Америкалық жазушы, журналист Пит Хэмиллден бір әңгіме оқыңыздар.
Олар – үш жігіт, үш қыз 34 автобусқа керекті ас-ауқатын және ішімдіктермен бірге қағаз сөмкелерін салып, Флорида штатының Форт Лаудерлейл қаласын бетке алып жолға шықты. Көздеген бағыттары – теңіз қайраңы еді. Нью-Йоркте жанға жайлы көктем өтіп, жаз шыға бастаған шақ. Бұлармен бірге жолға шыққан бір оқшау жолаушы Винго автобустың алдыңғы жағына барып отырды. Жүрісін тездеткен автобус лезде Нью-Жерси қаласын артқа тастап үлгерді. Көңілді жастар үнсіз отырған сапарластары Вингоны сөзге тартқысы келгенімен, ол онша ыңғай білдіре қоймады. Шаң-тозаң басқан бетінен оның жасын анықтау қиын болатын. Үстіне ілген қоңыр шинелі мүлде қонымсыз, арбиған саусақтарының ұшы темекіден сарғайып кеткен. Ернін жымырған қалпы құдды айналада не болып жатқанынан хабарсыз жандай түнеріп, әңкі-тәңкі күйде отыр. Ымырт үйіріле бере автобус Хорд Жонсон дәмханасының алдына дамылдады. Вингодан өзге жолаушылар автобустан түсе бастады. Көңілді жастар жол бойы үнсіз отырған сапарластарының жайын білгісі келді. «Бәлкім, ол теңіз капитаны шығар?», «Мүмкін, әйелінен айырылған жалғыз басты біреу болар?», «Әлде үйіне оралған қарт солдат па?» деген сияқты алуан түрлі болжамдар айтылды. Автобусқа қайта оралғанда, олардың араларындағы бір жас қыз Вингоның алдындағы орындыққа жайғасып, сөз бастады:
– Біз Флоридаға бара жатырмыз, сіз де сол жаққа барасыз ба?
– Білмеймін…
– Флоридаға бұрын жолымыз түспеп еді, естуімше, ол жақ көркем де келісті жер дейді.
– Солай шығар… – деді Винго сүле-сапа жауап қатып.
– Сіз сонда тұрасыз ба?
– Иә, мен сол жердегі Жексонил базасында теңіз әскері болғанмын.
– Арақ ішесіз бе? – деді қыз қоярда қоймай.
Ол күлімсіреген бейнемен қыз ұсынған бір стақан арақты қолына алып, қауып бір ұрттады да, рақметін айтып, тағы да үнсіз күйге ауысты. Қыз орнына барып отырған соң, Винго қалғып кетті. Таң атысымен олар бір-бірін оятып, таңғы ас ішуге қамдана бастады. Бұл сәтте Винго дәмханаға әлдеқашан барып алған-тұғын. Әлгі жас қыз Вингоны бірге отырып тамақтануға шақырды, бірақ ол даяшыға бір стақан қара кофе тапсырыс берді де, темекі шегіп, өз ойымен өзі әбігер болып отырды. Ал жастар жағы қайраң жағасында көңілді демалған сәттерін әңгіме етісіп жатты. Автобус қозғалғанда әлгі қыз тағы да Вингоның қасына келіп тізе бүкті. Сәлден соң ауыр күрсінген Винго басынан кешкендерін әңгімелей бастады. Ең алдымен ол өткен төрт жылда Ныю-Йоркте түрмеде отырып, жақында ғана босап үйіне келе жатқанын айтты.
– Үйлендіңіз бе?
– Білмеймін…
– Білмегеніңіз қалай?
– Түрмеде әйеліме хат жаздым. Егер шарасыз қалып, басқа біреумен отасу ойы болса әрі тұрмыстың соққысына шыдай алмаса, балаларымыз «әкеміз қайда?» деп сұрап мазаласа, мені ұмытып, қалаған адамымен отбасын құруына қарсы еместігімді айтып, маған бұдан былай хат жазбауын өтіндім. Бірақ, керісінше, ол төрт жылдан бері менің жолыма қараумен келді. Маған хат жазудан ешқашан жалыққан емес.
– Онда сіз бүгін үйіңізге қайтып барады екенсіз ғой? Неге «білмеймін» дейсіз?
– Иә, – деді ол нарау ғана. – Өткен аптада түрмеден шығатыным туралы естіген соң, әйеліме хат жаздым. Егер ол басқа біреумен отбасын құрған болса, оны түсінетінімді, ал мені әлі де күтіп жүрсе, тездетіп үйге қайтатынымды ескерттім. Біз бұрын Брансуик ауылында тұрғанбыз, ауылға кіре берісте бір үлкен емен ағашы бар болатын. Әйелім менен күні бүгінге дейін үмітін үзбесе, әлгі емен ағашының жапырақтарына сары торғын маталарды байлап қоюын сұрадым. Сары торғын көрінсе, мен автобустан түсіп, үйге баратынымды, егер керісінше болса, автобустан түспей,ары қарай өз жолыммен жүре беретінімді айттым.
– Оу!
Әсерленгені сонша, байқамай айқайлап жіберген қыз Вингоның әңгімесін достарына айтып берді. Қатты толқып кеткен Винго оларға үш баласымен, әйелімен бірге түскен суреттерін көрсетті. Осы сәтте онымен бірге автобустағылардың барлығы бар болғаны 20 шақырым қалған Брансуик ауылына тезірек жетуге асықты. Тіпті, олардың кейбіреуі оң жақ терезе қасына жайғасып, емен ағашы қашан көрінер екен деп тағатсызданып келе жатты. Көңіл күйі астаң-кестең Винго терезе жаққа қарауға батылы бармай, құдды алда кездесетін сәтсіздікке белін бекем буған кісідей жабырқау күйде отыр. Әне-міне дегенше автобус Брансуик ауылына жақындап қалды. Жиырма шақырым… Он шақырым… Бес шақырым… Сәлден соң… жастар орындарынан атып тұрды да, шыңғырып, айқайлап, кейбірі жылап та жіберді. Тек жүдеу көңіл Винго ғана әлі үнсіз. Кенет ол да емен ағашына қаз-қатар байланған сансыз сары торғындарды көрді, көрді де өз көзіне өзі сенбей отырып қалды. Жапан далада жалғыз өскен емен ағашы сап-сары торғындармен көмкеріліпті. Отыз, жоқ, елу… бәлкім жүз неше торғын болар… Сары торғынға оранған емен жапырақтары құдды «Сізді күтіп тұрмыз» ,- деп тұрғандай самал желмен баяу тербеледі. Жүздері балбұл жанған жастар әлі де айқайлап келеді. Олар автобустан түсуге қамданған Вингоның қолын кезек-кезек қысып жатты.
Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН