Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықтың маңызын атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Президенттің айтуынша, 16 желтоқсан — халқымыздың тарихи таңдау жасап, егемен ел ретінде даму жолын түпкілікті айқындаған күні.
"Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, осы ұстанымға адал боламыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент азаматтардың ынтымағы мен өзара қолдауының, сондай-ақ қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың арқасында Қазақстан тәуелсіздікті нығайту жолында елеулі жетістіктерге жеткенін атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде елдің бірлігі мен сенімі ерекше маңызды.
Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар Қазақстанның жаһандық беделі мен бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталғанын айтты.
"Стратегиялық бағдарымыздан ауытқымай, Әділетті, Күшті, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға бақ-береке мен табыс тілеп, Тәуелсіздіктің мәңгі болуын тіледі.