Отбасы мен отанның ұлы адамдары

4487
Adyrna.kz Telegram

Ел ішінде отбасыны ұйытып, ұрпақ тәрбиелеп қоғамның дамуына үлес қосып жатқан қарапайым адамдардың орны бөлек. Олардың әр күні марапатқа лайық.

Жан жылуы, шексіз махаббат иесіне айналған олар ыстық ұясымен қоса сүйікті мамандық иелері. Мейлі ауылда тұрсын, мейлі қалада тұрсын – олардың қоғамда алар орны бөлек.  

ШАРШАМАЙТЫН ТІГІНШІ

Тігінші мамандығын игерген Құттықыз Тастанова – алты баланың анасы. Күніне екі мезгіл сиыр сауып, құрт-май тағы басқа түрлі  сүт өнімдерін өзі қолдан өңдеп, осы арқылы кішігірім бизнесінде дөңгелетіп отырған жайы бар.

Онымен қоса Құттықыз ханым үйіне жақын орналасқан тіс емханасында санитар қызметін атқарады.

Қалған уақытын үйінде балаларының жанында өткізеді, оларға ас-ауқатын беріп, сабақтарын бақылайды. Бос уақыт тауып тігіншілікпен де айналысады. Кешке қарай дастарқан басына барлық отбасы мүшелері жиналғанда, «осындай жан балқытар жылы ортада отырғанда, барлық шаршауым басылады» дейді ол

ҰРПАҚТАРДЫ ЖАЛҒАСТЫРҒАН ҰЛЫ ҰСТАЗ

Жанар Азходжаева 37 жыл мектепте аяулы ұстаз болып қызмет атқарған. Қазір зейнет жасына шығып, тәтті немерелерін бағады.

- Мен бала кезімде әртіс де, биші де, журналист те болғым келген. Бұрын телефон жоқ, теледидар аз көретінбіз. Содан шығар, көп әртістердің суреттерін жинайтынбыз. Әсіресе, биші Шара Жиенқұлованың билеп тұрған суреттері көп болатын. Бірақ, оқу бітірер кезімде, мен мұғалім болатынымды нақты білдім, ұстаз мамандығын таңдадым. Оған себеп болған – әкем және орыс тілі мен физика пәнінен беретін ұстаздарым.  Солардың пәнге  қызығушылық таныту қабілетіне қарап, оқушылардың тілін тауып, ақыл айтып, кеңес бергені, қарапайымдылығы, білімділігі, адамгершілігі осының бәрі маған үлгі болды! Әкем “Мұғалім болсаң, жаман адам болмайсың” дейтін. Мектепте 37 жыл ұстаз болып істедім. Алдымнан мыңдаған оқушылар өтті. Бәрі де әр түрлі мінезді, бір-біріне ұқсамайды.  Оқушыларымды жақсы көретінмін. Білім, тәрбие беруден шаршамайтынмын. Оқушыларым мені көрсе амандасып, жағдайымды сұрап тұрады. Зейнетке шықсам да хабарласып, іздеп, жазып тұрады. Бүгінде оқушыларым жақсы жұмыс атқарып жүр, тұрмыс құрып, отбасылы болды, балалары да бар. Инстаграм желісінен көрсе міндетті түрде жазады, мен болсам, марқайып, мәз боламын, - дейді ол.

Жанар ханым қазіргі ұрпақтың өз ерекшелігі бар деп сипаттайды.

- Қазіргі балалар ақылды, пысық, еркін сөйлей алады, алғыр, ұялшақ емес, бір сөзбен айтқанда - тұлға!  Әрине біздің балалық шағымызбен салыстыруға болмайды. Қазіргі заманның балалары өте дамыған, мүмкіндігі көп. Біз жас кезімізде далада өскенбіз, ойын ойнап, достарымызбен кездесіп әңгіме айтатынбыз, кітап көп оқитынбыз, кино, театрға қызығушылық қатты болатын. Үйде әке-шешемізбен, әпке-ағаларымызбен қызықты әңгіме айтып, әжеміз ертегі айтып отыратын. Әр түрлі ойындар ойнайтынбыз. Ал қазіргі балаларда қалай? Телефоннан басын алмайды, әке-анасы да көп уақытын телефонда өткізеді. Бұрынғыдай қарым-қатынас жасап, ашық әңгіме айту жоғалып бара жатқандай... – дейді Жанар ханым.  

ЖАС МАМАННЫҢ ЖАН ҚУАНЫШЫ

Емханада мейірбике қызметін атқаратын жас маман Динара Бердібаеваның бұл салада істеп жүргеніне 4 жылдан асқан. Бұл мамандықты таңдауына себепкер болған әкесіне шексіз алғысын айтып, қазіргі күні соның жемісін көруде.

- Сырқат жанына медеу іздеп келген адамдардың емделгеннен кейінгі жадыраған жүзін көру ерекше бақыт, - дейді ол.

Ұжымдағы әріптестерімен түрлі мерекелерде мерекелік дастарқан жайып, көңілді уақыт өткізеді.

Бос уақытының көп бола бермейтінін айтқан кейіпкеріміз отбасында аналық, келіндік қызметтерді де атқаратынын айтып ағынан жарылды.

Аяулы жар, мейірімді ана, пысық келін болып жүрген Динара бүгінде шексіз бақытты екенін айтады.

КӘСІПТІҢ НӘСІБІ

 

Малика Тұяқбаева – Астана қаласында түрлі нан өнімдерін шығаратын жеке меншік зауытта жұмыс жасайды. Ол бұл жұмысқа келуіне жолдас қызы себеп болғанын айтады. Бұл жерде құрбысымен бірге жұмыс жасап келе жатқанына да 5 жылдың жүзі болып қалыпты. Кейіпкеріміз жұмысы өзіне қатты ұнайтынын және оны махаббатпен орындайтынын жеткізді.

Ұжымдастарының ауызбіршілігі тамаша, жұмыста өте көңілді уақыт өткізіп, жұмыстың қиын сәттерінде сезбей қалатынын айтады. Жұмыс уақыты таңғы 8-ден кешкі 20:00 ге дейін. Екі күн істеп, екі күн демалған күндерінде Малика ханым тәп-тәтті немерелерімен серуендегенді ұнатады екен.

АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ ИЕСІ

Ұлжамал Иманалиева – мектепте ұстаз. Балалардың тілін тауып, оларға бар білген білімін үйретіп жүрген жас маман бұл салаға қалай келгенін айтып берді.

- Мен мұғалім болуды кішкентай күнімнен армандадым, себебі алғашқы ұстазым өте керемет жаны жайсаң жан болатын. Сол кісідей білімді апай болғым келді. Содан информатика пәнінен педагогикалық институтты тәмамдап, Шымкент қаласының мектептерінен жұмыс қарастырдым. 2020 жылдың жаз айларында hr процестен вакансия қараған мектептерге өтінім тастап, тесттен өтіп бір мектептің мұғалімі атандым. Мектепке бірінші келгенде әріптестерім мен оқушылар жақсы қарсы алды. Тез үйренісіп кеттім. Кейде мектептің бітпейтін қағаздарынан шаршап кететін кездеріміз болады. Әйтсе де менің жұмысым өзіме қатты ұнайды. Балаларға бар білгенімді үйретіп, санасына сіңдіргім келеді, - дейді Ұлжамал ханым.

Айгүл Жүсіп,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер