Атыраулықтар Ауғанстаннан Кеңес әскері шығарылған күнді тойламақ

3474
Adyrna.kz Telegram
Фото: baq.kz
Фото: baq.kz

Атырау облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ауғанстан демократиялық республикасынан Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің шығарылғанының 35 жылдығына арнап салтанатты шара өткізбекші, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы www.goszakup.gov.kz сайтына сілтеме жасап.​

Ауғанстанға КСРО әскерін кіргізу туралы шешім 1979 жылдың 12 желтоқсанында қабылданды. Арада он бес күн өткен соң, 27 желтоқсанда қызыл әскер Ауғанстан шекарасына басып кірді. КСРО Қарулы күштері 1978 жылы Ауғанстанда болған сәуір төңкерісінен кейін билікке келген "халықтық, демократиялық үкіметті қолдап", көршілес елдің социалистік бағытта дамуына мүдделі болған еді. Кеңестер Одағы әскерінің Ауғанстан аумағын басып кіргені, онымен қоймай ішкі ісіне қол сұққаны жергілікті халыққа ұнамай, ымырасыз соғыс басталды. Ол соғыс он жылға созылып, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскері "шегінуге" мәжбүр болды.​

Тәуелсіз Ауған еліне КСРО-ның әскер кіргізуінің дұрыс-бұрыстығына тарихи тұрғыдан әлі баға берілген жоқ. Арада ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де Ауғанстанда қан кешкен мыңдаған интернационал-әскерилер кім үшін, не үшін соғысқандарын біле алмай келеді.​

Дәл осындай жұмбағы көп соғыстың аяқталғанына 35 жыл толуын Тәуелсіз Қазақстан елінің маңыз беріп, тойлағаны қаншалықты дұрыс? Ауғанстаннан Кеңес әскері шығарылған күнді тойлау арқылы біз Кеңестер одағының сол кездегі саясатын қолдаймыз ба, жоқ әлде айыптамақпыз ба?

Атырау облысының Мәдениет басқармасы бұл сұрақтарға жауап іздеп әуре болмаса керек, салтанатты шараны өткізуге облыс бюджетінен 3 500 000 теңге бөліп тендер өткізіпті. Тендердің техникалық сипаттамасында салтанатты шараның 15 ақпан күні Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының концерттік залында өтетіні көрсетілген. Сондай-ақ, тапсырысты орындаушы 50 дана шақыру билет таратып, 2 дана баннер шығарып, сахнаны безендіріп, 6 дана отшашу шашуға, т.б жұмыстар атқаруға міндеттелген.

Мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы 31 қаңтар күні анықталады.​

Бір қызығы, техникалық сипаттамада ардагерлерге 40 гүл сыйлау туралы да жазылыпты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1979-1989 жылдары аралығындағы Ауған соғысына Атырау облысынан 782 жауынгер қатысқан. Сонда атыраулық ​ 782 жауынгерден бүгінгі таңда аман қалғаны қырық-ақ ардагер ме? Мәдениет басқармасы ардагерлерге құрмет көрсетер болса, неге бәрін тұтас қамтымайды?

​Біз көкейге келген жоғарыдағы сұрақтарды Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысына жолдадық. Жауап келіп жатса, оны да жариялайтын боламыз...

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер