Жоғары технология, ЖИ, кибер қауіпсіздік, тағысын-тағы мәліметтердің дені орысша таратылады

180
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8W0azV36RsDOt83dYdLi4IPPk1IwaNiCnfc9ZuMh.jpg

Сурет Тимур Бектұрдың Facebook парақшасынан алынды 

Бізде мемлекеттік деңгейде тек қана “кітап оқы”, “домбыра тарт”, “салт-дәстүр” деген сияқты әңгімелер ғана қазақша хабарланады. Ал өте жоғары технология, ЖИ, кибер қауіпсіздік, тағысын-тағы мәліметтердің дені орысша таратылады.

2011 жылдан бері ІТ тақырыпты мемлекеттік тілде қаузап келе жатқан адам ретінде осы жағдай көп жағдайда ренжітеді. Тиісті ведомстволар мен мекемелерге бұл туралы шағым айтсам, не еститінімді білгілеріңіз келе ме? “Сенің қазақ аудиторияңа бұл тақырып қызық емес. Олар бәрібір мұндай шараларға қатыспайды. Оларға басқа тақырып қызық” дейді.

“Оларға басқа тақырып қызық” дегенде қандай тақырыпты меңзеп тұрғанын айтпасам да білетін шығарсыздар?

20.000.000 қазақтың ішінен технология мен ЖИ саласын насихаттап жүрген мен сияқты 20 адамды тапсақ, кәні?

Ал менің уәжім “Қазақ аудиториясына жүйелі түрде қазақша коммуникация жасалмаған тақырыпқа, әрине, қызығушылық аз болады. Құр тақырыбы мен анонсы ғана қазақша, ал түгел шарасы мен заты орысша өтетін жерде нағыз қазақтар қалай жүреді, қалай тартылады?” деймін.

Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 35 жыл толады. Менің ІТ саласын насихаттап, дәріптеп келе жатқаныма 15 жыл болады. Республикалық деңгейде тек қана қазақша, тек қазақтар жиналған ІТ форум өткенін көрмеппін Астанада. Менің бұл сөзіме “Ана жерде анадай өтті, мына жерде мынадай өтті” деп біреулер уәж келтіруі мүмкін. Бірақ итке сүйек лақтырғандай, аз ғана ортаның кездесулерін емес, Google-ден, Amazon-нан, OpenAI мен ірі-ірі технологиялық лидер компаниялардың басшыларын жинаған шынайы кездесулерді айтып отырмын.

Мен үшін бұл өте эмоционалдық триггер беретін, ашуландыратын, ренжітетін, қапаландыратын жағдай. Бұл маған “Қазақ аудиториясы бұл тақырыпқа, мұндай деңгейдегі жиынға лайықты емес” деген нарратив пен месседжді береді.  Алайда, Фридом болсын, Каспий болсын, тіпті OpenAI-дың өзі болсын осы қазақтың ақшасына байып, осы қазақтың тиынымен күн көріп отыр.

Осылардың басы-қасында жүргендерге бірдеңе десем, “Саған не жетпейді?” дейді. Маған бәрі жетеді. Әңгіме менде емес. Мәселе, ҚР Президентінің “Қазақстан Республикасын 2029 жылға дейін цифрлық мемлекетке айналдыру” деген мақсатының ішінде қазақ халқының, қазақ жастарының, қазақ тілінің де болғанын қалаймын!

Timur Bektur

Пікірлер