Сәрсенбіде Астанада «Отандастар» форумы өтеді. Не талқыланады?

2609
Adyrna.kz Telegram
фото: Elorda.info
фото: Elorda.info

11 қазан күні Астанада «Отандастар» форумы өтеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Астана ақшамының мәліметіне сәйкес, форумға тек этникалық қазақтар ғана емес, Қазақстанда кіндік қаны тамған азаматтар мен олардың ұрпақтарын қамтыған 300-ден артық қонақ шақырылған. Олардың қатарында мемлекет қайраткерлері, депутаттар, шетелдегі қазақтармен жиі қарым-қатынас орнатып, олардың талап-тілектерін билікке жеткізуге күш салып жүрген азаматтар, шетелден көшіп келген ақын-жазушы, ғалымдар, саясат, мәдениет, ғылым, білім, медиа, бизнес саласының өкілдері бар.

Аталған форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен ынтымақтастықты талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясат пен саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты; шетелдегі қазақ жастарына Қазақстанда сапалы білім алуда және өз қабілеттерін іске асыруда, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Астанада өтетін бұл форумда шет елдердегі қандастарға креативтік индустрия, медиа, мәдениет, кәсіпкерлік салаларындағы тың трендтер, еліміздің инвестиция­лық ахуалы мен соны бастамалары таныстырылмақ. Шет елдердегі қазақ ұйымдарының басшылары мен отандық түрлі сала өкілдеріне бір-бірімен байланыс орнатуына, тәжірибе алмасуына жағдай жасалмақ. Сонымен қатар «Отандастар қоры» КЕ АҚ жаңа жобаларының тұсаукесері өтіп,  «Ұлы дала» жобасы аясында 11 кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізу шаралары жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Қазақстаннан бөлек, биыл«Отандастар қоры» шетелде бірнеше шара өткізген. Оның ішінде Германияның Кёльн қаласында Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өткен. Бұл құрылтайға Қазақстаннан қолөнер шеберлері, ұлттық спорт ұйымдарының өкілдері барған. Маусым айында Ресейдің Мәскеу қаласында Ресей қазақ ұйым­дары белсенділерінің басқосуы өтсе, шілде айында Моңғолияда кіші құрылтай болған. Алдағы уақытта Қытайда шығармашылық форматта іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Осы тұста «Отандастар қоры» КЕ АҚ президенті Абзал Сапарбекұлы қор жұмысын жетілдіру жолында атқару керек жұмыстарды атап өтті.

«Еліміздің кейбір заңдарында шетелдегі қазақтарды қолдау бойынша бірқатар баптар, тармақтар енгізілген. Бірақ шетелдегі қазақтармен болған байланысты біріздендіру үшін шетелдегі қазақ диаспораларына қатысты арнаулы заң немесе құжат қабылдау керек. Бұл мәселе де мемлекеттің назарында, алдағы уақытта шешімін тапса, біздің шетел қазақтарымен жұмыс жасауымызға аса тиімді болар еді. Осыдан бұрын Үкіметтің этникалық қазақтарды қолдауға байланысты іс-шаралар жоспары қабылданған болатын, оның 2022 жылы мерзімі бітті. Қазіргі таңда жаңа іс-шаралар жоспары қарастырылу үстінде, биыл жыл соңына дейін қабылданады деген ойдамыз», - дейді қор президенті.

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер