«Әулетімізден 26 жан теміржолда еңбек еткен»

1775
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» тілшісі бүгінгі Көлік қызметкерлері күніне орай «Қазақстан темір жолы» компаниясының Алматы бөлімшесі  қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Біржан Қапышевпен тілдесті.

Теміржолшы — темірдей тәртіпті талап ететін мамандық. Елімізде бұл саланы таңдап, ерен еңбектерімен халық алғасын алып жүргендердің қатары аз емес. Солардың бірі — 8 ғасырға тең ғұмырын теміржолға арнаған Қапышевтар отбасы.

Тәжірибелі маманның әкесі Мұрат Қапышев теміржолда 45 жыл тер төккен. Қазіргі таңда қарияның балалары да бұл салада абыроймен қызмет етіп келеді.

- Әулетімізден 26 жан теміржолда еңбек еткен. Бала күнімнен теміржолды көріп өскендіктен, бұл салаға келуім кездейсоқ болған жоқ. Апа-жезделеріміз бен ата-анамыздың мамандығына деген адалдығы, шаршамай күндіз-түні ерінбей жұмыс істеуі бізді де қызықтыратын. Кішкентайымызда біз де осындай болсақ қой деп армандап өстік. Шыны керек, теміржол саласында жұмыс істеңдер деп ешкім ешқашан үгіттеген емес. Бәріміз де өз жүрек қалауымызбен келдік, - дейді Біржан Мұратұлы.

Әке жолын жалғастырған азамат таңдаған мамандығының қиын екенін жасырмады.

- 1998 жылы Алматы теміржол колледжіне құжаттарымды тапсырып, оқуға түстім. Содан бері осы салада еңбек етіп жүрмін. 26 жыл ішінде талай қызық пен шыжықты бастан өткердім. Бұл – ауыр да, қиын сала. Десе де, абыроймен атқарған жұмысым, халықтың алғысы маған ерекше ләззат сыйлайды, - дейді ол.

Біржан Қапышев кез келген адамның теміржолшы бола алмайтынын атап өтті.

- Ең алдымен, төзім, қайрат және сабыр керек. Бұл сала тез шешім қабылдай алуды да қажет етеді. Болашақта дәл осы мамандықты таңдағым келеді деген жастар мен атап өткен қасиеттерді бойына сіңірсе, мықты маман болып шығады, - деп толықтырды ол.

Мәртебелі мамандық иесі осы саладағы кемшіліктірді, әсіресе, шойынжолда шыңдалғандардың лайықты жалақы алмайтынын айтады.

- Өкінішке қарай, теміржолшыларды даярлауда қазақша ғылыми кітаптар жеткіліксіз. Терминдердің көбі орысша, қазақша баламасы жоқтың қасы. Сол себепті өзге тілдегі кітаптарды оқуға мәжбүрміз. Айлық та теміржолшылардың жасап жүрген еңбектеріне татымайды. Мәселен, жол жөндеушілер, пойыз құрастырушылар, вагон қараушылар, машинистер қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында жұмыс істейді. Болашақта жалақы мәселесінің жақсарғанын қалаймын. Өйткені еңбек бағалануы тиіс,—деп қорытындылады Біржан Мұратұлы.

Диана Асан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер