Декларация жобасындағы тіл туралы бап қайда кетті?

3262
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның СССР құрамынан шықпай егемендік жариялап, арнайы декларация жариялауы сол кездегі баспасөзде қалай көрініс тапты? Кейбір газетте декларация детальдары қозғалса, тағы бір басылымдар ондағы дау-дамай жайында жазған.

Совет одағы құрамындағы Қазақстан 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылдады. Онда «Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы - егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi және олармен өзара қатынастарын шарттық негiзде құрады» деп атап көрсетілді.

Құжатта «Қазақ ССР-інің Одақтан еркiн шығу правосын өзiнде сақтап қалатыны» айтылған. Декларация бойынша, Қазақ ССР-інің мемлекеттiк өкiмет билiгi «Республика iшiнде, сондай-ақ Одақтық шартта белгiленген шеңберде» дербес, толық болуға тиіс еді. Дегенмен онда кейбір өкілеттіктің Мәскеудегі орталықпен ақылдасып шешілетіні де атап көрсетілген. «Қазақ ССР Бас прокурорының кандидатурасын Республика Президентi ССРО Бас прокурорымен келiсе отырып ұсынады және Қазақ ССР Жоғарғы Советi бекiтедi» делінген құжатта.

ТАҒДЫРЫ БӨЛЕК «РЕСПУБЛИКА КҮНІ»

Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданған күн, 25 қазан кейін Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданған күн, 25 қазан кейін 1995 жылы 18 қазанда «Республика күні» ретінде аталды.  2001 жылы қабылданған заң бойынша 25 қазан мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіліп, Республика күні атаусыз қалды.

Дегенмен 2022 жылы маусым айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған «ұлттық мейрам» мәртебесін беру қажет екенін мәлімдеді. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді», - деген болатын президент сол жылы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында. Содан бері Республика күні 25 қазанда ұлттық мереке ретінде атап өтіледі. Айта кету керек, бұл күн – еліміздегі жалғыз ұлттық мереке.

34 жыл бұрын қабылданған декларацияның тарихи мәні зор. Қуанышты жаңалықты сол уақыттағы газеттер жарыса жазды.

ЕЛУГЕ ЖУЫҚ МӘСЕЛЕНІҢ ІШІНДЕГІ МАҢЫЗДЫСЫ

Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданған күннің ертеңіне, 26 қазан күні «Социалистік Қазақстан» газетінің №247 санында «Егемендігің құтты болсын, елім!» деп, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екінші сессиясы Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, дәл осы санында «Егемендік ел үміті еді» деген тақырыппен газеттің парламенттегі тілшілері (Г. Еңсепова, Ә.Әлібеков) дайындаған репортажды да ұсынған. Онда Қазақ ССР Декларациясының толықтырылған жобасын талқылағаны жайлы жазылған. Декларацияның әрбір сөйлеміне мән беріп талқылағанын айта келіп, сол кездегі депутаттар – Алтыншаш Жағанова, Сұлтан Сартаев және Қадыр Мырзалиевтен алған сұқбаттарды қоса берген. Олардың айтуынша Жоғары Советтің кешкі мәжілісінде Декларацияның әрбір статьясы жекелей дауыс беру арқылы қабылданған.

Бұл күні «Лениншіл жас» газетінде Ғалымжан Мелдешовтің «Парламент парасаты» атты мақаласы жарияланды. Мақалада Қазақ ССР Жоғары Советінің екінші сессиясының жұмыс барысы талданып, депутаттардың күн тәртібіндегі елуге жуық мәселені талқылау керек екені жазылған. Автордың айтуынша, республиканың егемендігі туралы Декларацияның және талқыланған кейбір құжаттардың  жобалары депутаттардың көпшілігінің көңілін көншіте қоймаған. Мұның айғағы – талқыланған құжаттар төңірегінде өрбіген пікірталастардың дау-дамайға ұласып кетуі.

«Лениншіл жас» газеті 27 қазан күнгі №207 санында «Егемендігіңмен!» атауымен Жоғары Советтің Декларацияны қалай талдағанын айта келіп, депутат Мұхтар Тінікеев пен Сергей Субботиннің пікірлерін ұсынған. Депутаттар құжатты қажет уақытта қабылданғанын алға тартып, оның елдегі барлық ұлт өкілінің тең праволы дамуын қамтамасыз ететінін айтқан.

Ал, «Социалистік Қазақстан» газетінің сол күнгі сынында Декларацияның  1 ай бұрын баспасөз беттерінде жарияланған нұсқасымен қабылданған құжаттың арасындағы айырмашылықтарға шағын талдау жасаған. Мәселен, алғашқы нұсқада қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі – ұлтаралық қатынастар тілі деген тұжырым болған. Жаңа қабылданған Декларацияға бұл бап енбеген. Оның себебін тіл туралы арнайы заң болғандықтан, қайтып оралудың жөні жоқ деп түсіндірген газет. Аталған басылым Декларация қабылданғанға дейін оның жобасын талқылап, түрлі ұсыныстарды жариялап отырған. Соның бірі тіл мәселесі болатын.

Ал 1989 жылдың 22 қыркүйегінде «Тілдер туралы» заң қабылданғаны белгілі. Осы заңда сол кездегі Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі ұлтаралық тіл деп бекітілді. Ал кейін қабылданған тәуелсіз Қазақстанның Конституциясына «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген нұсқа қабылданғаны белгілі.

СЫНДАРЛЫ ШАҚТАҒЫ 6 САҒАТ

1990 жылы 28 қазан күні «Казахстанская правда» газетінің №248 санында еліміз үшін маңызды саналатын ресми құжаттың орыс тіліндегі толық нұсқасы алғаш рет жарияланды. Ал қазақшасы 30 қазан күні «Лениншіл жаста» жарық көрді. Сонымен қатар, аталған екі газет Қазақ ССР ғылым академиясының академигі, халық депутаты Салық Зимановтың Декларацияның маңызын түсіндіретін мақаласын қазақ, орыс тілдерінде жарыса жариялады.

С.Зиманов бұл мақаласында «Көптеген хаттар, коллективтік үндеулер мен телеграммалар келіп түсті. Оларды Декларацияның жаңа нұсқасын әзірлеу үшін арнайы құрылған комиссияның мүшелері егжей-тегжейлі зерттеп, Жоғары Советке баяндады. Бұл құжат парламент сессиясында мұқият қаралды. Мұның өзі он күнге таяу созылды. Соңғы нұсқадағы Декларация жобасын баптар бойынша талқылаудың өзіне 6 сағат уақыт кетті», - деп жазады.

Сондай-ақ ол Республикамыздың Егемендік Декларациясын кеш қабылдауының артықшылығы мен кемшілігін саралайды. Оның айтуынша басқа елдердің қателіктері мен тәжірибелерін ескеріп, сабақ алуымызға мүмкіндік болды. Соның арқасында ұлтаралық шиеленіс туындамайтындай шешімдер қабылданған.

Содан да болар, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 12 бабы мынандай нұсқада қабылданды. «Өздерiнiң ұлттық-мемлекеттiк және автономиялы құрылымдарынан тыс Қазақ ССР-інде тұратын немесе Одақ территориясында ондай құрылымдары жоқ ұлттар мен ұлыстардың өкiлдерiне қоғам өмiрiнiң барлық салаларында праволық теңдiк пен тең мүмкіндiктерге кепiлдiк берiледi» делінді.

Декларацияда бұған қоса «Қазақ ССР территориясында, оның өз еркiмен Одаққа берген мәселелерiн қоспағанда, Қазақ ССР Конституциясы мен заңдарының үстемдiгi орнатылатыны» айтылған.

Сол кезде қалыптасқан ахуалға байланысты мына мәселе де назардан тыс қалмаған. «Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлерi (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалар) үшiн сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс iстеуiне тыйым салынады» делінген декларацияда. «Қазақ ССР-і одақтық органдардың, одақтас республикалардың және өзге мемлекеттердiң iс-қимылынан, сондай-ақ өз территориясындағы ядролық және басқа полигондардың, әскери-өнеркәсiптік кешен объектiлерiнiң қызметiнен Республика халқының денсаулығына, табиғи ортасы мен экономикасына келтiрiлген зиянды өтетіп алуға праволы» екені жазылған осы құжатта.

Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi «қажетiн қанағаттандыруға» қамқорлық жасалатыны да осы құжатта атап көрсетілген.

Декларацияның соңғы баптарында былай делінеді. «Республиканың егеменді праволарын қорғауды Қазақ ССР-і мен Одақ жүзеге асырады. Республиканың ажырағысыз правосын құрайтын мәселелерді шешуге араласудың қандайы болса да оның егемендігін бұзу деп бағаланады», «Декларация Одақтық шарт жасау, Қазақ ССР-інің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде Республиканың статусын жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеу үшін негіз болып табылады».

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер