Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы жаңадан сайланған академиктерді ғылыми қоғамдастыққа ресми таныстыруға арналған салтанатты іс-шарасын өткізді.
Іс-шара барысында Қазақстандағы ғылымның дамуына зор үлес қосқан Ұлттық ғылым академиясының жаңадан сайланған толық мүшелері, академиктер ресми түрде таныстырылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Ахмед-Заки Дархан Жұмақанұлы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Қалдыбеков Азамат Бескемпірұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының бірінші басшылары, жас ғалымдар кеңестерінің мүшелері, бизнес, өндіріс өкілдері, жетекші отандық ғалымдар, жаңадан сайланған академиктердің туыстары, әріптестері және БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан Академия Президенті А.Күрішбаев биылғы жылдың отандық ғылым үшін маңыздылығына, көптеген оқиғаларға толы болғанына тоқталды.
А.Күрішбаев атап өткендей: «Өздеріңіз білетіндей, ғылымның заманауи заңнамалық базасы құрылды, Мемлекет басшысы тапсырған Ұлттық ғылым академиясының ғылыми ой орталығына айналуы үшін оның қызметін түбегейлі өзгерту бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Қазір Академия ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсене айналысатын жетекші ғалымдардың арқасында, құрамы үнемі жаңарып отыратын жоғары ғылыми ұйымға айналды.
Ғылыми қызметті ұйымдастырудағы бар олқылықтарды анықтау және толтыру, жүйелі және болжамды талдау негізінде ғылыми зерттеулердің басымдықтарын анықтау, сондай-ақ форсайттық зерттеулер, стратегиялық маңызды интеграцияланған пәнаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзірлеу, мемлекеттік саясатты ғылыми-сараптамалық қолдау мақсатында Қазақстанның жетекші ғалымдарын біріктіретін негізгі миссияны орындауға бағытталған Ұлттық академияның жаңа құрылымы құрылды. Тек осы жылдың басынан бастап 30-дан астам өңірлік және салалық форсайт-сессиялар өткізілді, олардың қорытындылары ағымдағы жылдың 12 желтоқсанында өткен қорытынды форумда талқыланды. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша ғылыми зерттеулер үшін 200 перспективалық міндет тұжырымдалды.
Үстіміздегі жылы академия жанынан құрылған талдау орталығы отандық ғылымның жай-күйін талдап, елдің ғылыми әлеуетінің дерекқорын жасады. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың 113 ғылыми-техникалық тапсырмасына сараптама жүргізілді. Өңірлік ғылымның жай-күйі талданып, оның қорытындысы бойынша 4 өңірде Ұлттық академия Төралқасының көшпелі отырыстары өткізіліп, оны дамыту бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті ұсынымдар берілді. Салалық министрліктерге көмек ретінде аграрлық және медициналық ғылымды дамыту бойынша ұсыныстар мен жол карталары жасалды. 3 ірі интеграцияланған ғылыми-техникалық бағдарлама әзірленді. Академия жанынан алғаш рет жас ғалымдар кеңесі құрылып, Қазақстанның жас ғалымдарының Бірінші Конгресі өткізілді. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде әлемнің жетекші ғылыми ұйымдарымен 27 меморандумға қол қойылды. Олардың негізінде неміс, корей және қытай ғылыми құрылымдарымен бірлескен 3 халықаралық ғылыми орталық ашылды, сондай-ақ АҚШ және Қытай ғылым академияларымен 3 халықаралық ғылыми жобаны іске асыру басталды".
Ол жаңартылған Ұлттық академия мүшелерінің жауапкершілігіне назар аударып, олардың белсенді шығармашылық қызметі арқылы ең өзекті сұрақтарға жауап табуы тиіс екенін және осы арқылы отандық ғылымды қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналдыру керектігін атап өтті.
Ол сондай-ақ академиктерді сайлау процесіне тоқталып өтті: «Мемлекет басшысы академия мүшелерін сайлау барынша ашық және әділ өтуі керектігін, оның процедуралары туралы қоғам хабардар болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Осы талапты орындау мақсатында академия мүшелерін сайлаудың жаңа ережелері әзірленді, оған сәйкес іріктеу процедурасы 3 кезеңнен тұрады. Бұл белгіленген критерийлерге сәйкес келу, Ұлттық академия Президиумында өз бағдарламасын қорғау және академия мүшелерінің жалпы жиналысында дауыс беру арқылы сайлану кезеңдерінен тұрады. Сонымен қатар, академия мүшелері мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер яғни ғылыми-зерттеу қызметімен айналыспайтын тұлғалар бола алмайды. Бүгінгі таңда Ұлттық академия мүшелерін сайлаудың негізгі ережелері осындай, және біз оларды қатаң сақтаймыз. Бүгін біз сіздерге жаңадан сайланған академиктерді таныстырамыз. Олар – қазақстандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан қоғамға танымал ғалымдар».
Іс-шараның кульминациясы жаңадан сайланған академиктерге диплом тапсыру рәсімі болды, содан кейін академиктер сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 23 қыркүйектегі № 457 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау ережесіне сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы академиктерінің жалпы жиналысының шешімімен, төмендегілер академик болып сайланды:
- «Өмір және денсаулық туралы» ғылымдар бөлімшесі («Медина және денсаулық сақтау» бағыты)
- Пя Юрий Владимирович;
- Кайдарова Диляра Радиковна.
- «Жер, ғарыш және коммуникациялар туралы» ғылымдар бөлімшесі («Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар» бағыты)
- Калтаев Айдархан;
- Телтаев Багдат Бурханбайулы;
- Бакенов Жумабай Бекболатович;
- Батырбекоа Эрлан Гадлетович.
- «Агробиоресурстар және экология туралы» ғылымдар бөлімшесі («Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдар» бағыты)
- Орынбаев Мухит Бармакулы.
- «Білім мен қоғамды дамыту туралы» ғылымдар бөлімшесі («Әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар және өнер» ғылым бағыты»)
- Таймагамбетов Жакен Кожахметович.
Отандық ғылым тарихында алғаш рет ғылымды насихаттауға белсенді үлес қосқаны үшін БАҚ өкілдері Қ.Сәтбаев атындағы мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды. Іс-шара Алматы қаласы Мәдениет басқармасы дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.
Бұл оқиға Қазақстанның ғылыми қауымдастығы үшін үлкен маңызға ие, өйткені ол көрнекті ғалымдардың жетістіктерін атап өтіп, елдің дамуына ғылымның маңызды рөлін айқындайды.