Солтүстік өңірлерге қоныс аудару тәртібі өзгереді. Жаңа талаптар қандай?

105
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/yNn9iOJUTrV17wluopXcX85Pgmyl0XyWXlhF7pgg.webp

Фото: Turkystan.kz 

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның солтүстік аймақтарына қоныс аудару бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды "Адырна" порталы «Хабар» агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Жаңа ережелерге сәйкес, солтүстікке көшетін азаматтарға мемлекеттік қолдау бірнеше бағыт бойынша көрсетіледі. Атап айтқанда, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Бұдан бөлек, тұрғын үйді жалдау шығындары өтеліп, шамамен 7 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификатын алу мүмкіндігі қарастырылады. Сондай-ақ жаңа қоныстанушыларды жұмысқа орналастырған кәсіпкерлерге субсидия беріледі.

Алайда енді мемлекеттік қолдау қаражаты кезең-кезеңімен төленеді. Бағдарламаның басты талабы – көшіп барған азаматтардың жаңа тұрғылықты жерінде кемінде бес жыл өмір сүруі. Егер бұл міндеттеме орындалмаса, мемлекеттен алынған қаражат толық көлемде кері қайтарылуы тиіс.

Тағы бір маңызды өзгеріс – Петропавл қаласы қоныс аудару бағдарламасының аумағынан шығарылады. Енді оңтүстік және еңбек күші артық өңірлерден көшіп келетін азаматтар Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық елді мекендеріне ғана орналастырылады.

Сонымен қатар қоныс аудару үдерісін бақылау цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл тетік мемлекеттік көмектің берілуінен бастап, азаматтардың жұмысқа орналасуы мен жаңа өңірде тұрақтап қалуына дейінгі барлық кезеңді бақылауға мүмкіндік береді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылдан бері еңбек күші артық аймақтардан Қазақстанның солтүстігіне шамамен 75 мың адам қоныс аударған. Осы мақсатқа бюджеттен 27,5 миллиард теңге бөлінген. Дегенмен көшіп келгендердің 10 мыңнан астамы, яғни әрбір жетінші адам, кейін бұрынғы тұрғылықты жеріне қайта оралған.

Солтүстік Қазақстан облысында демографиялық ахуал әлі де күрделі. Ресми мәліметтер бойынша, соңғы бес жылда өңірден 140 мыңнан астам адам көшіп кеткен.

Биыл көші-қонның теріс сальдосын 47 пайызға азайтуға қол жеткізілгенімен, облыстан кетушілер саны әлі де келушілерден басым. Өңір тұрғындары көбіне Ақмола, Түркістан облыстарына және Астана қаласына қоныс аударуды жөн көреді. Ал шетелге көшетіндер арасында Ресей, Германия мен Польша жиі таңдалатын бағыттар қатарында.

Халық санының азаюы ауылдық жерлерге де кері әсерін тигізіп отыр. Тұрғындар көшкен сайын елді мекендер босап, мектептердегі оқушылар саны қысқаруда. Соның салдарынан кейбір білім беру ұйымдары жабылып, жекелеген ауылдар біртіндеп жойылып барады.

Соңғы бес жылдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысының халқы 29 мың адамға азайған. Ал ресми әкімшілік-аумақтық есеп бойынша ауылдық елді мекендердің саны 45-ке қысқарған.

Осылайша, жаңа өзгерістердің негізгі мақсаты – солтүстікке көшіп келген азаматтардың уақытша тұрақтамай, өңірде ұзақ мерзімге орнығуын қамтамасыз ету және ауылдық аумақтардың демографиялық жағдайын жақсарту.

Пікірлер