеп – 1 миллион 128 мың 347 болатын. Арғы жылы – тағы да сол 1 миллион жəне 300 бірдеңе мың. Мінеки, 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін, тəуелсіз аталатын республикамызға шет жұрттан 1 миллион 135 мың 700 қазақ келіп қосылыпты!.. Ауыз толады, үлкен жетістік, мақтаныш сияқты. Шын мəнісінде бұл асқаралы 1 миллион – бұдан он төрт жыл бұрынғы меже. Одан беріде, яғни кеселді 2011 жылдан кейін... əуелде тақыр-таза, содан соң... жылына 20-25 мың ғана. Яғни, Назарбаевтан соңғы кезеңде оңалып кеткен ештеңе жоқ. Шет жұрттарда ғұмыр кешіп жатқан қазақтардың тарихи отанға оралу үрдісі əлі де тығырыққа тіреліп тұр деген сөз.

Аңдап қарасақ, қазақты Қазақстанға келтірмеу саясаты жаңаша жалғастық тауыпты. Тіпті өкіметтік ресми, жадау-жұтаң деректерді айтпағанда, бұл жағдаяттың ең бір айқын мысалы осы тақауда ғана нақты көрініс берді. Ауғанстан қазағы Сəми Ата-Ғұлдың машақат, азапқа, қорлық пен зорлыққа толы хикаятын қараңыз.

Жасы отыз екіде, арнайы мамандық оқу бітірмеген, бірақ көзі ашық, жалпы сауаты жоғары, ағылшын, француз, араб, пұштұн, хинди, урду, жəне тағы екі-үш шет тілге жетік, қазақшасы да қанағаттанарлық дəрежеде, тым тəуір. Ауғанстан азаматы дейтін паспорты бар жəне ұлты қазақ деп атап жазылған. Енді осы Сəмидің басты арманы – ата жұртына жетіп, тұрақтау екен. Заңды жолмен туристік виза алып, Қазақстанға келеді. 2023 жылы, күзде. Келе сала тиесілі құжаттарын өткізіп, «қандас», яғни оралман куəлігін алыпты. Осыған жалғас азаматтыққа тапсырмақ.

Дəп осы кезде күтпеген кілтипан шығады. Сəми ат басын тіреген Ақмола облысының ғұзырлы мекемесі құжат қабылдаудан бас тартады. Əуелде Көкшетау қаласы деп жазылып еді, кейінде Целиноград ауданы аталып жүр. Тиесілі көші-қон комитетінің өкілі – Көкшетауда əйел адам болатын, кейінде аты өшті, ал енді шыққан Целиноград аудандық көші-қон бөлімінің басшысы – Есентай Қинаятов деген мықты. Біз үшін нəтижесі біреу-ақ. Сəми Ата-Ғұлдың бар құжаты дұрыс болса да, бастапқы деректе – Көкшетаудың қалалық, кейінгі жазбаларда Целиноград аудандық көшіқон бөлімінің басшысы қатаң, қырыс мінез танытады. Жəне өте дөкір түрде. Мəселен, Есентай Қиянаятов: менің территориямда ауғандардың тұруына болмайды, деп кесіп айтады. Арада екі күн өтпей аудандық сот төрайымы Д.Байкенжина бұл «ауғанды» Қазақстан шегінен күштеп кетіру туралы үкім шығарады. Оңай сылтау табылыпты. Сəми-Ата-Ғұлдың үш айлық туристік визасының мерзімі бітуге тақап қалған екен. Мейлі, уақыты өтіп кетсін. Алайда, бұл «ауғанның» «Қандас куəлігі» бар емес пе. Ешқандай визасыз-ақ ата жұртта тұра беруге мүмкіндік жасаса керек. Жоқ. Ғұзырлы кісілеріміз көкке ұшып, жерге түседі. Зілді бұйрық, қайрылмас шешім. Баяғы 37-жылғы жапон шпионын ұстаған сияқты. Атып жібере алмайды, бірақ аластау шарт.

Арада екі күн өтпей, түн ортасы, сағат бір-екіде Сəмидің уақытша пəтер үйіне, əрқайсының иығында бірнеше жұлдыз қадалған үш полицай жəне көші-қон мекемесінің өкілі, жəне баяғы КГБ-ны алмастырған, енді ҰҚК – Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталатын құдіретті мекеменің арнайы кісісі бар – бірнеше адам жапырлай келіп, күмəнді ауғанды тарпа басады. Ұрып-соқпаған сияқты, бірақ қолын артына қайырып, дедектете айдап, Астана аэропортына əкеліпті. Ұшаққа салып жіберіп, қатерлі пəледен біржола құтылмақ.

Ендігісі – қоғамдық ақпарат бетіне əлденеше мəрте жазылған. Күтпеген жағдай. Əбден ашынған Сəми Ата-Ғұл дəп осы жер, ұшаққа бағытталар алдында... ауғандық паспортын суырып алады да, быт-шыт қылып жыртып тастайды. Ал, керек болса. Енді «ауған» емес. Ешкім де емес. Əлбетте, паспорты жоқ кісі шет елге баратын ұшаққа отыра алмайды. Қайратты үш полицай, ынталы, жігерлі, енді пұшайман тағы екі-үш ресми кісімен бірге Сəми Ата-Ғұл да кері қайтады.

Бірақ мұнымен іс бітпеген. Қайткенде қатерлі дұшпаннан құтылу үшін шешімтал шаралар іске қосылыпты. Арада бірер күн өтпей, тағы да аэропортқа жеткізіледі. Бірақ қылмыскердің паспорты жоқ. Тексерістен өткізбей қойыпты. Апта аралатпай, осымен үшінші рет əкеледі. Бұл жолы алдынала əлденендей келісім болған сияқты. Əлде бір ғұзырлы кісілермен. Бəрібір, паспортсыз, еріксіз тұтқынның сыртқа шығар қақпа алдындағы жан-айқайынан соң, иманды тексерушілер тағы да тоқтау салыпты. Амал жоқ, жапон, бұл жолы кім екені де белгісіз ауғандық кері қайтарылып, құжатсыз қаңғыбас ретінде атаусыз түрмеге қамалады. Жай ғана қамап қоймаған, тескентаудан біржола өткізіп жіберудің əрқилы амал-шарғысын ойластыра бастаған.

Бұл екі ортада, Азаттық радиосы, басқа да ақпарат көздері арқылы Сəмидің қилы тарихы сыртқа шығып кетеді. Əуелден-ақ жанашыр кісілері бар. Мана, Көкшетаудан басталған. Сондай жанашырдың бірі, Қазақтардың əлемдік қауымдастығының өкілі Бақыт Сарай деген қызымызға манағы шенеунік əйел (əлде еркек) ғаламат сұрақ қойған екен. Несіне араға түсіп жүрсіз, деп. Қазақ болған соң жəне əділдік үшін, дейді біздің қыз. Шенеунік мысқылдай күліпті. Нақты біліп тұр. Есі дұрыс адам ай даладағы, көлденең біреу үшін бастан-босқа шабылмайды. Иə... Айтпаса да түсінікті. Аузын майлап қойған. Ал осы ауғанның бар тағдырын шешу қолында тұрған ғұзырлы шенеунік... қандай да сияпаттан қақас қалған... Қолынан ұстап алмаған соң, жала жапқандай көрінерміз. Иə. Мұншама өшпенділік пен шешімтал қимылға басқа да себеп табуға болар. Біз таба алмадық. Тек осы ғұзырлы шенеунік қана емес, қисынсыз үкім шығарған сот пен оларға жалғас полицайлар да мемлекет қауіпсіздігі үшін қам жеген отаншыл патриоттар екен дейік. Əйтсе де, қатерлі шет елдік қазаққа қарсы амал таба алмаған. Ақыры тауыпты.

Жанашырлар, əділет жолындағы басқа да қазақтар көмегімен түрмеден шыққан Сəми Көкшетауға оралып, баяғы сиқырлы мекеменің есігін қайыра ашса... өзі айрықша сенім артып жүрген «Қандас куəлігінің» күші жойылған екен. Тұтас бір жылға берілген куəлік жоқ болып шыққан! Жарым уақыты өтпесе де, ешқандай себепсіз. Көкшетаудағы көші-қон қызметінің өкілі куəліктің жойылу себебін түсіндірмей, енді Еңбек министрлігіне жүгінуге сілтеген. Айта берсе, таусылмас хикмет. Түбіне жету, қисынды жауап табу мүмкін емес. Күштінің арты... əйел болсын, еркек болсын, диірмен тартады екен. Диірменнен де қуатты тағы бірдеңелерді шыр айналдырмақ.

Енді пұшайман жақтастарының ең соңғы, шарасыз амалы – Сəми өзін босқын ретінде тану жөнінде ғарыз түсіреді. Арты белгісіз. Ал ел аманда, ата жұрты – Егемен аталатын Қазақстанда көрген жəбір-жапасы мен қисынсыз қорлық жағдайына ешқандай жауап жоқ.

Манағы облыстық, аудандық шенеуніктер, оларға жалғас соқыр сот, қисынсыз, сорақы шешімді жүзеге асырушы тағы қаншама белсенді неге соншама күшті болып тұр? Өйткені, мұншама жойдасыз қиянат, арсыз, ашық əрекет – Назарбаев заманында басталған, əбден орныққан зорлық - зомбылықтың тікелей жалғасы. Қазаққа қарсы, ұлттық мүдеге қайшы қандай да қылмыс – жауапқа жатпайды. Анығы осы. Ресейден қаңғып келген, ешқандай құжатсыз əлдебір маскүнем бұралқыға тоқтау салып көр – қайдан барып шығар екенсің. Егемен өкіметіңе де, қалған қаймана жұртқа да жан керек.

Шет елдік оралман ғана емес, қалтасында көк паспорты бар тұрғылықты қазақтың өзі республиканың тең құқұқты азаматы ретінде танылмай жататын, қисынсыз қиямет көретін жағдаяттар ұшырасады. Өз елінде өгей күн кешкен қазақтың сыбағалы еншісі осыншама тайғақ болып тұр.

Кемер, Түркия,

27-30.VІ.2024

 

 

 

 

 

Пікірлер