Қазақстан Еуропалық инвестициялық банктен (ЕИБ) €200 млн немесе қазіргі бағам бойынша 102,2 млрд теңге көлемінде несие рәсімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Еуропалық Одақ (ЕО) өкілдігінің мәліметінше, бұл қаражат тұрақты көлік инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде Транскаспий көлік дәлізін жетілдіруге, жаңартылатын энергия көздерін әртараптандыруға және климаттың өзгеруімен күреске бағытталмақ.
Несие қаражаты ұлттық жол операторы «ҚазАвтоЖол» жүзеге асырып жатқан жолдарды қалпына келтіру бағдарламасына жұмсалады. Бұл бастама елдегі көлік қатынасын жақсартып, инфрақұрылым сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, 5 мың шақырым ұлттық және өңірлік жол жөнделіп, жолаушылар мен жүк тасымалының қолжетімділігі артады, жол қауіпсіздігі мен экологиялық тұрақтылық күшейтіледі.
Энергетика саласында қаржы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бөлінеді. Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) Қазақстанның көмірсутекке тәуелділігін азайтуға, парниктік газдар шығарындыларын төмендетуге және «жасыл» экономикаға көшуіне қолдау көрсетпек.
«Бұл инвестициялар Қазақстан экономикасын әртараптандыруға және оны тұрақты етуге көмектеседі», – деді ЕИБ Глобал бөлімінің бас директоры Эндрю Макдауэлл.
Еуропалық комиссияның халықаралық серіктестіктер жөніндегі комиссары Йозеф Сикела ЕО-ның Қазақстанмен экономикалық серіктестікті тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Қазақстанның Даму банкінің басқарма төрағасы Марат Елібаев халықаралық қаржы институттарымен әріптестікті жалғастыру маңызды екенін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Азия даму банкінен (АДБ), Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен (АИИБ) және Халықаралық қайта құру және даму банкінен (ХҚДБ) жалпы сомасы 636 млрд теңгеге несие алған болатын.