Басқа балаларына қоса үш мәрте егіз босанған Райкүл Рәпішева отбасы бақыты және бала тәрбиесінің ерекшеліктері жайында ойларымен бөліседі.
5 құрсақ көтеріп, 8 баланы өмірге әкелген батыр ана - Райкүл Рәпішева. Ол қатарынан үш мәрте егіздерді дүниеге әкеліп, «алтын алқа» иегері атанған.
Ол – 1945 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Абай колхозында өмірге келіп, 1964 жылы 19 жасында ақ келін атанған ана. Артынша 1966 жылы тұңғышын өмірге әкелген. Араға екі жыл салып ұл баланы, ал кейін үш мәрте егіз туған.Райкүл Рәпішева бүгінде 25 немере, 25 шөбере сүйіп отыр. Әжемен жақын тілдесе келе өзге де «егіздер» келін болып түскен әулетінде бар болып шықты.
- Бес құрсақ көтердім, үлкен екі балам жалқы, сосын қатарынан үш егіз босандым. Алғашқы екі баламнан кейін 1970 жылы – дүниеге Асан, Үсен деген екі ұлым, 1972 жылы – Ержан, Нұржан, ал 1975 жылы – Гүлмира, Эльмира деген екі қызым келді. Ене жоқ, қайынсіңлі жоқ, күйеу жұмыста, жалғыз өзім бәріне үлгердім. Бала да тудым, жұмыс та істедім. Үйде бір-бір жылдан ғана отырдым. Балабақшаға бердім. Балаларды оқыттым, өсірдім, өндірдім, жұмыста озат болдым. Мен егіз туып ем,әрі қарай жалғасты. Үлкен қызымда, немеремде егіз бар, - дейді әжей.
«ЕГІЗДЕРГЕ КӨЗ ТИДІ»
Райкүл әже егіз қыздарының тағдырына қынжылады. Қатар-қатар дүниеге егіз балалар дүниеге келген соң, көз тиді ме деп те қауіп қылады.
Кенже егіздер Гүлмира мен Элмираның бірі жеті айында шетінеп кетіпті. Ал екіншісі 46 жасында өмірден өтіпті.
- Дәрігеріміз неміс кісі еді. Ол сол кезде «жұрттар бір балаға қарай алмайды. Ал оның екі баласы бар, таза, аппақ, әдемі» деп еді. Содан ба деймін, қызыма қатты көз тиіп, сол күні шетінеп кетті. Екінші сыңары 46 жасында қайтыс болды, - деген әже жүректегі мұңды жасырмады.
Райкүл Рәпішева балаларға қатал болып, қатал тәрбиелегенін де жасырмады. Алғашқы үш баланы Алматыда оқытып, егіздерді Мәскеуге де білім алуға жіберген. Олар зоотехник мамандығын алған. Ал кенже егіз ұлдар әке жолын қуып, жүргізушіболып қызмет етіп жүр.
«КЕЛІНДЕР ТІРЛІГІНЕ АРАЛАСПАЙМЫН»
Ақ жаулықты Райкүл әже 34 жыл бұрын енеатанған. Бүгінде 5 келіннің басын біріктіріп, тату-тәтті өмір сүруде. Қоғамның өзекті тақырыбына айналған ене мен келін арасындағы дауды да түсінбейтінін айтты.
- Туған балаларымнан 5 келінім бар. Немере келіндерімнен – төртеу. Бәрі маған қарап сөйлемейді, келіндерімнің бәрі алтын, жақсы. Енеге қарап сөйлемей, жағдайын жасаса, сіз-біз десіп жүрсе өмір өте береді. Келіндерге мен сөйлемеймін, олар «апа, әже» деп сыйлайды. Олардың тірліктеріне араласпаймын, оның не керегі бар? Ене мен келіннің бір-бірімен қарсы сөйлесуі болмайды. Келіндеріме «балам ашуланып келе жатса, үндемей қоя сал. Сонда үйде береке болады» деп жиі айтып отырамын. Сонымен келіндерім маған да, балаларыма да қарсы келмейді. Ұрыс-керіс жоқ. Алғаш ене атанғаныма 34 жыл болды. Бәрі өсіп-өніп жатыр. Келіндерім жұмыс істейді, отбасына үлгереді. Немерелерім әже-әже деп шулап өсіп жатыр. Мерекелерде бала-шағамның бәрі алдыма келіп құттықтап кетеді, - дейді ол.
ЖАРТЫ ҒАСЫР БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА
Райкүл Рәпішева жұмыс істеп жүріп, 19 жасында жұбайы Тұрсынқұлмен отау тіккен. Екеуі аудан орталығындағы Жамбыл құс фабрикасында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шықты. Ерлі-зайыптылар 50 жыл бір шаңырақ астында қол ұстасып өмір сүрген. Жолдасы 72 жасында немере-шөберенің біразын көріп, 2014 жылы өмірден озыпты.
- Ол кісі жүргізуші болып, Абай колхозында жүргенде танысқанбыз. 30 жасыма дейін 8 балалы болдық. Біздің кезде қазіргідей памперс, дайын тамақ деген болмаған. Ақыл айтатындай енем мен жәрдем қылар қайын сіңілім болмады. Шалым да жұмысқа кететін. Бір жасына дейін қарап, кейін балабақшаға апарып тастап, жұмыс істедім. Декретте отырған емеспін. Ол кезде 1 жыл ғана еді. Уақыт таптық, Бізге ешқандай қиын болған жоқ, бәрінің жағдайын жасадық. Үйлендіріп, аяқтандырдым, - дейді Райкүл әже.
Отбасы мен жұмысты қатар алып, әулеттің түтінін биік ұшырған әже "Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалі мен "Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін", "Байзақ ауданына сіңірген еңбегі үшін" төс белгілерімен марапатталған.
ПЕРЗЕНТ ТІЛЕГІ
Әжейдің ұлы Асан Рәпішев анасының ерекше жан екенін айтып, қатарынан үш рет егіз босанған адам кемде кем дейді.
- Менің алтын анам 30 жасына дейін бір емес, бірнеше рет, қатарынан үш мәрте егіздерді дүниеге әкелді. Мұндай ана менің білуімше, Қазақстан бойынша біреу-ақ. Бұл өмірде мен анама қолымнан келген бар жақсылықты жасағым келеді. Батыр анамды бүкіл қазақ елі білсе екен деп армандаймын. Біз балалары ер жеттік, алдымыз 50-ден астық. Соның өзінде анамыз бізді күнде іздеп тұрады. Бізді әлі баладай көреді. Анамның шаршамай, талмай бізді бағып өсіргеніне басымды иемін. Аралары екі-үш жас, оның үстіне қатар-қатар егізбіз, әкеміз ертелі-кеш жұмыста, бала тәрбиесімен де өзі айналысқаны нағыз ерлік емей немене?! - дейді ұлы Асан Рәпішев.
5 рет құрсақ көтеріп, 8 баланы босанған әже Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Көктал ауылының тұрғыны. Биыл Райкүл Рәпішева 80 жасқа толып, ағайын-туыстың алдында үлкен мерейтой жасамақ ниетте екенін жеткізді.
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы