АРМАН ӘЛМЕНБЕТ: Калькаға иммунитеті оянбаған адам қалай ұрынғанын байқамай қалады

2372
Adyrna.kz Telegram
Фото: kopis.edu.kz
Фото: kopis.edu.kz

Тіл мәселесіндегі бір жағымды үрдіс туралы айта салайын.

Өткенде бір ағамыз "Жиырма жыл бұрын жазғандарымды оқысам, ұяламын. Бастан аяқ калька!" деді. Өзім де 2012 жылы Толстойдың күнделігін аударғанмын аздап. Кейін соны оқып, тура солай ұялғанмын.

Қалыптаса бастаған калькалардан қашып, қазақша оралымдарды іздей бастауымызға бірнеше адам себеп болды ғой деп ойлаймын. Өзім осы мәселеге келгенде бірінші кезекте марқұм Бекболат Әдетовті ойлаймын. О кісі 2010 жылдары керемет-керемет мақала жазып жүрді. Бертінде Гүлнәр Салықбай апайымыздың тізіп тұрып 7-8 қатені түзеген сөзі көп жерге тарап, үлкен пайдасын тигізді. Қайнар Олжай, Сәкен Сыбанбай ағаларымыздың тіл тазалығы жөніндегі посттары да журналистерге пайдасы ересен болғанына күмән жоқ. Батырболат Айт-Болатұлы аға ресми тілді тазалау үшін аз алысқан жоқ. Тағы да сол секілді дәл қазір менің есіме түспей тұрған немесе мен көрмей жүрген кісілер болуы мүмкін (Олардың аттарын сіздер жаза отырыңыздар). Бірақ деймін ғой, бәрінен де бұрын, тұрақты жазып, қаймықпай алысып келе жатқан бір адам болса, ол Назгүл Қожабек қой. Десте-десте мәтін оқып, соның ішінен тапқанын бізге айтып, тоқтаусыз алысып келе жатыр. Бәріміз қосылып бір "Рах-мет!" деп қойсақ та артық етпейтіндей.

Muqaba баспасынан шығуы тиіс бір кітап алдыма келген соң, басқа жұмыстардың арасында күніне 5-6 беттен болса да оқи берейінші деп ашқанмын. Ішінде ұзақ жылдар деген кальканы көріп қалдым. Қаншама жыл десе де, жылдар бойы десе де бәрі орын-орнына келе қалайын деп тұрған дүние ғой, бірақ калькаға қарсы иммунитеті оянбаған адам сөйлегенде керемет сөйлесе де, әр сөздің мәнін терең ұғынатын адам болса да жазған кезде, әсіресе аударған кезде сондай калькаларға қалай ұрынғанын байқамай қалады екен.

Қысқасы, көп жағынан зиян шегіп жатқан тіліміз қалам ұстаған орта жастағы адамдардың арасында болса да ақырындап емделіп те жатыр екен.

 

Арман Әлменбет

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер